Облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Әбілқайыр Сқақовтың қатысуымен партияның құрылған күніне орай салтанатты шара өтті. Жиында сөз алған аймақ басшысы партия қызметінің еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы орны зор екенін атап өтіп, жаңа мүшелердің жұмысына сәттілік тіледі.

- Бүгінде «Nur Otan» партиясы - еліміздегі жетекші саяси күш. 21 жыл бұрын құрылған ұйым еліміздің өркендеуі жолында елеулі еңбек атқарып, оң нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Партияның туған күні қарсаңында оның қатары белсенді жастармен, тәжірибелі мамандармен толығуы - қуантарлық жайт. Сіздер алдағы уақытта белсенділік танытып, қоғамдық мәселелерді шешуде сүбелі үлес қосады деген сенім мол, - деді Ә.Сқақов.

Бұл күні облыстың 10 тұрғыны «Nur Otan» партиясының мүшесі атанды. Олардың қатарында Баянауыл аудандық емханасының дәрігері Нұрсұлтан Бірлік те бар.

- Қуатты саяси ұйым өкілдерінің санатына қосылу - мен үшін зор мәртебе. Партия төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы белгілеген мақсат-міндеттерді орындау жолында аянбай еңбек етуге әзірмін, - дейді Н.Бірлік.

Сонымен қатар, Әбілқайыр Сқақов «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің кеңесшісі Қанат Жұмабековке «Құрмет» партиялық марапатын табыстады. Тағы бір топ азамат партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатына ие болды.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz