Мария Байрамкулова «депортация жыл- дарында мектеп жасына да толмаған бала едім», - дейді.

- Ол кезді еске алу біз үшін өте ауыр. Халқымыз үлкен азапты басынан өткерді. Бізді Павлодар өңіріне түнде жеткізді. Мал таситын вагондарда қыстың қытымыр ая- зында аш-жалаңаш иен далаға әкеп, төгіп кеткенде жанымызға арашашы болған - Қазақ елі. Бізге қазақ азаматтары шана жек- кен аттарымен келіп, тамақтары бар, жылы киімдерімен қарсы алып, өз үйлерінен орын берді. Бір бөлмелі үйде тұрса, оның жарты- сын бөліп, қуғынға ұшырағандарға берсе, екі немесе одан көп бөлмелі үйлері барлар әр бөлмеге бір отбасын кіргізіп алып жатты. Таңертең ұйқыларынан тұра салып, көшеге жиналған адамдардың ең бірінші іздегені «мында каяла болмазла? корюнмейдиле» яғни «мында тау бар ма? көрінбейді» де- сіпті. Оны кейіннен анам есіне алып, күліп отыратын, - дейді М.Байрамкулова.

Сұрапыл жылдардағы халық басына түс- кен зобалаңды есіне алған Мария Алботқызы көз алдында адамдардың аштықтан қалай қырылғанын айтып берді.

- Менің әкем аштықтың бірінші күнінде- ақ қаза болды. Содан кейінгі барлық ауырт- палық анама түсті. Қайдан әкелетінін білмей- міз, бізді аман алып қалу үшін күндіз-түні дала кезіп жүретін. Біздің отбасымызда 11 бала болды. Барлығымыз осы қиын шақта аман қалдық. Анамның үнемі «бизни қазақлыла сау қойғандыла» деп айтып отырды. Оның аудармасы – «Бізді қазақтар құтқарды». Әлі есімде адамдардың көбі аштықтан қырылса, енді бір жартысы ауру- дан көз жұмып жатты. Шешемнің жалғыз сіңлісі бар болатын. Аяғы ауыр еді. Анам екеуі ауруханадан келе жатқан жолда нағашы әпкеміз аштық пен аурудың азабына шыдамай, жолда қаза табады. Амалы құрыған анам сіңлісін қыстың күні өзі жалғыз жерлейді. Кейіннен ол жерді таппай қалды. Міне, осы сияқты жол бойында қаптаған зираттар көп еді. Тағы бір оқиға есіме түсіп отыр, осы ашаршылық жылында Болгар ұлтынан бір отбасы түгелдей аштықтан қырылғаны есімізде. Әуелі әкесі, сосын шешесі, кейіннен сол үйдің 7 қызы бірінен кейін бірі ажал құшқанда күңіренбеген адам қалмады. Осындайда анам: «біз Қазақстаннан басқа жерге келгенімізде аштықтан өлетін едік» деп айтып отыратын. Бұл сөзді аштықтан аман қалған әр ұлттың айтатыны анық, - дейді ол.

Өткен ғасырдың 40-шы жылдарындағы азапты есіне алған М.Байрамкулова қазақ халқының алдында мәңгілік қарыздар еке- нін жеткізді.

- Біздің отбасындағы 11 баланың аман- есен өсіп-өнуіне, білім алып, азамат болуына ең әуелі себепкер болған - қазақ. Ұлттық әдет-ғұрпымызды сақтап, ана тілімізді ұмыт- пауымызға мүмкіндік берген де - көңілі дар- хан, жүрегі кең қазақ елі. Біз қазақ халқына мәңгі қарыздармыз! Маған, менің отбасыма, өзге де қуғынға ұшырап, аштықтың азабын көрген өзге ұлттың басына пана болған Қазақстанның әр азаматына мың алғыс!

КЕРЕК ДЕРЕК:

• Қазақ жеріне 17 ұлттан 1,5 млн. адам депортацияланған.

• 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ, 18,5 мың Қиыр Шығыстағы корей отбасылары қоныстанды.

• 1937 жылы кәрістер, 1942 жы- лы немістер, поляктар және украиндар, 1944 жылы шешендер мен ингуштар күштеп көшірілді.

• Соғыс жылдарының басында облыста 12207 поляк қоныстанған.

• 1944 жылы наурызда Павлодар облысына 41 773 шешен мен ингуш қоныстандырылды.

• 1944 жылы балкар халқы күшпен Орта Азия және Қазақстанға жер аударылды.

• Әскери солдаттар 37 мың 713 бал- карды шығыс батысқа жібереді.

 

Қ.ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz