Қаламынан қуат кеткенше қазақ әдебиетінің кірпішін қаласып, туын тіктеген жазушының бірі – павлодарлық Рамазан Тоқтаров. Өкінішке қарай, көзі кеткелі есімі де, еңбегі де елеусіз, ескерусіз қалып жүр. Іздеушісі, қолдаушысы жоқтай көрінеді...

Іздеушісі бар, әрине. Ол – оның оқырмандары. Қолдаушысы жоқ дегеніміз дұрыс шығар, бәлкім. Ал қазір қолдаушысы жоқтың есімі ұлықталмайды, еңбегі ескерілмейді. Ащы да болса, ақиқаты осы.

Біреу білер, біреу білмес, Рамазан Тоқтаров – Павлодардың тумасы. 1935 жылдың 13 қыркүйегінде Павлодар қаласында дүниеге келген. Кереку жатақтарының көне жұрты – атақты «Казкрайдың» жігіті. Демек, биыл жазушының туғанына 85 жыл! Ол 2000 жылдың 13 желтоқсанында өмірден өтті. Яғни, осы жылы қаламгердің қайтыс болғанына тұп-тура 20 жыл толмақ! Бағы ма, әлде соры ма, қаламгердің пешенесіне 13 деген сан жазылған екен.

Рамазан Тоқтаров – қазақ әдебиетіндегі әйгілі «Бес тапалдың» бірі. «Бес тапалға» бұл кісіден бөлек, Қалихан Ысқақ, Сайын Мұратбеков, Әкім Тарази және Қабдеш Жұмаділов жатады. Олар – бір заманның төлдері, дос-жар болған адамдар. «Тапал» деп аталғанымен, әдебиеттегі орындары тым биік!

Жазушының жан досы Қалихан Ысқақ айтпақшы, Рамазан Тоқтаров - «тұтас бір өңірдің тарихынан бастап бүгінгісіне шейін өзінің көркем шығармаларына азық еткен» қаламгер. Ендеше, Кереку өңірінің тарихын көркем тілмен кестелеп, оқырманға ұсынған Рамазан Тоқтаровты ең алдымен Ертіс бойындағы жерлестері ұмытпауға тиіс.

Ол Алматыдағы Шет тілдер институтының француз тілі факультетін тәмамдаған. 1958-60 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеті мен «Мәдениет және тұрмыс» (бертіңгі «Парасат») журналында жұмыс істеген. 1964 жылдан Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, «Жазушы» баспасында аға редактор, бөлім меңгеруші қызметтерін атқарған. 1989-97 жылдары республикалық «Жұлдыз» журналында бас редактордың орынбасары болып еңбек етті.

Рамазан Тоқтаров – қазақ әдебиетінде ең көп роман жазған жазушының бірі. Оның қаламынан «Бақыт», «Ертіс мұхитқа құяды», «Тұлпардың сыны», «Жердің үлгісі», «Ғасыр наны», «Сусамыр», «Таңбалы жарғақтың құпиясы», «Жендет», «Бақытты құлдықтың ақыры», «Абайдың жұмбағы» секілді романдар туған. «Абайдың жұмбағы» үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Оның романдары - кезінде оқырманнан өз бағасын алған кесек дүниелер.

Рамазан Тоқтаров - мақтауға емес, мақтануға тұрарлық тұлға! Өкінішке қарай, біз, павлодарлықтар, қарымды қаламгерді қадірлей, ұлықтай алмай жүрміз. Сөз жоқ, өңірлік деңгейде жазушыға арналған іс-шаралар ұйымдастырылып жатады. Мәселен, жыл басында Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайында арнайы шара өткенін білеміз. Бәлкім, жыл соңына дейін Рамазан Тоқтаровты еске алуға арналған біршама іс-шара жоспарланған да шығар. Біз тек сол шаралардың ауыз толтырып айтар ауқымды дүние болғанын қалаймыз. Төмендегі ұсыныстарды тізбектеп жазғанымыз да сондықтан және қаперге алынса дейміз. Сонымен...

Біріншіден, Павлодар қаласының негізгі көшелерінің біріне Рамазан Тоқтаровтың есімін беру керек. Негізі, бұл іс әлдеқашан қолға алынуы тиіс еді. Жазушының соңында қолдаушының жоқтығын осыдан-ақ аңғаруға болады. Кеш болса да, қазір қимылдаған дұрыс. Оның үстіне, биыл жазушының туғанына - 85, ал қайтыс болғанына -20 жыл.

Жазушының есімін неліктен Павлодар қаласының көшелерінің біріне беру керек? Себебі, ол – нағыз павлодарлық. Қаланың қазағы. Атақты «Казкрайдың» жігіті. Ендеше, Рамазан Тоқтаровқа осы күнге дейін туған қаласынан бір көшенің бұйырмай келуі өте өкінішті әрі ұятты жағдай. Сондықтан, көшеге жазушы есімін беру ешқандай талас тудырмасы анық. Әзірше тек Алматы қаласында ғана «Рамазан Тоқтаров көшесі» бар.

Екіншіден, Рамазан Тоқтаровқа Павлодар қаласынан еңселі ескерткіш орнатылуы керек. Ертісін өле-өлгенше сүйіп өткен, екі кітаптан тұратын «Ертіс мұхитқа құяды» романын жазып, өзеннің атын тарихта қалдырған жазушының ескерткіші Ертіске қарап тұрса, ерекше бір үйлесімділік болар еді.

Үшіншіден, жазушының көптомдық шығармалар жинағын басып шығару керек. Кітап дүкендерінде Рамазан Тоқтаровтың кітаптары сатылмайды. Себебі, шығарылмайды, басылмайды. Кітапханалардағы кітаптары да қолдан-қолға өтіп тозған, әбден ескірген. Сондықтан, жазушының көптомдық шығармалар жинағын шығару – уақыттың талабы. Бұл шаруа ақша жағынан қымбатқа түссе, онда оқырман қауым жоғары бағалаған «Абайдың жұмбағы», «Ертіс мұхитқа құяды», «Бақытты құлдықтың ақыры» секілді романдарын қайта басу қажет деп санаймыз.

Төртіншіден, Павлодар облысынан арнайы делегация жасақталып, жазушы жерленген Алматыға барып, зиярат етіп қайтуы керек. Білуімізше, қаламгердің жұбайы Күлмәшкен Мұқанқызы мен балалары Алматы шаһарында тұрады. Осылайша, ел екенімізді көрсетуге тиіспіз. Сондай-ақ, дәл сол Алматы төрінде Қазақстан Жазушылар одағымен, өзі қызмет атқарған «Жұлдыз» журналымен бірлесіп, еске алу кешін ұйымдастыруға да мүмкіндік бар. 

Бесіншіден, Рамазан Тоқтаровтың күнделіктерін жарыққа шығару керек. Ол - өмір бойы күнделік жазған адам. «Темір тәртіпке енгізген, қандай жағдайда да қаза қылмас бір әдеті сол, жұмысқа келген бетінде күнделік жазуға отырады. Қанына сіңген хоббиі, машық қылған мәнері, ауырып келе ме, көңілсіз келе ме – қайткенде де жарты сағат күнделік жазбай Рамағаң жайлана алмайды», дейді ақын Қорғанбек Аманжол. Руханиятымыз, әдебиетіміз үшін осынау құнды дүниелердің іздеуші жанашыр жоқтықтан әлі мұрты бұзылмай тұрғаны өкінішті. Жазушы өмірден өткенде бұл күнделіктері 54 том дәптерді құраған екен. Көп күнделіктің бірнешеуін Бұқар жырау атындағы Павлодар облыстық әдебиет және өнер музейіне алып келсе, өңір үшін нағыз құнды жәдігер болар еді.

Алтыншыдан, Рамазан Тоқтаров атында прозашылар байқауын ұйымдастырған дұрыс. Ол – романист. Жазушылар арасында прозашылар байқауы өткізілсе, екі қоянды бір оқпен атуға болады. Біріншіден, Рамазан Тоқтаровты алға сала отырып, қазіргі жазушыларды ынтыландырамыз. Екіншіден, шығармада қамтылатын тақырып Павлодар облысына қатысты болуы керек деген талап қою арқылы өңірдің тарихын бір түгендеп алуға мүмкіндік бар.

Жетіншіден, осы жылы Павлодар қаласында Рамазан Тоқтаровты еске алуға арналған ауқымды іс-шара ұйымдастырылуға тиіс. Бәлкім, жазушылар форумын өткізген дұрыс па екен. Қалай болса да, есте жүрер, есте қалар рухани шара өтуі керек. Оған Рамазан Тоқтаровтың көзін көрген Әкім Тарази секілді қазақ әдебиетінің алыптары, жазушының туыстары шақырылса, іс-шараның деңгейі де жоғарылар еді.  

Сегізіншіден, Рамазан Тоқтаровтың есімі мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері арасында кеңінен насихатталуы керек. Қаптаған көп оқудың бірін жазушыға арнаса да, артық болмайды. «Бір ел – бір кітап» акциясының баламасы ретінде «Бір өңір – бір кітап» жобасын қолға алып, Абайдың 175 жылдығына орай студенттер арасында жазушы жазған «Абайдың жұмбағын», ал мектеп оқушылары арасында «Ертіс мұхитқа құяды» романын оқытып, талдаса, біраз шаруа тындырылғандай болар еді.

Тоғызыншыдан, Рамазан Тоқтаров туралы жергілікті мерзімді басылымдарда тың дүниелер жарияланып, телеарналарда арнайы бағдарламалар көрсетілуі керек. Біздіңше, бұл шаруа аса қиындық тудыра қоймауға тиіс. 

Оныншыдан, жергілікті ғалымдар, әдебиетсүйер қауым «Рамазантануды» қолға алуға тиіс деп есептейміз. Осылайша, бір ғана қаламгерді ұлықтау арқылы тұтас өңірдің тарихын түгендеуге жол ашылады. Жоғары оқу орындарының басшылары, ғалымдары осыған мән берсе екен.

Ойға оралғаны – осы он ұсыныс. Бәлкім, мұны өзгелер толықтырып, жетілдірер. Бір анығы, Рамазан Тоқтаровты ескермей, үнсіз жатуға әсте болмайды.


P.S.

2019 жылдың соңында Рамазан Тоқтаровтың «Бақытты құлдықтың ақыры» деген романын оқыдық. Шығарма жазушы қайтыс болғаннан кейін жарық көрген. Тамаша дүние! Осы кітапты оқығаннан кейін «Рамазан Тоқтаровтың есімі мен еңбегі неліктен қазір ескерілмей, еленбей жүр?» деген қалың ойда қалған едік. Жоғарыда біз атаған ұсыныстардың біразы сол кезде-ақ ойға оралған-ды. Бұған өңір басшылығы мен жергілікті зиялы қауым үн қосады деген сенімдеміз.

Фархат ӘМІРЕНОВ, журналист

saryarka-samaly.kz