Биылғы жарысқа барлығы 13 команда қатысты. Атап айтқанда, Павлодар, Екібастұз, Ақсу, Семей, Петропавл қалаларының, сондай-ақ, Ертіс, Май, Железин, Шарбақты, Лебяжі және Баянауыл аудандарының өкілдері жиналды.

Жарыстың ашылу рәсімінде Лебяжі ауданы әкімінің орынбасары Алма Қасымова спортшыларға сәттілік тілеп, өңірде тоғызқұмалақты дамытуға зор үлес қосып жүрген ағайынды Арман және Дархан Есенгелдиндерді, Сапар Әлемхановты аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Сондай-ақ, Исатай Қапаевтың ұлдары - ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбыдан Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы Дастан Қапаев пен ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, тоғызқұмалақтан облыстың бас жаттықтырушысы Арыстан Қапаевқа Лебяжі ауданы әкімінің Құрмет грамотасын табыс етті.

Ашылу салтанатында Исатай Аманжолұлының жұбайы Күләш Қасымханқызы, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері Тоқтамыс Кенжеғалиев И.Қапаев туралы естеліктерімен бөлісті.

Исатай Аманжолұлы 1940 жылы қазіргі Ресей Федерациясының Новосібір облысында дүниеге келген. Павлодардағы Абай атындағы №10 мектепті, Семейдің педагогикалық институтын тәмамдаған. 1975-1986 жылдары Лебяжі ауданының Черное ауылында тұрып, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы ойындарын насихаттап, дамытқан. Жергілікті оқушылар мен жастарды спорттың осы түрлеріне баулып, қызығушылығын оятқан. Ол 1986 жылдың мамыр айында дүние салды.

Әке жолын абыроймен жалғастырып жүрген ұлдары жыл сайын мамыр айында Лебяжі ауданында турнир өткізеді. Қуаныштысы, жарыстың деңгейі жыл өткен сайын артып келеді және еліміздің өзге өңірлерінен аталған турнирге қатысуға ниет танытушылар да көбеюде.

- Жер шалғай болғандықтан, Павлодардағы жарыстарға сирек келеміз. Біршама жыл бұрын «Сарыарқа самалы» газетінің жүлдесіне арналған дәстүрлі жарысқа келіп қатысқанбыз. Бұл жолы Павлодар өңіріндегі ірі жарыстардың бірі Исатай Қапаевты еске алуға арналған додада бақ сынадық. Үміт артып әкелген екі шәкіртімнің біреуі жүлдегер атанды. 12 жасқа дейінгі қыздар сайысында Дамира Сүлейменова үшінші орынды қанағат тұтты. Біздің облыста тоғызқұмалақ жарыстары өте аз. Жылына бір-екі жарыс ұйымдастырылса тәубе дейміз. Ал балалар жарыстарға жиі қатысқанды қалайды, - дейді Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы Жаңажол ауылынан келген жаттықтырушы Айбек Нұртазин.

Ал семейлік тоғызқұмалақшыларды бастап келген бапкер Алтынбек Құсайынов «Павлодарда өтетін әр жарыс – біздің спортшылар үшін мол тәжірибе» - дейді.

- Павлодарда тоғызқұмалақ ойыны жақсы дамығанын білеміз. Бұл өңірден мықты чемпиондар да шыққан. Сондықтан, шама келгенше Павлодар аумағында ұйымдастырылатын жарыстардан қалмауға тырысамыз. Себебі сіздерден үйренеріміз көп. Бұл жақтың ойыны мүлде бөлек. Ойынды бастауы да басқаша. Осындай додалар арқылы біздің балалардың деңгейі өседі, - дейді семейлік А.Құсайынов.

Жарыс қорытындысы бойынша 9 жасқа дейінгі қатысушылар арасында ақсулық Аника Тұрсынбайқызы мен лебяжілік Нұрхан Тоқтасын топ жарды. 12 жасқа дейінгі топта ақсулық Айдана Болатханова мен павлодарлық Алдияр Мұқанов жеңіске жетті. Павлодар қаласының өкілдері Диана Абай мен Рамазан Шаймардан 16 жасқа дейінгі спортшылар бәсекесінде үздік шықты. Ересектер арасында Әсел Темірханова (Ертіс) мен Сұңғат Есенгелдинге (Лебяжі) тең келер ешкім болмады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы медальмен және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Лебяжі ауданының құрамасы ұйымдастырушылар тағайындаған арнайы кубокты еншіледі.

Фархат ӘМІРЕНОВ
Аққу ауылы, Лебяжі ауданы.

saryarka-samaly.kz