Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Сәкен Шаяхметов төтенше жағдайдағы шағын және орта бизнестің ахуалына тоқталды.

- Бүгінде облыста 45 мыңға жуық кәсіпкерлік субьектісі бар. Онда 140 мыңдай адам еңбек етуде. Күні кеше Үкімет шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына қосымша 400 миллион теңге бөлді. Сондай-ақ, салық және несие бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Биыл Павлодар облысында «Еңбек» және «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламаларын жүзеге асыру үшін 6,7 миллиард теңге бөлінді. Нәтижесінде 3 мыңға жуық жоба іске қосылып, 1000-ға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бүгінде қиындыққа төтеп беріп, жұмыс орындарын сақтап қалу – басты міндетіміз. Үкімет тарапынан жасалып жатқан қаржылай қолдау мұнымен тоқтап қалмайды, тағы жаңа жобалар жүзеге асады деп ойлаймын. Кәсіпкерлерден де бизнес-жоспар күтеміз, - деді Сәкен Шаяхметов.

Төтенше жағдайға байланысты аймағымызда жолда қалған жобалар жоқ. Әр инвестормен, тиісті өкілдермен тығыз байланыс орнатылған. Десе де, шетелден шикізат әкелу, қондырғылар жеткізу бойынша қиындықтар бар екен. «Бұл – жалғыз ғана павлодарлықтардың емес, барлық өңірге ортақ мәселе», - деді облыс әкімінің орынбасары.

Сәкен Шаяхметов өңірімізде медициналық бетперде өндірісін жандандыру жұмыстары қолға алынғанын жеткізді. Атап айтсақ, «Мерусар и К» ЖШС, «Нефтехим-LTD» және шағын тігін цехтары іске кірісіп, жақын күндері тәулігіне 30-40 мың бетперде шығарылмақ. Тауардың бағасы 70 теңгеден аспауы тиіс.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz