Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай көрермен назарына ұсынылған жаңа қойылымды аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов, өңір зиялылары мен қала тұрғындары тамашалады. «Ерте ояндым, ойландым...» трагедиясы арқылы режиссер Әділет Ақанов Абайдың дүниеге келген сәтінен бастап, балалық және жастық шағын бұқараға жеткізуді мақсат еткенін аңғаруға болады.

- Бір сағат он минуттық шығармаға бір жарым ай көлемінде дайындалдық. «Абай жолы» романының желісі бойынша Кенжебай Ахметов пен Жанат Хаджиевтің «Жас Абай» қойылымын «Ерте ояндым, ойландым» деп атадық. Спектакльде 30-ға жуық әртіс ойнады. Мұнда Абайдың жастық шағы суреттелді. Біздің басты мақсат - жас Абайдың бейнесін ашу, сол кездегі жер дауы мен жесір дауын бұқараға бүкпесіз жеткізу. Қойылымның негізгі өзегі болатын көрініс - Қодар мен оның келіні Қамқаның жазықсыз айыпталып, өлім жазасына кесілуі. Осы сәтті өз көзімен көрген бала Абайдың өмірге деген көзқарасы мен ойын көрсетуге тырыстық. Сонымен қатар, Құнанбай, Ұлжан, Зере және сол кездегі билердің образдарын алып шықтық. Қойылымда хакімнің Семейдегі оқуынан оралғаннан кейінгі өмірі кеңінен көрініс тапты, - дейді Ә.Ақанов Қойылымның режиссері Әділет Ақанов спектакльдегі Абай образын ашуды театрдың жас әртісі Абзал Жақып пен Нұржан Әбіласанға сеніп тапсырған екен. Премьераның алғашқы күні көрерменнің ерекше ықыласына ие болған Абзал Жақып дара тұлғаның образын ашу, ақынның сол кездегі көңіл-күйі мен өмірге деген көзқарасын жеткізудің оңайға соқпағанын айтады.

- Абайға үлкен әсер еткен оқиғалардың бірі көрініс тауып отыр. Қойылым барысы бозбала Абайдың Семейдегі оқуынан келген сәті мен ел ісіне араласу шағында өрбиді. Көп дайындалдық. Менің ойымша, әр әртіс үшін Абай Құнанбайұлының рөлін сомдау оңай емес. Мен әлі де ақын рөлін толыққанды шығардым деп айта алмаймын. Шамам жеткенше образға енуге тырыстым. Бағасын көрермен бере жатар, - дейді Абзал Жақып.

Ал трагедиядағы Құнанбай образын танымал актерлар, театр қайраткерлері Жұмахан Доспаев, Зерені – Роза Тәжібаева, Ұлжанды – Талжібек Атамбек, Қодарды – Руслан Нығыманов, Қамқаны – Айсұлу Балтабаева, Айқызды – Гүлжан Қайырбекова, Оспанды – Мұзафар Төлеубек және үлкен Абайды Нұржан Сарқамбаев сомдады.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz