Қазақтың тойы керемет қой шіркін! Той дегенде қу бастың да, басқа бастың да домалай беретіні белгілі ғой. Қазекем жылына кем дегенде бір-екі мәрте той жасамаса, ауырып қалады. Оның үстіне, бәсекелестік деген тағы бар. «Бәленше тойына 200 қонақ шақырыпты. Ал біз 300 адамды бір-ақ күтеміз. Түгенше үш қабатты торт жасатыпты, біз бес қабатты етеміз!» - дейтін бақталастық тағы бар. Гүлдей жайнаған дастарқанды көргенде, үстелімен қоса жеп қойғың келеді шіркінді.

Осындай бір көңілді отырыста даяшының: «Көке, ақ ішесіз бе?» - деген дауысын естіп, Арақ пен Қымыз тостағанның тұсында тоғысып қалды. Жай тоғысқан жоқ, соғысып қалды. Арекең әдетінше қызыңқырап:

- Өй, жетесіз! Ақ ішесіз бе? – деді ғой. Демек, мен туралы айтып жатыр! Ал сен бұл жерден не жоғалттың, ей?» - деді қылқынып.

- Қызуыңыз қырық градустан асып кетіпті, ауырып тұрған жоқсыз ба, Ареке! Әдеп сақтаңыз! Қазақта ақ деп төрт түліктің сүтін атайды! – деді қымыз ұяң үнмен.

- Ей, сен білесің бе? Мына менің ағайындарым көп! Салқын қанды сыра да, қызу қанды коньяк та, шайқатылған шарап та - менің туысқандарым! Ал олардың ішінде ең абыройлысы - мына мен! Ал сенің кімің бар? Дымың жоқ!

- Олай демеңіз! Дертке шипа шұбат та, қышқылдау келген қымыран да, іркіт те, шалап та, айран да - мына менің туысқандарым! Ең бастысы, біз халалмыз! Егер адам сізді тұтынса, жынды қойдың миын жегендей болары анық!

- Не деп тұрғаныңды білемісің, ауылбай! Мұсылмандар нан мен құранды бірдей қояды дейді ғой. Ал мен сол нанның атасы бидайдан жасаламын ғой. Сондықтан да мені қалай қаралайсың? Адамға - ас, ас түгілі мас қыламын! Мені ішкен жан қайғы мен шерін, ауру мен дертін ұмытады!

- Қайғы мен шерін ұмытамыз деп талайлаған асыл азаматтардың шөлмегіңіздің ішіне түсіп, шыға алмай қалғанын білесіз бе?

- Олай емес. Мен адамзаттың бәрін сүйемін. Олар да мені құрметтейді. Қысқасы, менің адамдарсыз, адамдардың мына менсіз күні жоқ! Ал көрейік мына тостағанға кімнің бұрын құйылатынын?

Даяшыға ыдысын ұсынған қазақ ұзақ ойланды. Араққа бір, қымызға бір алма-кезек қарады. «Ішпе!» - деген жұбайдың да, құдайдың да сөздері есіне түсті... Кенет біреу көлгірсіп отырған көкмойынды қылқындыра ұстап, үстелдің астына тұқыртты да, қойнына тығып, қораның артына алып кетті. Ал қымыз болса, уф деп демін бір алды да, төр жаққа қарай төтесінен тартты.

Төрдегі мәртебелі қонақтармен кезек-кезек «амандасқан» қымыз, көпшіліктің алғысына бөленді. Сонымен сіз де, біз де, ұзатылған қыз да дән риза. Бастысы, дүркіреген той есті қонақтардың есінде қалды. Айтпақшы, жасаған тойыңыз төбелессіз, ерегессіз, сән мен салтанатқа толы болсын десеңіз, Қымыз мырзаны тойыңызға шақыруды ұмытпаңыз!

Алпысбай ХОНЖ.

saryarka-samaly.kz