Өңірлік коммуникациялар қызме-тінде өткен брифинг барысында Ақсу қаласының әкімі Балғабай Ыбыраев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында былтыр атқарылған және биылға жоспарланған істермен бөлісті. Бұл тұрғыдан алғанда өңірде ел ішінде есімдері кең тараған тұлғаларға құрметтің жоғары екені анық байқалады. Айталық, өткен жылы Тілеуімбет батыр жерленген Жолқұдық ауылындағы зиратқа демеушілердің қаржысы есебінен ескерткіш тақта орнатылды. Биыл зират маңын абаттандыру жоспарланып отыр. Осы жылы Мерғалым қажы зиратының аумағы, қазақ халық композиторы, ақын Иманжүсіп Құтпанұлының туған жері абаттандырылып, Алтыбай көлі аумағында «Алтыбай» жазбасы жазылған ескерткіш тас орнатылмақ.

Мәдениет, спорт, білім саласында да айтарлықтай істер атқарылды. Мәселен, «Мектебіме тағзым» аймақтық жобасы аясында түлектер жалпы сомасы 19 млн. теңгеге материалдық көмек көрсетіп, соның нәтижесінде бірқатар оқу орнының терезелері ауыстырылып, алаңдары көріктендіріліп, қажетті құралдармен толықты.

Бұл ретте Ақсу қаласындағы мектептердің оқушыларын жазғы демалыс кезінде ауылға апарып, елді мекеннің тыныс-тіршілігімен таныстыру жобасы көпшіліктің қызығушылығын тудырғанын атап өткен жөн.

- Былтыр қалалық 100 оқушы Евгеньевка ауылына барып, ондағы шаруашылықтардың, спорт және мәдениет нысандарының жұмысымен танысты. Ауылдың үлкендерімен кездесулер ұйымдастырылып, салт-дәстүрлеріміз туралы мол мағлұмат алды. Мұндай танымдық шара шәкірттердің көңілінен шығып, биыл да жалғастыруды жөн деп шештік, - дейді Б.Ыбыраев.

Бірақ биыл шаһар балалары Мәмәйіт Омаров ауылына ат басын бұрмақ. Ауылда екі бірдей киіз үй тігіліп, жазғы демалыс кезінде 100 оқушы демалады. Оған қоса, елді мекендегі күнделікті күйбең тіршілікпен жақынырақ танысады.

Жалпы, Ақсу қаласының басшылығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы белгілеген шараларды ысыраппен емес, осындай пайдалы, мән-маңызы жоғары шаралармен сабақтауды құп көреді.

- Мақсат - аста-төк той жасау емес, ұлттық кодымызды сақтау. Өскелең ұрпаққа өлкеміздің тарихын, өңіріміздің дамуына үлес қосқан азаматтардың өмір жолын, халқымыздың ұлттық құндылықтарын таныстырып, насихаттау. Бұл ретте өзге ұлт өкілдерінің мәдениеті мен салт-дәстүріне де құрметпен қарап, бағалауымыз керек екенін естен шығармаған абзал, - дейді шаһар басшысы.

Айта кетелік, өткен жылы Ақсу өңірінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында 70 шара ұйымдастырылып, оған 25 мың- нан астам адам қатысты. Бұл шараларға шамамен 45 млн. теңге жұмсалды. Бұл соманың жартысынан астамы - демеушілердің бөлген қаржысы.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz