Ол осынау ата кәсіппен бала кезінен бастап айналысып келеді. Айтуынша, бұл өнер арғы аталарынан дарыған екен.

- Тазы баптау - бабаларымыздан бері ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан қасиетті өнер. Әкем 9 жасынан бастап саятшылықпен айналысқан. Оның негізгі кәсібі әрі сүйікті ісі - аңшылық. Саналы ғұмырын осы кәсіпке арнады. Соның арқасында елге танылды. Құсбегілік өнерімен көптеген сайыстарға қатысып, алтыннан медаль тағынды. Тіпті, әкей - 1969 жылы Мәскеуде өткен дүниежүзілік биолог-аңшыларының ІХ әлемдік конгресіне Қазақстанның атынан қатысқан жалғыз адам. Ол осынау ауқымды шара барысында өзінің «Қандыбалақ» атты қыранымен бүркітшілер сайысына қатысып, бірінші орынды жеңіп алды. Жалпы, халқымыз итті жеті қазынаның біріне балаған. Әкем де тазыны қатты құрметтейтін. Өзіне ас ұсынғанда алдымен итке ауыз тигізетін. Демек, тазының алар орны ерекше болғаны ғой... Тіпті, кезінде иттерімізге арнап апта сайын бір жылқы сойып, етін беретінбіз. Айта берсек, әкемнің итбегілік, құсбегілік өнері туралы әңгіме өте көп. Менің де аңшы атанып, қыран бүркіт пен тазы ит баптап жүргенім – әкемнен дарыған өнер деп білемін, - дейді Бошан Мауияұлы.

Бала кезінен бастап аңшылық өнерді өзіне серік еткен Бошан аға қазіргі уақытта қала шетіндегі Кенжекөл ауылында тұрып жатқандықтан ата кәсіппен жүйелі түрде айналысуға мүмкіндік бола бермейтінін айтады.

- Тазы итті байлап ұстауға мүлдем болмайды. Ол бос жүріп, еркіндікті сезініп өсуі керек. Өкінішке қарай, өзім қалаға жақын ауылда тұрғандықтан құмай тазыларымды бос жібере алмаймын. Бос жүрсе, арнайы мекеме қызметкерлері атып кетеді. Сондықтан барлық итім қыр жақта. Баянауылдағы тазылардың бәрі біздікі десем де болады. Негізінен, тазы ит аттың тізесінде жүруі тиіс. Сонда ғана шынығып, аң аулайды. Оның үстіне қазір заңсыз аң аулауға тыйым салынды. Осы жағдайдың бәрі азулы тазылар қатарының сиреуіне әсер етпей қоймайды. «Батыр майданда шынығады», - демекші, ұшқыр тазы да нағыз жыртқыштардың арасында жүріп жетілуі тиіс, - дейді ол.

Ит баптау өнерінің қыр-сырын бір кісідей меңгерген Бошан Мауияұлы тазының өзге жануарларға ұқсамайтын ерекше қасиеттері өте көп екенін айтады. Оның сөзіне қарағанда, ит тұқымдастарының ішінде тазы ғана аң аулайды. Олардың ішінде қоян, түлкі, ақ бөкен алмақ түгілі қасқырдан тайсалмайтын, қабан қуатын құмай тазылар да болады екен.

- Әркез адамның ең жақын серігіне айналған ерекше жануарлардың сыры көп. Тіпті, олардың әрқайсысы аң аулағанда түрлі әдісті қолданатынын көпшілік біле бермейді. Бірі жыртқыштың белінен тартып, жұлмалап, омыртқасын үзіп жіберсе, енді бірі алқымынан алып, тілерсегін қиып, «олжасының» соңғы демі үзілгенше жібермей ұстап тұрады. Әлі есімде... Бала кезімде үйдің сыртында қазіргідегідей қоршау болмайтын. Яғни, айналамыз ашық-шашық тұра беретін. Бірде есік алдында тазы итіміз жүрді. Анадайдан жайылып, үйге жақындаған жылқыны көріп, құйыршығынан бас салып тістеп, жібермей ұстап тұрды. Әлгі жылқыны қамшылап айдағанымызбен, орнынан қозғала алмай қалды. Міне, осыған қарап, тазы иттің мықтылығын, қарымдылығын, қара күшінің көп екенін байқауға болады.

Сөз басында айтып кеткенімдей, қазіргі уақытта иттердің бәрі қырда, үйімде тек бір ғана қаншық тазым бар. Бірде соны көрген бір жігіт маған: «Аға, тазыңды байқа. Менің дәу иттерім талап жеп қоймасын», - деді. Сөйтіп, әлгі азамат үлкен екі итін ертіп келді. Тазыны көрген жануарлар сол жерде бұғып жата кетті. Бұл нені білдіреді? Нағыз тазы итте қасқырдың мысы болады. Мысы жеңген сайын ол қайраттанады. Оны өзге жануарлар сезіп, қарсы келуге батылы жетпейді, - дейді Бошан Әбікеев.

Әке жолын қуған ұл кезінде құсбегілікпен де айналысып, талай сайыстарға қатысқан. Ол сондай-ақ, республикалық деңгейдегі көптеген ірі іс-шараларға арнайы шақырту алып, қыран бүркіт, ұшқыр тазыларымен бірге талай рет ел-жер аралағанын айтады.

Аттың жалында жүріп, қыран салып, ит жүгіртуді кәсіп еткен Бошан ағаның жолын бүгінде баласы жалғастыруда екен.

Жалпы, тазылар жайлы халық арасында түрлі аңыз-оқиғалар аз емес. Сонау ашаршылық кезіндегі зұлмат жылдарда бір тазы ит бүкіл бір ауылды асыраған деседі тарихшылар. Демек, қазақ халқы қазынаға балаған тазының көпшілік біле бермейтін қасиеттері өте көп. Ал оларды баптап, тілсіз жануардың тілін тауып, ата кәсіпті жалғастырып жүрген Бошан аға сынды азаматтардың бұл ісі мақтауға тұрарлықтай.

 

Нұржайна ШОДЫР

saryarka-samaly.kz