Облыс әкімінің бірінші орынбасары Сұңғат Есімханов жылыту маусымында жылумен қамтитын кәсіпорындарда қатты отын қорының нормативтік мөлшері болмауына байланысты мәселелер туындағанын айтты. Бүгінде биліктің араласуымен көмір жеткізудің алгоритмі түзіліпті. Енді наурыз айында тиісті көлемге жеткізу көзделіп отыр. Ал жылыту орталықтарының басшылары мұндай жағдайға ауа райының қолайсыздығы әсер еткенін алға тартты.

Сонымен қатар, жылумен қамтитын кәсіпорындарда технологиялық бұзылушы-лықтардың жиілегені байқалған. Мұны С.Есімханов жөндеу жұмыстарының сапа-сыздығымен байланыстырды. Мәселен, екібастұздық ГРЭС-2 станциясында күрделі жөндеуден өткен блок алты ай өтпей тоқтатылған. Электр желісінің үзілуі де биыл 40 пайызға өскені тіркеліп отыр. Оған боранды ауа райының де кері ықпалы болған деп болжануда. Жалпы, желілерде орын алған ақауларды жоюға 6-7 сағат уақыт кететін көрінеді. Мұндай үзіліс тұрғындарға айтарлықтай қолайсыздық туындатуда.

Жылу желілерінде кемшіліктер аз емес. Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов желілердің зақымдалу көрсеткішінің арту себебін сұрады. «Павлодар жылу желілері» ЖШС басшысы Марат Иманаевтың айтуынша, құбырлардың тозуы осындай келеңсіздікке әкеліп отыр. Мәселен, магистральдік құбырлардың 79 пайызы ескірген. Тозуды тоқтату үшін кәсіпорын жылына кем дегенде 18 шақырым құбыр ауыстыруы тиіс. Бірақ серіктестік оның тең жартысын ғана атқаруға қауқарлы көрінеді. Әсіресе, екінші Павлодар аумағында жерасты құбырларының тозуы тым жылдам. Судың көптігінен мұндағы құбырлар 5-7 жылда тот басып, тозып үлгереді. Әйтпесе, ол құбырлар 25 жыл қызмет етуі керек екен. Сондықтан, алдағы уақытта желіні жер үстіне шығару жағы қаралмақ. Бұдан былай жауапты мекемелер қай аумақта құбыр жарылу жайттары жиі орын алса, соған басымдық бермек.

Ағымдағы жылыту маусымында тұрғындардан жылудың жеткіліксіздігіне байланысты 814 шағым түскен. С.Есімхановтың мәлімдеуінше, оның 91-і расталған. Яғни, жылумен қамту кәсіпорындарының кінәсінен орын алған. Тағы осыншама тұрғынның өтініші зерделеніп, мәселе үйлерде кезекті жылыту маусымына дайындықтың дұрыс жүргізілмеуінен температуралық режимнің бұзылғаны белгілі болған. Ал қалғандарында температуралық режим тиісті шамада сақталған, тек әр тұрғынның жылуды әртүрлі мөлшерде қалауынан құзырлы органға өтініш түсіруі мүмкін деп топшыланады. Сондықтан, мұны халыққа түсіндіру жұмысын күшейту тапсырылды. Айта кету керек, жуық арада 109 бірыңғай желі іске қосылады. Оған түскен өтініш-шағымдар бойынша жедел әрекет етілмек.

Сондай-ақ, алдағы уақытта техноло-гиялық бұзушылықтарға талдау жасалады. Инфрақұрылымның техникалық жағдайына аудит жүргізілмек. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жылу желілерін жөндеу көзделмек. Шығынның 70 пайызы республикалықтан, 15 пайыз жергілікті қазынадан, тағы 15 пайызы кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасы есебінен өтеледі.

- Барлық қолға алынатын іс-шаралар кем дегенде желілердің, жабдықтардың тозуына, зақымдалулардың ұлғаймауына тежеу болуы тиіс. Кәсіпорындардың инвестициялық жобалары жергілікті атқару органымен үйлестірілмегені байқалады. Осы салаға құзырлы әр қызметте өзіндік мәселелер бар. Оларды бірлесіп, шешуіміз керек. Қазіргі мақсат - жылыту маусымын нәтижелі аяқтап, келесісіне тыңғылықты дайындалу, - деді облыс әкімі.

Осы ретте, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Әбілқалықовқа сөгіс жариялады. Яғни, облыс әкімі саланы саралау, сәйкесінше толымды ақпарат дайындау жағы ақсап жатқанын, тұрғын үй-коммуналдық объектілері мен жергілікті атқарушы органдар арасында үйлесімді жұмыстың, жөнді басқарушылық шешімнің жоқтығын алға тартты.

Сондай-ақ, Павлодар қаласының әкімі Қайрат Нүкенов те облыс әкімінен сөгіс алды. Мұндай шара қабылдауға облыс орталығын қардан тазарту жұмыстарының әлсіздігі себеп болды.

Өткен жексенбіде қалалық жолаушылар тасымалдайтын кәсіпорынның бірі алдын ала келісімге қарамастан, жеңілдікпен жүруі тиіс тұрғындардан толық жолақысын алып, наразылық туындады. Белгілі болғандай, әкімдікте өткен жиында тасымалдаушы ауызша келісім берген екен, бірақ құжат жүзінде рәсімделіп үлгермеген. Сөйтіп, 1 наурыз күні келеңсіздік орын алды. Бұл да Павлодар қаласы әкімі жұмысының шалағайлығына баланып, сөгіс жария-лануына жетеледі.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz