Ғабдолла Мусиновтің балалық шағы Ресей жерінде өтті. Кезінде әке-шешесі сол жаққа қоныс аударып кеткен екен. Әскерге де сол жерден шақырылды. 1943 жылы Омбы қаласындағы танк училищесіне түсіп, бір жыл ішінде әскери атыс тәсілдерін жақсы меңгеріп шығады. Одан соң майдан сарбаздарының сапына қосылып, бастапқы кезде Мәскеуді қорғау шайқастарына, кейін үшінші Беларусь майданына қатысты. Ол кезде армия генералы Иван Черняховский басқарған 517-танк полкінің атағы жер жарып тұрған кез еді. Ғабдолла ата да сол полк құрамында болып, жаумен бетпе-бет шайқасты.

- Немістердің жоспары бізді бір ай- дың ішінде жаулап алу еді. Бірақ, Кеңес армиясының күш-қуаты оған жол берген жоқ. Жалпы, Ұлы Отан соғысындағы жеңіс жолында майдандағы жауынгерлер қандай ерлік көрсетсе, қарапайым халық та дәл солар секілді тынбай еңбек етті. Ол кезде халықтың Отанға деген сүйіспеншілігі зор, береке-бірлігі өте күшті еді. Бүкіл халық бір жұдырықтай жұмылып, еңбектенді. Менің ендігі тілегім - кейінгі ұрпақтарымыз біз көрген соғысты көрмесін, осы тыныштығымыз мәңгілік болсын, - деген тілегін білдірді Ғабдолла Ибрагимұлы.

Жерлесіміз талай дауылды күндер мен тұманды түндерді бастан өткізіп, от пен оқтың ортасында жанкештілікпен шайқасты. 1943 жылдың соңына қарай немістерге қарсы бір шабуылда ауыр жарақат алып, әскери госпитальге түсті. Онда 4-5 ай емделген соң дәрігерлік сараптаманың қорытындысы бойынша соғысқа жарамсыз деп танылып, елге қайтарылды. Үйіне соғыс мүгедегі деген анықтамамен келіп, 4-5 жыл бойы балдақпен жүріпті. Жарақаты жазылғаннан кейін ғана еңбекке араласты. Алдымен көлік жүргізушісі мамандығы бойынша оқып, жергілікті шаруашылықтарда көлік жүргізген. 1955 жылы Павлодар өңіріне ата-анасы- мен бірге қоныс аударып, Ленин кентіне орналасты. Бірден сондағы автопаркке жұмысқа тұрды. Аталмыш компанияда механик және ет комитетінің жетекшісі қызметтерін атқарды. Сондай-ақ, ауыл кеңесінің депутаты болып сайланды.

1977 жылы қазіргі Алғабас ауылына қоныс аударып, сол кездегі «Ленин жолы» кеңшарының кадр бөлімінің басшысы қызметіне ауысты. Сол ауылда 1985 жылға дейін жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықты. 1994 жылдан бері Павлодар қаласында тұрады. Жұбайы Мәрия Қапсаттарқызымен екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан немере-жиен көріп отыр.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz