Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында: «Қазақстан - алма мен қызғалдақтың Отаны» екенін айтқан болатын. Кейін мұны биолог ғалымдар да дәлелдеп берді. Зерттеушілердің пікіріне сүйенсек, елімізде қызғалдақ гүлінің 34 түрі бар екен. Оның 12-сі эндемикалық, яғни, тек қазақ жерінде ғана өсетін түр болып саналады. Міне, біздің байтақ даламызды «Қызғалдақтың Отаны» деп атаудың себебі осы болса керек.

Шараға ғалым - биолог, «Берегиня БИО» қоғамдық қорының жетекшісі Татьяна Пономарева, балалар мен жасөспірімдер экология және туризм орталығының экологиялық-ботаникалық кешенінің жетекшісі Светлана Боровикина, сонымен қатар мектеп оқушылары, ата-аналар және мұғалімдер қатысты.

№5 орта мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Сатира Естаеваның сөзінше, мектеп оқушылары мұнда қызғалдақ гүлінің 35 данасын өсіруде. Даланың жұпар иісіне, «наурыздың символына» айналған әсем қызыл гүлді күтіп-баптау кез келгеннің қолынан келе бермейтінін айтады ол. Негізі, жоба өткен жылдың қазан айында басталған. Ал, гүлдің тұқымын ыдыстарға отырғызу жұмысын желтоқсанда қолға алыпты. Балалар оны күтіп-баптау үшін әртүрлі әдебиеттер оқып, ғылыми ізденістер жүргізген.

- Гүлдің тамырын ыдысқа ең алғаш отырғызған кезде 1 градус жылы температурада ұстау керек. Екі аптадан соң бөлменің жылулығын 7 градусқа көтереміз. Мұндай температурада шамамен 10 күндей баптап, кейін тағы қосамыз. Біз алдымен мектептің жылыжайында өсіре бастадық. Одан кейін зертхана бөлмелерінде тағы біраз уақыт баптап, кейін сыныпқа енгіздік. Енді гүл жетіліп өскеннен кейін пиязшықтарын алып, мектеп ауласына отырғызамыз, - дейді Сатира Рыскелдіқызы.

Жобаның тұсаукесер жиынына мектептің 5-6-сынып оқушылары қатысып, өнер көрсетті. Осы күні жас жеткіншектер мектеп сахнасын табиғаттың түсімен безендіріп, айналаға қағаздан жасалған қызғалдақ гүлдерін іліпті. Өнерпаз оқушылар қазақтың «Қызғалдақ» ұлттық биін билеп, «Қызғалдақ – көктем күлкісі» әнін шырқады.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz