Жақында соғыс мұрағаттарына қатысты көрме ұйымдастырылып, тұрғындардан жиналған экспонаттар мен музей қорындағы жәдігерлер сол көрмеден орын алатын болады. Қ.Алданов музей көрмесі үшін 13 экспонат тапсырыпты. Мұндағы тарихи құжаттардың бірі – әскери штабтың тапсырысымен жасалған карталардың түпнұсқасы. Бір карта 1944 жылы Бреслав қаласында басылып шыққан. 1945 жылы сол қалада үлкен операция болған екен. Жауынгердің жол картасы сол шайқасқа қарсы құрылған шабуылдар үшін дайындалған болса керек. Екіншісі – Германияның Нюрнберг қаласының картасы. Бетінде қызыл қаламмен жорық жолдарын белгілеген сызбалар бар.

- Бұл карталарды аукционнан сатып алдық. Аса сирек кездесетін тарихи жәдігерлерді саудаға шығаратын «Аgora.kz» деп аталатын қазақ коллекционерлерінің сайты арқылы қолға түсті. Сонымен қатар, менің жеке мұражайымда 1941 жылдың 1 мамырында жарыққа шыққан «Знамя труда» газеті де бар. Онда Сталиннің жұмысшылар ұжымын кәсіби мерекелерімен құттықтауы басылған. Содан бір жұмадан кейін соғыс аяқталған. Көрмеге Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде айналымда болған 3 червонец ақшасы да қойылды. Тарихи құжаттардың қатарында кіші сержант Рубанков Иван Филимоновичке тиесілі екі құжаттың түпнұсқасы бар. Яғни, «Отан соғысы» ордені мен «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін медалінің» кітапшалары. Соғыс ардагеріне аталмыш марапат 1946 жылы беріліпті. Бұл құжаттарды Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан ескі коллекциялар дүкенінен сатып алдық, - дейді Қожагелді Тоқбергенұлы.

Коллекционер Қожагелдінің қоржынында Германия солдаттарына тиесілі құжаттар мен фотосуреттер де бар. Атап айтар болсақ, неміс жауынгерлерінің еңбек кітапшасы, азаматтардың қандай да бір ұйымға мүше екенін дәлелдейтін куәліктері. Соңғысында 1944 жылдарға дейін басылған маркалар бар. Сонымен қатар, германиялық Anna Jakob есімді адамның kenkarta-cы, яғни, жеке төлқұжатының түпнұсқасы да сақталған. Ал соғыс кезінен жеткен фотосуреттердің бірінде неміс жауынгерлерінің кеңес халқына үгіт-насихат қағазын таратып жүрген сәті көрінеді. Тарихи деректерге сүйенер болсақ, Кеңес өкіметі құрамындағы мемлекеттердің үстінен ұшақпен ұшып жүріп, «Біздің қоластымызға өтіңдер» деген мағынада қағаз таратып, халық арасында үгіт-насихат жүргізген екен.

Екібастұз қалалық тарихи-өлкетану музейінің маманы Саягүл Алғожинаның сөзінше, көрмені сәуір айының 25-інде ашып, 9 мамыр – Жеңіс күніне дейін өткізу жоспарланған. Қала тұрғындары мен қонақтары аталған көрмеден жергілікті соғыс ардагерлерінің тұтынған заттары мен басқа да сирек құжаттарын тамашалай алады. Жалпы, Ұлы Отан соғысына Екібастұз өңірінен 260 адам аттанған. Қазіргі таңда шаһталы шахарда алты ардагер тұрады.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz