Есесіне, ойынды Ютуб әлеуметтік желісіндегі «ПФЛК ТВ» арнасынан тамашалауға мүмкіндік болды. Шынын айту керек, қос команданың ойынына қарап, жеңіске деген құштарлықты аңғармадық. Футболшылар гол салудың қамын ысырып қойып, тәртіп бұзумен көзге түсті. Павлодарлықтардың қатарынан 6 аяқдопшыға, қонақтар сапынан 2 ойыншыға жасыл қағаз көрсетілді. Кездесудегі екі доп та 1-таймда соғылды. 18-минутта «Қызылжар» командасының жартылай қорғаушысы Александр Соколенко мергенділігімен танылса, 42-минутта Карлуш Фонсека таразы басын теңестірді. Сөйтіп, алғашқы ұпайын еншілеген павлодарлықтар турнир кестесінің 9-шы сатысына жайғасты.

Көш басында – «Астана». Еншісінде – 7 ұпай. Бірақ, олардың 1 ойыны артық. Еурокубоктегі кездесулеріне байланысты бір ойынын мерзімінен бұрын өткізді. Мергендер тізімін «Қайраттың» шабуылшысы Абат Айымбетов бастап тұр. Ол 3 рет қарсыластардың қақпашысын қапы қалдырды.

«Ertis» келесі кездесуін 21-наурызда сырт алаңда азулы «Астанаға» қарсы өткізуі тиіс еді. Елімізде төтенше жағдай жариялануына байланысты Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы премьер-лига, ел кубогі, бірінші және екінші лига ойындарын 1 айға шегерді.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz