Осыдан біраз уақыт бұрын біздің басымызда сондай бір жағдай болды. «Егемен Қазақстанның» 100 жылдық мерекесі қарсаңында редакция ұжымының байырғы қызметкерлеріне үлкен бір жобаны жүзеге асыру жүктелгені бар. Ол – басылымның 1919-2019 жылдардағы нөмірлерінен ұлт мүддесі мен ел руханиятына қатысты жарық көрген жақсы дүниелерді жинақтап, көп томдық жинақ шығару жөніндегі жұмыс еді. Осыны орындау үшін мұрағаттағы газет тігінділерін ақтарып отырғанымызда, бір қызық дерекке көзіміздің түскені!.. «1943 жыл. Ленинград майданы. 3 қыркүйек» деп басталған бұл ТАСС хабарында атақты конструктор Василий Дегтяревтің қатардағы жауынгер Әйтен Жүнісовке хат жазғаны баяндалыпты. Онда ол өзі жасаған пулемет қаруын шайқас шебінде сынақтан өткізген қазақ жігітіне алғыс айтып, ризашылығын білдірген екен.

Аталмыш деректі оқып бола беріп, селт ете түстік. Көз алдымызға 1990 жылғы 8 мамыр, «Қазақстан коммунисі» журналының ұжымы, сондағы бізге әңгіме айтып тұрған аға әріптесіміз Төкең, Төлеубай Ыдырысов елестеді. Жеңістің 45 жылдығы қарсаңындағы ол кісіні құттықтаған басқосуда қарт майдангер өзінің Ленинград бағытында шайқасқанын еске алды. Содан кейін көрші батальондағы пулеметші қазақ жігітіне атақты конструктордың хат жазғанын, ол өздері қызмет еткен 314-дивизия үшін үлкен оқиға бол-ғанын сөз етті. «Бұл қандасымыз Павлодар облысының тумасы еді, – деп аяқтаған-тын әңгімесін қария сонда. – Қуаныштысы, соғыстан еліне аман оралыпты. Оны маған майдангердің туған ұлы Социал айтқан. 60-жылдары ол КазГУ-де оқыды. Сонда университетте оқытушылық қызмет атқарған мен оған сабақ бере жүріп, ТАСС хабарының кейіпкеріне айналған қаруласымыздың кейінгі өмірінен хабардар болғаным бар».

«Жазатын-ақ тақырып екен, шіркін!» – деп қызыққанбыз біз сонда әңгімені тыңдап отырып. Бірақ содан көп ұзамай мұрағаттан майдандағы танк айдаған қазақ қыздары, одан іле-шала 1904 жылғы Порт-Артур шайқасына қатысқан қандасымыз, ол аз десеңіз, АҚШ президенті Рузвельттің Кеңес елі армиясындағы қазақ жауынгеріне тапсыруды өтініп жолдаған Легион ордені туралы құжаттар табылды да, соларды күйттеп кете бардық. Сөйтіп жаңа атыс қаруын сынаған жерлесімізді іздеп табу кейінге ысырыла берді. Келе-келе тіпті оны ұмытқанымыз да шындық. Алда да солай бола берер ме еді, егер «Егеменнің» 100 жылдық мерейтойына байланысты ескі газет тігінділерін ақтарып отырып, «Тамаша қару» атты ТАСС хабарына жолықпағанымызда.

...Хо-о-ш, сонымен Төкеңнің, Төлеубай аға Ыдырысовтың осыдан көп жыл бұрынғы: «Ол – Павлодар облысының тумасы. Ұлының аты – Социал», деп айтқан сөзі бойынша жоғымызды іздеуге шықтық. Таптық та! Сөйтсек... Майдангер Әйтен Жүнісовтің баласын біз сырттай біледі екенбіз. Осы күнге дейін ол кісімен тек жұмыс арқылы ғана сөйлесіп, жөн сұраспай жүре бергенбіз ғой. Әйтпесе, КазГУ-дің түлегі, бір мамандықтың иесі Социал ағаны, ұзақ жылдар облыстық «Қызыл ту» газетінде еңбек етіп, 60-70-80-жылдары сол Павлодар өңірінен жазған ойлы мақалалары республикалық «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» басылымдарында жарияланып тұратын Социал Әйтеновті кім білмейді?! Бәріміз де жақсы білетінбіз.

– Оқасы жоқ, – деді алғашқы аман-саулықтан соң көзілдірігін түзеп қойып күлімсірей тіл қатқан ағамыз. – Енді бұдан былай, яғни осыдан бастап бір-бірімізді жақсы білетін боламыз. Ал сіздер сұраған мәселеге келсек, ол былай.

Үй иесінің сөзіне қарағанда, әкесі Әйтен ақсақал осы Кереку аймағының Ақсу өңірінде 1900 жылы дүниеге келген екен. 22 жасынан бастап мұғалім болады. Ал содан 20 жыл өткенде соғыс... Ол кісінің соған байланысты Жаңа тілек ауылынан әскерге шақырылған уақыты – 1941 жылғы 14 желтоқсан.

Сібір гарнизондарының бірін-дегі алғашқы дайындықтан өткен соң құрамында болашақ кейіпкеріміз бар батальон Ленинград іргесіндегі 314-дивизияға тың күш ретінде әкелініп қосылады. Мұнда келгеніне небары бес ай болған аталмыш әскери құрылым да Қазақстанда, соның ішінде Петропавлда жасақталып еді. Эшелоннан түскен бойда олар жаумен Свирь өзені бойында бетпе-бет кездесіп қалады. Міне, сонда тәжірибесі жоқ, оның үстіне өте нашар қаруланған дивизия көп шығынға ұшырайды. Бірақ соған қарамастан, немістерді алға жібермей ұстап тұрған екен.

Содан күн сайын шайқас. Апта бойы алма-кезек атыс. Айларға созылған қорғаныс. Осылай 1942 жыл өтеді. 1943 жыл да келеді. Соның аяғында Әйтен Жүнісов қызмет ететін 314-дивизия үлкен жорыққа дайындалады. Жоспар бойынша бұл әскери құрылым 2-тегеурінді армия құрамына қосылып, Фин бұғазы арқылы Ораниенбаум мүйісіне шығуы керек екен. Бұл үшін қалың қол өздері межелеген жерге қалыңдығы 6-7 сантиметрлік жұқа мұз үстімен жүріп отырып жетуі тиіс.

Қауіпке толы қадам 1944 жылғы қаңтар айының алғашқы түндерінде басталады. Алда дивизия командирі Николай Алиевтің өзі. Ортада Әйтен Жүнісов секілді ақыл тоқтатқан сақа пулеметшілер мен қандай қауіп болса да оған тастүйін әзір автоматшы жігіттер. Ал артта тек минометтерді бөлшектеп алып, соларды сырғыта сүйреткен қару-жарақ керуені.

Сол түндері, иә, нақ сол түндері... Бұлар аталмыш қыл-көпірден құдай оңдап аман-есен өтеді. Жағаға жеткен бойда жаудың ту сыртынан атой салып, Выборг, Нарва қалаларын алады. Қазақстандық 314-дивизияның осы ерлігіне байланысты Мәскеу оған салют береді. Бұл 1941 жылдың 8 қыркүйегінен 1944 жылдың 6 ақпанына дейінгі 872 күндік Ленинград құрсауының жойылып, быт-шыты шыға бастаған кезі еді.

Осыдан соң Әйтен Жүнісов қызмет ететін жоғарыдағы әскери құрылым жауынгерлері аз-кем тыныс алады. Көктем шыға бере тағы да жорық. Бұл жолы Карель мойнағындағы ұрыстарға қатысқан 314-дивизия күзге таман Польшаның солтүстік-батыс шекарасына қарай беттейді. Мақсат – Висла өзенінен өту. Міне, осы жерде пулеметші Әйтен Жүнісов қатты жараланып, 1945 жылдың қаңтарында елге қайтады.

– Ал конструктор Василий Дегтяревтің сіздің әкеңізге жазған хаты ше? Ол оқиға қашан, қай жерде болған? – дедік біз осы арада дегбірсізденіп.

– Біз ес білгеннен бастап, – деді бұған сәл ойланып барып тіл қатқан Социал аға, – әкемнің өз ауылдастары арасында соғыс, майдан туралы әңгіме айтып отырғанын көрген де, естіген де емеспіз. Рас, мектептегі Қызыл армия күні мен колхоз клубындағы Жеңіс мерекесіне байланысты өткен жиналыстарға көпшіліктен қалмай баратын. Бірақ үндемей отыратын. Өстіп жүргенде, бұл 1965 жылдың көктемі, бір оқиға болды. Кешкі шайға отыра бергенімізде үйге ауылдас жігіттер Қабаш пен Бүркіттің кіріп келгені. Қолдарында поштаға жаңа ғана келген «Лениншіл жас» газеті. Аман-саулықтан соң олар оны әкейге ұсынып еді, көзілдірігін таба алмаған қарт: «Не нәрсе екен? Оқып көрші», – дегендей маған иек қақты. Одан «Тамаша қару» деген мақаланы көрдім. Көз жүгіртсем, бұл әкем, әкемнің соғыс кезіндегі ерлігі туралы дүние екен. Дауыс- тап оқи жөнелдім. Мұны тыңдаған әкемнің өңі қаракүреңденіп, терең ойға кетті. Сөйлей алмай, тілі күрмеліп біраз отырды. Содан кейін барып төмендегі әңгімені айтуға көшті.

1943 жылдың жаңбырлы жазы екен. Ленинград майданындағы ол кісі қызмет ететін бөлім маңында кескілескен айқас жүріп жатады. Түс қайта сол жақ шеттегі бұлардың взводы өз позициясындағы жауды кері ысырып, алға жылжиды. Бірақ немістер қайтадан күшіне мінеді. Сөйтеді де, өз бөлімінен оқшау шығып кеткен взводты артқа тықсырады. Әкей мұны білмейді. Көмекшісі екеуі алдыңғы шепте қалып қойып, қалың тоғайдағы өзек ішінде топтасып келе жатқан жау шоғырына оқ жаудырады. Олар 30 шақты екен, екіге бөлініп, алға ентелейді. Мұндай жағдайда орын ауыстырып қимылдамаса болмайтынын білген Әйтекең көмекшісіне диск толы жәшіктің жартысын 20 метрдей жердегі қалың бұта түбіне апар деп ымдайды да, атысты жалғастырады. Тапсырманы орындаған серігі бері қайтуға бет бұрғанда оқ тиіп жараланып, қимылсыз қалады. Мұны көріп: «Не өмір, не өлім!..» – деген кекті де сесті ойға бекінген біздің кейіпкеріміз алға қарай оқты боратады. Немістер бас көтере алмай жатып қалған кезде екінші позицияға ауысып, пулеметіне тағы ерік берсін. Осылай қанша орын алмастырып шайқасқанын білмейді. Білетіні: тар өзек ішінен пана таппаған дұшпанның беткейге қарай ұмтылғаны, оған қанша тырмысқанымен жаңбырдан миы шығып езілген жер қыртысынан төменге қайта сырғып, оққа ұшқан қаруластарының денесін қалқа тұтқаны. Бір мезетте есін жиып қараса, алдынан атылған оқ байқалмайды. Төңірек тым-тырыс. Ал өзекте жараланып, еңбектеп қашып бара жатқан бір немістен басқа, жусап жатқан жасыл киімді жау солдаттарының денелері.

– Сол шайқастағы пулеметімнің сақылдаған үні-ай!.. Жер-көкті жаңғырықтырған дауысын айтсаңшы, – деп сөзін аяқтады әкей шай толы кесесін қолына алып. Сөйтті де: – шегініп кеткен взвод жауынгерлері шепке қайта оралып жатқанда қарасам, – деді сәл ойланып, – өзім жалғыз қалып қойған жоғарыдағы шайқаста 5,5 диск жұмсаппын. Сонда қолымдағы қаруым не қызып, не қақалып-шашалуды білмеді-ау. Ешбір кідіріссіз атылды да тұрды.

Көп кешікпей бұл оқиға бөлімнен батальонға белгілі болады. Одан дивизияға жетеді. Үгітшілер аталмыш ерлікті окоптар мен блиндаждардағы саяси сабақтарда жауынгерлерге үлгі етіп айтады. Осындай насихат жұмысы жүріп жатқанда, ол тағы бір игі шараға келіп ұласады. Мұны қысқаша түсіндіріп айтар болсақ, соның алдында армиялық және майдандық газеттерде қызыл әскерлер ұстап жүрген атыс қарулары, олардың сапасы жөнінде жауынгерлердің пікірін сұраған редакциялық мақала шыққан еді. Сол кездегі талап бойынша оған үн қосу керек. Қалай? Қайтіп? Саяси бөлім басшылары бұл тапсырмаға Ленинград майданы бойынша атағы жер жарып тұрған төрт мерген: Ф.Резниченко мен А.Ахмедьянов, П.Шабанов және А.Гостюхинді тартуға пәрмен береді. Қолдарындағы снайперлік винтовкалары туралы ойларын қағазға түсірген олар өз хаттарына сондай-ақ көрші бөлімдегі қызыл әскер Ә.Жүнісовті де қосып: «Оның пулеметі ұзаққа созылған шайқаста іркіліссіз жұмыс істеп, сапалы жасалғанымен ерекшеленді», – дейді. Мұны осы қарудың авторы, Социалистік Еңбек Ері В.Дегтярев естиді. Қатты толқып, қуанған қарт конструктор майдандағы қазақ жауынгеріне былай деп хат жазады:

«Қымбатты Жүнісов жолдас! Бүгін маған жолдаған мергендердің хатынан сіздің неміс басқыншыларына қарсы күресте жасаған үлкен ерлігіңіз жөнінде білдім. Сіз менің ойлап шығарған пулеметіммен гитлершілердің алға ұмтылған екі шабуылын бет қаратпай қайтарып, өз ерлігіңізбен Отанымызды сүйетініңізді, революцияның асыл бесігі Ленин қаласы үшін жан қиюға баратыныңызды дәлелдедіңіз. Менің пулеметімді меңгеріп, оны жауға қарсы өте жақсы жұмсай білгеніңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын.

Жолдас Жүнісов! Сіз сияқты ержүрек, батыл кеңес адамдарына тап болған неміс басқыншыларының сағы сынуда. Олардың тұлдыры шығатын кез жетті. Енді бұл басқыншылардың бел омыртқасын үзіп, біржолата тас-талқан қылу керек.

Қымбатты жолдас Жүнісов, сіздің елімізді аман сақтап қалу үшін фашистерге рақымсыздық танытып, Отан алдындағы борышыңызды абыройлы орындап шығатыныңызға қалтқысыз сенемін. Біздің алғашқы таныстығымыздың белгісі ретінде сізге фотосуретімді және кішкентай сыйлығымды жолдап отырмын. Өзіңіз секілді кеңес жауынгерлеріне тағы да жоғары сапалы қару жасап беруді мойныма аламын. Сіздің жеңіс жолында табысты, денсаулығыңыз мықты болуына тілектеспін. Құшақтап, қолыңызды қысамын. В.Дегтярев. №8402. Ковров қаласы. 28 шілде, 1943 жыл».

– Содан жарты ай уақыт өткенде, – деді Социал аға, – атақты адамның жолдаған ыстық ықыласы мен лебізі майдандағы әкеме жетеді. Оны оқып, танысқаннан кейін ол кісі дәрежесі жоғары жанға ризашылығының белгісі ретінде жауап хат жазады. Бұл үшбу сәлем 1943 жылдың 3 қыркүйегіндегі ТАСС хабарында толық келтірілген.

Осыны айтқан үй иесі алдымызға бұдан 77 жыл бұрынғы құжаттың ксерокөшірмесін қойды. Одан мынадай сөздерді оқыдық. «Қымбатты Дегтярев жолдас, – деп басталыпты хат. – Сіздің әкелік қамқорлығыңызға қуанып, сыйлығыңыз үшін алғыс айтамын. Сіз ойлап шығарған пулемет ұрыста өзінің тамаша қару екенін көрсетті. Оның сапасы өте жақсы деп сеніммен айта аламын. Сондықтан пулеметшілер мұны жанындай жақсы көреді. Дегтярев жолдас, қымбатты Отанымызды қорғау ісінде өзімнің қасиетті борышымды бұлжытпай орындап шығатындығыма күмәнданбауыңызға болады. Біздің кеңес жерінде істеген айуандық қылмыстары үшін, біз қорғап тұрған ұлы Ленин қаласының көрген азабы мен төккен қаны үшін неміс-фашист жауыздарынан кек аламын. Қымбатты Василий Алексеевич, сіздің сау-сәлемет болып, Отан-анамыздың әскери қуатын нығайту жолындағы қызметіңізде табысты болуыңызға тілектеспін. Қолыңызды қатты қысып, сәлем жолдаушы қызыл әскер Ә.Жүнісов».

– Жоғарыдағы хаттардың алғашқысында, – дедік біз үй иесіне, – конструктор В.Дегтяревтің пулеметші Ә.Жүнісовке ескерткіш үшін өз суретін жібергені айтылған. Ол рәсім қазір бар ма?

– 1965 жылғы 18 сәуірде, – деді бұл сауалға әңгіме иесі, – «Лениншіл жас» газетінің соғыс жылдарындағы ТАСС хабарын қайтадан жариялап, біздің қартқа іздеу салғанын осы сұхбатымыздың басында айттым ғой. Сонда жолдастарымның ақылымен редакцияға хат жазып, ол кісі менің әкем екенін, Павлодардың Құркөл ауылында сау-сәлемет тұрып жатқанын айтып, хабардар еткенмін. Содан іле-шала олар өзің сөз еткен суретті Алматыға сұратып алдырды да, оны газетке жариялады. Ал біз болсақ, оны қайтарып алу туралы ойламадық. Еренсіздік деген осы-ау. Сөз ретіне қарай айтайын, ол фотоның сыртында: «Осы суретімді немістердің шабуылын екі рет тойтарған жауынгер Әйтен Жүнісовке сыйлаймын. Василий Алексеевич Дегтярев», – деген жазу бар болатын. Ол «Лениншіл жасқа» солай шықты да.

...Әңгіме аяқталды. Біз қайтуға жиналдық. Вокзалға келіп, пойызға отырғаннан кейін Социал ағаға қойған соңғы сұрағымды есіме алдым. Ол Әйтен ақсақалдың майданнан кейінгі өмірі жөніндегі сауал еді. Соғыстан қайтып келісімен қария өзінің мұғалімдік мамандығын қайта жалғастырады. Баян, Социал, Төлеубек, Сүлеймен және Бейбіт атты 4 ұл,1 қыздың әкесі атанып, 60-жылдардың ортасында құрметті еңбек демалысына шығады. Одан кейін де бақытты ғұмыр кешіп, 90 жасында өмірден озыпты. Бұл Жеңістің 45 жылдығы аталып өтіп жатқан уақыт екен.

 

Жанболат АУПБАЕВ, журналист.

saryarka-samaly.kz