Бүлінген тұқым тұқыртады

Аталған комиссияның төрағасы Жанат Тұрлыбаевпен сұхбаттасып, атқарып жатқан жұмыстарынан хабардар болдық. Бірден айту керек, комиссия мүшелері көбіне аймақтағы ірі шаруашылықтардың басшысы болғандықтан, шаруалардың мұңын бес саусақтай біледі. Сол себепті, депутаттық міндеттерін қағаз жүзінде емес, батыл әрекеттерімен дәлелдеп жүр.

Жанат Тұрлыбаевтың айтуынша, былтыр комиссия мүшелері 20-ға жуық мәселені қарастырған. Қала берді, 40-тан аса кездесулер, жеке қабылдаудар өткізіліп, тиісті органдарға 37 депутаттық сауал жолданыпты.

- Аймақтағы фитосанитариялық жағдайды қадағалау мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Диқандарға мемлекет тарапынан субсидия бөлініп, сақтық шараларын жүргізуге мүмкіндік қарастырылған. Шыны керек, бұл іске ірі шаруа қожалықтары ғана белсене кіріседі. Себебі, егіс алқабы көп. Өсімдіктен ауру табылса, мол шығынға ұшырайтыны анық. Ауру көбіне тұқым арқылы таралады. Бұл ретте, Ресей шекарасында фитосанитарлық бекеттің болмауы алаңдатып отыр. Шаруалардың иелігінде дәріні сақтау және пестицидтерді залалсыздандыру қоймалары жоқ. Аталған проблемаларды шешу жолдарын қарастырудамыз, - дейді Ж.Тұрлыбаев.

Бұл мәселені биыл қаңтар айында ҚР Парламентінің депутаттары да көтеріп, ветеринария мәселелері жөніндегі заң жобасына түзетулер енгізуді ұсынған болатын. Атап айтсақ, ветеринарлық, сонымен қатар ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің мемлекеттік инспекторларымен жүргізілетін карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалауды жүзеге асыру; ветеринариялық пункттері бар аудандар мен облыстық маңызды қалаларда жеке бөлімшелерімен облыстық деңгейде мемлекеттік ветеринариялық ұйымның жергілікті атқарушы органын құру; қайта өңдеу кәсіпорындары өндірістік бақылау бөлімшелерінің ветеринариялық дәрігерлерімен анықтама беру бойынша қызметін үш айға және сот шешімімен тоқтата тұру.

Көшпелі жиынның пайдасы көп

Соңғы жылдары көшпелі жиындар ірі шаруа қожалықтардың базасында ұйымдастырылып жүр. Артықшылығына тоқталсақ, шағын шаруашылықтар білмегенін үйреніп, заманауи технологияларды көзбен көреді. Еркін басқосуда ортақ мәселелер көтеріліп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік зор.

Жанат Тұрлыбаевтың айтуынша, былтыр Ақтоғай ауданында орналасқан «Ақтоғай-Агро» ЖШС базасында өткен жиында бірқатар проблема тілге тиек етілген.

- Ауыл шаруашылығы саласында кадр мәселесі өзекті тұр. Алдағы 10 жылда ветеринар таппай қиналатын түріміз бар. Оқу бітірген жас мамандар ауылға келіп жатыр. Алайда жұмыстың ауырлығын алға тартып, көп ұзамай кетіп қалады. Келе сала «жалақыны көтеріңіз» дейтіндер де бар. Жұмысын адал істесе, мықты кадрды алып қалу үшін шаруашылық басшылары аянып қалмасы анық. Жасыратыны жоқ, ірі шаруашылықтар жалақыны көтеріп, жұмыскерлерді әлеуметтік пакетпен қамтамасыз ету арқылы кадр мәселесін реттеп отыр. Жұмыскерлердің өздеріне де мал асырауға мүмкіндік бар, - дейді ол.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің пайдаланылмай жатқандығы да алаңдатады. Естеріңізге салсақ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі арнайы жол картасын әзірлеген болатын. Бұған сәйкес, 2021 жылға қарай аумағы 610 мың га құрайтын жаңа жерлер айналымға енгізілмек. Бүгінде елімізде 1,4 млн га суармалы жер бар. 2021 жылға қарай көрсеткішті 2 млн. гектарға жеткізу көзделген.

Бұл бағыттағы жұмыстар Павлодар облысында да жалғасын табуда. Мәселен, мамандар арнайы сараптама жұмыстарын жүргізіп, суармалы егіншілікті дамытуға қолайлы жерлерді анықтаған. Бүгінде аймағымызда 70 мың гектар көлемінде суармалы алқап бар. Алдағы үш жылда бұл көрсеткішті шамамен үш есеге көбейту жоспарланған. Яғни, 2022 жылға дейін суарылатын егістіктердің көлемін 140 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр.

- Суармалы алқаптың тиімділігі орасан. Мысал келтірсек, жай жерде өскен жүгерінің 1 гектарынан 50-80 центнер өнім алсаңыз, суармалы алқаптан 150-500 центнер жинауға мүмкіндік бар. Қазір 5 гектар жері бар шаруалар суармалы алқапты қолданысқа енгізіп, шалқып отыр. Алдағы уақытта аймағымызда ірі жоба жүзеге асады деп күтілуде. Атап айтсақ, «Ертіс-Успенка» жобасы шеңберінде 10 мың гектар аумақ ретке келтіріліп, суармалы егіншілік дамытылмақ, - дейді Ж.Тұрлыбаев.

Бүгінде павлодарлық шаруалардың иелігіндегі суармалы алқаптардың 17 669 гектарын жем-шөп дақылдары алып жатыр. Ал 12 мың гектардан астам алқапта картоп, 11 981 гектарында астық өсіріледі. Қалған бөлігі майлы дақылдар мен көкөніс, бау-бақша өнімдеріне тиесілі. Жалпы, облыста суармалы егін шаруашылығы бойынша 28 мың гектарды қамтитын 9 жоба әзірленуде. Оның жалпы құны 19 млрд. теңгені құрайды. Сол арқылы күзде жиналатын жалпы өнім көлемін 1,4 млн. тоннаға дейін арттырып, қосымша 700 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Аталған жобалар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарауында.

Мал ауруы аз

Облыстық мәслихаттың депутаттары ветеринарлық жағдайды барынша қадағалап отыр. Мәселен, былтыр қыркүйек айында Павлодар, Шарбақты, Аққулы аудандарында және Ақсу ауылдық аймағында салынған ветеринарлық пункттердің жағдайын бақылап қайтқан.

- Аймағымызда 147 ветеринарлық пункт бар. Оның 41-і типтік үлгіде, яғни, барлық талаптарға сай жабдықталған. Ветеринарлық шаралардың барлығы бір жерде атқарылып, мамандардың жұмысы жеңілдегенін атап өткен жөн. Ең бастысы, эпизотиялық ахуал тұрақты. Былтыр облыста нодулярлық дерматит ауруы пайда болып, дереу алдын-алу жұмыстары жүргізілді. Шыны керек, Кениядан әкелінген дәрі-дәрмектің сапасы нашар болды. Дей тұрғанмен, мамандар дер кезінде тиісті шараларды қолға алды. Бруцеллезге шалдыққан малдың саны да жыл сайын азайып келеді. Атап айтсақ, былтыр облыс бойынша қойдың 1 пайызынан ғана аталған дерт анықталды, - дейді Ж.Тұрлыбаев.

Шикізат мол, бірақ...

Жанат Тұрлыбаевтың айтуынша, айма-ғымызда қайта өңдеу саласы ақсап тұр. Мәселен, жылына 2000 тонна күнбағыс тұқымы жиналғанымен, амалсыздан сыртқа жібереміз. Картоптың жағдайы да сол. Шикізат мол болғанымен, өзімізде қайта өңдеуге мүмкіндік жоқ.

- Успен ауданында «Галицкое» ЖШС-нің сұйық май шығаратын кішігірім цехы бар. Әйтсе де, бұл шағын өндіріс облыс тұрғын-дарының сұранысын қамти алмайтыны белгілі. Осыдан 4-5 жыл бұрын Тереңкөл ауданында сұйық май шығаратын зауыт іске қосылған еді. Өкінішке қарай, қаржылық қиындық- тарға тап болып, жұмысын тоқтатты. Әйтпесе, аймағымызда шикізат мол, - дейді Ж.Тұрлыбаев.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі арнайы карта құрған болатын. Бұған сәйкес, қайта өңдеудің 9 басым түрі айқындалды. Атап айтсақ, сүтті, етті, теріні және жүнді, майлы және дәнді дақылдарды, жеміс және көкөністі, қант қызылшасын және картопты қайта өңдеу кәсіпорындарын құру қажет. Картаға сәйкес, 2021 жылға дейін ауыл шаруашылығы саласында 79 жаңа зауыт салу және 80 зауытты жаңғырту көзделген. Сөйтіп, қайта өңделетін өнімдердің жалпы өндірісін 1,9 триллионнан бастап 3 триллион теңгеге дейін ұлғайту және 7 мың жұмыс орнын құру жоспарланған. Павлодар облысында қайта өңдеу кәсіпорындарын құру үшін инвес-торларды тарту көзделуде.

Былтыр Павлодар облысының ауыл шаруашылығы үшін маңызды бастама қолға алынғаны белгілі. Жергілікті диқандар алғаш рет қант қызылшасын өсіруге кірісті. Аймағымыз үшін таңсық саналатын дақылдың бұл түріне жоғары мән беріліп отыр. Мақсат – болашақта құрылысы жоспарланған қант зауытын шикізатпен қамту. Маңызды бастаманы жүзеге асыруға облысымыздың әр өңірінен картоп өсірумен айналысатын 11 шаруашылық таңдап алынды. Мұның да өзіндік себебі бар. Осылайша, қант қызылшасына қай ауданның топырағы мен ауа райы ерекше жағатыны сыналады. Шаруашылықта кем дегенде бір гектар алқапқа жаңа дақылды отырғызуы тиіс.

Қаржылай қолдау жалғасады

Соңғы 3 жылда аймағымыздың агро-өнеркәсіп кешенін дамытуға 86 миллиард теңге қаражат бөлінген. Оның 46 миллиард теңгесі жергілікті бюджеттен, қалғаны «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ еншілес ұйымдары арқылы үлестіріліпті. Биыл салаға 11 миллиард теңге қаржы қарастырылмақ. Сөйтіп, былтырғы жылмен салыстырғанда қаражат көлемі 30 пайызға артады деп күтілуде.

Соңғы үш жылда өсімдік шаруашылығын дамытуға жергілікті бюджеттен 6,6 млрд. теңге қаражат бөлінген. Нәтижесінде себілген жоғары репродукциялы тұқымның үлесі жалпы көлемнен 55 пайызға дейін артқан. Қала берді, 40 мың тоннаға дейін минералдық тыңайтқыштар мен орташа есеппен 600 мың гектардан астам алқапта гербицидтер қолданылған.

Жанат Тұрлыбаевтың айтуынша, мемлекет тарапынан шаруаларға қаражат молынан бөлінуде. Алайда, субсидия үлестіру кезінде түсінбеушіліктер көп.

- Саланы цифрландыру жұмыстары қолға алынып, субсидияға өтініш беру электронды түрде жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Шыны керек, әу баста шаруалар компьютердің тілін ұқпай, абдырап қалғаны рас. Жанар-жағармай алу үшін де компьютердің көмегіне жүгіну керек. Шаруалар жаңашылдыққа енді бой үйрете бастады. Қаражат уақытылы қолға түссе болғаны. Былтыр демеуқаржы ала алмай қалған шаруалар биыл жыл соңына дейін тиісті қаражатына қол жеткізеді. Бұл - облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының уәдесі, - дейді Жанат Тұрлыбаев.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz