Шарбақты ауданындағы Абай Құнанбайұлы атындағы орта мектептің педагог-психологы Аймереке Смайлова өз баяндамасында Әл-Фараби іліміндегі ұрпақ тәрбиесі жөнінде ой-толғамдары туралы сөз етті.

- Біз бүгінгі күнге дейін ұрпақ тәрбиесінде Еуропа ғалымдарының идеясын ұстанып келдік. Олар бала тәрбиесі туғаннан басталады деп айтады. Бірақ ол кеш болады. Егер Әл-Фараби пәлсапасына жүгінсек, ұрпақ тәрбиесі құрсақтан басталуы тиіс. Бүгінгі және келешек ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие бергіміз келсе, Әл-Фараби іліміне жүгінгеніміз абзал. Ойшыл отбасы құндылығына, ұрпақ тәрбиесіне байланысты «Хауас», «Имани гүл», «Жауан мәрттілік» деген үш ілімін ұсынып кеткен. Соның ішінде «Хауас» ілімі екі жастың шаңырақ көтеруге дайындығынан бастап, құрсақтағы нәрестеге қалай көңіл бөлу қажеттігін сөз етеді. Ал «Имани гүл» сәбидің жарық дүниеге келгенінен бастап, кәмелеттік жасқа жеткенге дейінгі тәрбиесін қамтыса, «Жауан мәрттілік» баланың кәмелетке толғаннан кейінгі кезеңіне көңіл аударады. Ғұламаның ұғымына сүйенсек, құрсаққа біткен бала төрт айдан бастап жүрек тәрбиесін күтеді. Мұны отбасын енді құрып жатқан жастарға көбірек айту қажет. Себебі, сәбиге жүрек тәрбиесі берілмесе, оның 12 арнасы дамымай қалады екен, - дейді Аймереке Сматқызы.

Әл-Фараби еңбегіндегі «Жанның 12 арнасы» дегеніміз не? Олар – түйсік, ұят, сүю, мінез, табиғи қабілет, зерде, жігер және ішкі бес сезім (көру, есту, сезу, тұшыну, иіс сезу). Дегенмен, бүгінде бұл арналар жабылу алдында тұрғанын да тілге тиек етті.

- Бірінші, түйсік арнасының жабылу алдында тұрғанын айтайын. Мысалы, зілзала болатынын ит пен мысық, қыбырлаған тарақан үш күн бұрын біліп, эпицентрден қашып кетеді. Ал біз дәл сол уақытта үйдегі заттар шайқалып, бүкіл дүние солқылдағанда ғана білеміз. Бұл - түйсігіміздің әлсірегені. Екінші – ұят арнасы. Ол да жабылу алдында. Үшінші – сүю арнасы. Қазір Төлеген мен Қыз Жібектің, Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың арасындағы махаббатты кездестіре алмайсыз. Жігіт пен қыздың арасындағы сүйіспеншілікті былай қойғанда, ата-ана баланы, бала ата-ананы сүюден қалып барады. Сәбиінен безініп, балалар үйіне тапсыру, ата-анасынан безініп, қарттар үйіне қалдыру күнделікті өмірдегі, қатардағы үрдіске айналып барады, - дейді ұстаз.

Әл-Фарабидің еңбектеріндегі «толеранттылық идеясы» дегенді қалай түсінуге болады? Ойшыл мұраларындағы «Қайырымды қала тұрғындары», «Музыканың үлкен кітабы» туралы еңбектерінде адамзаттың ынтымақтастығы және өзара түсінісу туралы мәселелер айтылады. Міне, толеранттылық идеясы дегеніміз осыдан басталса керек.

- Орта ғасыр философтарының тәпсір-леуіне сүйенсек, араб және парсы тіліндегі толеранттылық идеясының мәні қайырымдылық жасау, рақымшылық ету, мейірімділік көрсету дегенді білдіреді. Бұл - бүкіл адамзатқа қажетті, әлемдік деңгейде қарасты-рылатын мәселелер. Қазіргі қоғамға Әл-Фарабидің және басқа да ақылмандардың осы секілді ой-тұжырымдары өте көп айтылуы керек деп білемін. Мұндай дүниелерді қарапайым халық түсіну үшін ғылыми тілде емес, қарапайым тілде жеткізген жақсы, - дейді Тoraighyrov University-дің қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Салтанат Әубәкірова.

Жиын барысында тарих ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Мамытова, Тoraighyrov University «Қазақстан тарихы» кафедрасының профессорлары Аслан Азербаев және Жұлдыз Қабиденова сынды ғалымдар Әл-Фараби мұраларына, еңбек-теріне қатысты өз ой-пікірлерін білдірді.

saryarka-samaly.kz