Бұл мәселе облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілісте қаралды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнәр Жармакина 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылған шараларды баяндап, алдағы уақытқа жоспарланған істермен, саладағы түйткілді мәселелермен бөлісті.

«Денсаулық» бағдарламасында қарас- тырылған 38 көрсеткіштің 34-і орындал-ғанымен, күрмеулі мәселелер де жоқ емес. Бұл ретте аймақта дәрігерлердің тапшылығына баса мән берілді.

- Төрт индикатордың орындалмауының бірден-бір себебі - дәрігерлердің жетіспеуі. Атап айтқанда, мемлекеттік емдеу мекемелеріне 16, ал жеке медициналық ұйымдарға 7 жалпы практика дәрігері қажет. Белгілі бір бағытқа ғана маманданған 40 дәрігердің орны бос тұр. Оған қоса, зейнет жасындағы және жақында құрметті демалысқа шығатын ақ желеңділерді есепке алсақ, барлығы 142 дәрігер керек, - деді Г.Жармакина.

Өткен жылы медициналық жоғары оқу орындарының 205 түлегі облыстағы емдеу мекемелерінде еңбек жолын бастаға-нымен, бұл дәрігерлерге деген сұранысты толығымен өтемей отыр. Себебі, ауылдық аймақтарда жастардың барлығына бірдей баспана қарастырылмаған. Сондықтан қалаларға қоныс аударуға тура келеді. Гүлнар Жармакина бұл мәселені шешу үшін ауылдық жерлерде қызметке орналасқан жас дәрігерлерге 1,5 млн. теңге, қаладағы ақ желеңділерге 1 млн. теңге көлемінде көтермеақы беруді ұсынды. Осы орайда облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов алдымен баспана жағдайына баса назар аудару қажеттігін айтты.

- Жас дәрігерлерді елді мекендерге тартудың негізгі тетіктері - баспана мен әлеуметтік пакет. Тиісті жағдайдың барлығы жасалмаса, ауылға кім барады? Тұрғындардың денсаулығына жергілікті билік өкілдері жауап беретіндіктен, аудан-қала әкімдері дәрігерлерді үймен қамтамасыз ету мәселесін ойластыруы тиіс, - деді Ә.Сқақов.

Тұрғындардың денсаулығы жұмыс берушілердің де назарында болуы тиіс екені айтылды. Яғни, әр мекеме, кәсіпорын басшылығы қызметкерлерді медициналық тексерістен, скринингтен өткізуге мән беруі керек. Бірақ, басшылардың барлығы бірдей бұған бейілді емес көрінеді. Тіпті, олардың қатарында бюджеттік мекемелер бар. Осыны ескерген аймақ басшысы қызметкерлерінің скринингтен өтуіне құлықсыз ұйымдардың тізімін әзірлеп, талдау жұмыстарын жүргізуді жүктеді.

Әбілқайыр Бақтыбайұлы бастапқы медициналық көмек пен науқастарға станционарлық қызмет көрсету арасында байланыстың жоқтығын сынға алды. Сырқат дер кезінде анықталмай, уақытылы емделмеуі салдарынан облыста онкологиялық, қан айналым жүйесі аурулары мен улану салдарынан көз жұмғандар қатары азаймай тұр. Осы орайда Павлодар ауданында суррогатты алкоголь өнімдерінен уланып, өмірмен қоштасқандар саны 40 пайызға өскені алаңдатпай қоймайды. Аудан әкімі Жанат Шұғаев мұндай өнімдер заңсыз әрі жасырын сатылатындықтан, сатушыларды тауып, жазаға тарту айтарлықтай қиындық тудырып отырғанын алға тартты. «Тұрғындар сол сауда нүктелерін бес саусағындай білген тұста әкімдік пен құқық қорғаушылардың таба алмауы қисынға келмейді» деп қайырды Ә.Сқақов.

Жиынды түйіндей келе аймақ басшысы жауапты сала мен аудан-қала басшыларына бірқатар тапсырма берді. Олардың қатарында туберкулезге шалдыққандарға ай сайын берілетін әлеуметтік төлемді 12 айлық есептік көрсеткіш көлеміне дейін жеткізу, жас дәрігерлерді баспанамен қамту, алыстағы ауылдарда дәріханалар ашуға қатысты мәселелер бар.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz