Шараға облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов қатысып, аймақ басшысының құттықтау хатын оқып берді.

- Даниял ағамыз Ертіс-Баян өңірінің мәдени-рухани дамуына зор үлес қосып келеді. Әсіресе, биыл туғанына 175 жыл толған Абай Құнанбайұлының шығармашылығын жатқа айтып, халыққа түсінікті тілде жеткізіп жүргенін мақтанышпен айтамыз. Бұған дейін «Абай ауылға келді» деген жақсы жоба қолға алып, көпшіліктің көңілінен шықты. Сізге зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін, - деді Асхат Раздықұлы.

Сонымен қатар, Даниял Сабырұлының замандастары мен Ертіс-Баян өңірінің зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, тіл жанашыры Ульян Мақұл, халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері, ақын Арман Қани, облыстық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ардагер журналист Социал Әйтенов, «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжамал Максилова және басқа да ел ағалары ізгі тілектерін білдірді. Кеш қонақтары мерейтой иесінің халқымыздың мәдени-рухани саласының өрлеуіне қосқан үлесін, қазақ сөз өнерін насихаттау жолындағы еңбегін ерекше атап өтті.

- Мен Даниял Сабырұлын көптен бері жақсы танимын. Дәкеңнің өзін бір үлкен әдеби энциклопедия десе болады. Бірақ, кезінде барлық әлеуетін дұрыс пайдалана алмадық, қолдау болмады. Соған қарамастан, өзі мектептер мен балабақшаларға барып, оқушылар мен кішкентай бүлдіршіндерге қазақ батырлар жырын, қисса-дастандарын, Абайдың өлеңдерін оқып жүрді. Кейінгі жылдары ғана жергілікті билік тарапынан қолдау тауып, ақын-жазушыларымыздың шығармаларын кең көлемде насихаттауға жол ашылды. Бүгінде біздің қоғамдық бірлестіктің әр жиынына белсенді қатысып, жастарға ақыл-кеңесін беріп келеді, - деді «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ульян Мақұл.

Шара барысында Иса Байзақов атында- ғы облыстық филармонияның дәстүрлі әншілері Жанболат Байсолтан мен Әсел Ботаева Абай әндерін нақышына келтіре орындап, ән мен жырға жаны құмар жұртқа ерекше көңіл-күй сыйлады.

 

Т.МАРХАБА.

saryarka-samaly.kz