Наубайхана басшысы Бақытгүл Тілеубергенова - 4 баланың анасы. Былтыр көпбалалы ана ретінде «Еңбек» бағдарламасы арқылы 505 мың теңге грантқа қол жеткізіпті.

- Бұған дейін балалардың тәрбиесімен айналысып, тұрақты жұмыс істеу мүмкін болмады. Кішкентайларым есейген соң ойлана бастадым. Жергілікті газеттерден мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде көпбалалы аналардың кәсібін дөңгелете алатынын оқып білдім. Сөйтіп, аудан орталығында орналасқан жұмыспен қамту бөліміне барып, мән-жайды анықтадым.

«Бастау Бизнес» жобасы арқылы 3 ай білім алып, бизнес-жоспарымды құрдым. Сол уақытта аудан орталығында жұмысы тоқыраған наубайхана ғимараты сатылымға қойылған еді. Оны сатып алу үшін «Еңбек» бағдарламасы арқылы алған 505 мың теңге грант жеткіліксіз болды. Банктен 4 миллион теңге несие алып, зор сеніммен кәсібімді бастадым. Мұнда тәулігіне 450-500 бөлке нан пісіріледі. Бір бөлке нан 80 теңгеден босатылып, аудан орталығындағы дүкендерде 85 теңгеден сатылуда. Ауылдан келген ағайын да молынан алып кетеді. Әзірге 2 адам еңбектенудеміз. Сұраныс артса, жаңа жұмыс орындарын ашамын, - дейді Бақытгүл.

Кәсіпкер тұрғындардың тапсырысы бойынша бауырсақ, тоқаш, торт, пицца және тағы басқа нан өнімдерін пісіреді. Алдағы уақытта тағы бір пеш сатып алуды көздеп отыр. Цех ашып, макарон өнімдерін шығару жоспарда бар.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz