Мал шаруашылығымен айналысатын- дардың көбі төрт түлігін көбейтіп, етін тиімді бағаға сатуға құмар. «Ақжол» - шағын шаруа- шылықтардың қатарынан табылса да, үлкен істі қолға алып отыр. Цех ашу идеясы осыдан екі жыл бұрын туындапты. Шаруашылықты дөңгелетіп отырған Маржан Мұсапованың айтуынша, өңірлік кәсіпкерлер палатасы мамандарының арқасында бизнес жоспары табысты жүзеге асуда.

- Шаруашылықты жалғыз алға сүйреу мүмкін емес. Малдың жем-азығы, күтімі жол- дасым – Бауыржанның мойнында. Өзіміз- дің кішігірім мал бордақылау алаңымыз бар. Аптасына 2 сиыр, 1 жылқы, 2-3 қой сойылып, цехтың мұздатқыш бөлмесіне жөнелтіледі. Цехта өзіммен бірге 3 әйел еңбек етеді. Тәулігіне 20-30 келі жартылай дайын өнім әзірленеді. Атап айтсақ, тұшпара (1 келісі – 1300 теңге), мәнті (1500 теңге), тефтель (1700 теңге), котлет (1700 теңге), су самса (600 теңге), голубцы (1500 теңге), дірілдек (600 теңге), тартылған ет (1500 теңге) сатылады. Етті жіліктеп, қазы-қарта, шұжық ретінде де үлестіреміз. Цех ғимаратына жалғасқан шағын дүкеніміз бар. Өнімдер аз уақыттың ішінде сатылып кетеді, - дейді Маржан.

Тұрғындардың өнімді талап алатын жөні бар. Біріншіден, бағасы қолжетімді. Екіншіден, әр өнім қол еңбегімен дайындалады. Әу баста тұшпара арнайы қондырғымен әзірле- ніп келген. Алайда, дәмі келіңкіремей, әйел- дер қолмен жасауға көшкен. Үшіншіден, қазір адамдар жұмысбасты болып кеткендіктен бе, тамақ пісіруге уақыт тығыз. Жұмыстан шаршап, еріншектігің ұстайтыны тағы бар. Мұндай кезде жартылай дайын өнім көмек- ке келеді.

Кәсібін жандандыруға талпынған отбасы 2018 жылы «Іскер» бағдарламасына қатысып, пайыздық мөлшерлемесі төмен несиеге қол жеткізеді. 6 миллион теңге қаражатқа цех сатып алып, бүгінде алға қойған жоспарлары рет-ретімен жүзеге асып келеді. Алдағы уақытта сүт бағытындағы мал шаруашылығын қатар алып, қымыз, құрт, қоспа, ірімшіктің 5 түрін сату көзделуде. Оған себеп те жоқ емес. Бүгінде мектеп пен балабақшадағы ас мәзірінде міндетті түрде қатты ірімшік болуы тиіс екен. Маржан білім мекемелерімен келісімшартқа отырып, табиғи өнім ұсынуға әзір.

Былтыр «Ақ жол» шаруа қожалығы «Қазақстанның үздік тауары-2019» көрме-байқауына қатысып, Алғыс хатын иеленді. Аз уақыттың ішінде көптің көңілінен шыққан Маржан мен Бауыржанның отбасылық кәсібіне табыс тілейміз!

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz