Жиында әлемдегі қаржылық-эконо-микалық ахуал және оның Қазақстан экономикасына әсері жөнінде мәселелер талқыланды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Премьер-Министрдің тікелей басшылығымен шұғыл әрекет ету штабы құрылды. Мұндай штабтар әр өңірде жасақталды. Дағдарысқа қарсы іс-қимылдар жоспары әзірленіп, ірі кәсіпорындарда халықты жұмыспен қамтуға қолдау көрсету жөнінде арнайы жоспар дайындалмақ. Президент халықты мүмкіндігінше көбірек жұмыспен қамту мәселесін аса маңызды деп санайды.

Үкімет 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау жөнінде ұсыныс енгізеді. Мемлекет басшысы бюджет шығындарын қысқарту, өңірлерде халықты жұмыспен қамтамасыз ету, еліміздің қаржы-валюталық нарығын тұрақтандыру, республикалық және жергілікті бюджеттерді оңтайландыру бойынша шаралар қабылдау қажеттігін айтты.

Осыдан кейін араға күн салып, Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен Үкіметтің отырысы өтті. Жалпы ел экономикасының, банктік саланың жағдайы, республикалық бюджеттің орындалуы жайында құзырлы министрліктер есеп берді.

Құрылған арнайы штаб сыртқы экономиканың ұлттық экономикамызға жағымсыз әсерін барынша азайтуға бағытталған әрекеттерін іске асырады. Үкімет басшысы бұл іс-шаралардың басты мақсаты халықтың әл-ауқатын төмендетпеу болуы тиіс, бірде-бір азаматымыз қиын жағдайға қалдырылмайды, деді.

Премьер-Министр әкімдіктерге тұрақ- тандыру қорларының жұмысын тиімді етуды тапсырды. Осы ретте, отандық кәсіпорындардың тауарлары мен қызметтеріне сұранысты ынталандыру бойынша барлық ішкі резервтерді кәдеге жаратуымыз керек, деді Үкімет басшысы. Ұлттық басқарушы холдингтер мен Үкіметке бағынышты ұйымдарға валюталық нарықтағы барлық операцияларын Ұлттық банкпен келісу керектігін ескертті.

Ал Қаржы министрлігі бір апта ішінде басымдықты емес инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мерзімін шегеріп, бюджет шығындарын қайта қарау жөнінде ұсыныс дайындауды тапсырды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тиісті әлеуметтік төлемдердің уақытылы әрі толық көлемде төленуін қамтамасыз етуі керек. Жұмыспен қамтудың жол картасын әзірлейтін болады. Азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуына бақылауды күшейтеді.

- Біздің ортақ міндетіміз – әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету және халықты жұмыспен қамту. Қазіргі жұмыс орындарын барынша сақтауға және жаңаларын ашуға айрықша назар аудару. Мемлекеттің халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелері орындалатынын тағы бір мәрте атап өткім келеді. Барлық зейнетақы мен жәрдемақылар уақытылы әрі толық көлемде төленеді, - деді А.Мамин.

Әзірлеген – Г.МАҒЖАН.


Шұғыл штаб құрылды

Облыста экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін штаб құрылды. Штаб төрағасы Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов ағымдағы эконо-микалық ахуалға шұғыл әрекет етудің және оны тұрақты мониторингілеудің дағдарысқа қарсы жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Дағдарысқа қарсы жоспар жобасы 10 наурыз күні штаб отырысында талқыланды. Құжат макроэкономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты, салықтық және бюджеттік саясаттың тиімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ, инфляциялық процестерді басқаруға бағытталған.

Штаб мүшелері өндірісі төмендеу, өнім экспорты мен жұмыс орнын қысқарту қаупі бар кәсіпорындар тізімін түзуді ұсынып отыр. Сонымен қатар шағын және орта бизнестің тұрақты жұмыс істеуін ұстап тұру үшін ірі тауар өндірушілермен меморандумға қол қою мүмкіндігі қарастырылуда.

Павлодар облысында азық-түлік жеткілікті, дегенмен, оған қарамастан облыс әкімі азық-түлік бағаларын мұқият бақылауды және «Павлодар» ӘКК тұрақтандыру қорымен бірлесе жұмыс жасауды талап етті.

Дағдарысқа қарсы жоспар жуық арада бекітіледі. Облыс әкімі басшылық ететін шұғыл штаб экономикалық ахуалды тұрақтандырғанға дейін тұрақты режимде жұмыс істейтін болады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

saryarka-samaly.kz