Бұған дейін Жастар бастамаларын дамыту орталығы небары үш бөлмесі бар тар ғимаратта орналасқан еді. Бұл сан алуан шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып, ауқымды істер атқаруға кедергі келтірмей қоймады. Ал осы жылдың қаңтар айында Ақсу қаласының әкімдігі Ленин көшесіндегі жеке ғимаратты беріп, Жастар үйі ашылды.

Жастар бастамаларын дамыту орталығы директорының міндетін атқарушы Әйгерім Қалиеваның айтуынша, сол арқылы орталықтың жұмысы ілгерілей түсті.

- Қазіргі таңда орталықта барлығы 10-ға жуық адам қызмет атқарады. Олар жастардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысуына, сол арқылы кәсіп ашуына, өзін-өзі жетілдіруіне көп көмек көрсетеді. Жастар үйінің ашылуы тың жобаларды қолға алуға мүмкіндік береді. Солардың бірі - NEET тобына жататын, яғни не оқымайтын, не жұмыс істемейтін жастарды тегін курстарға тарту, - дейді Ә.Қалиева.

Атап айтқанда, орталық қызметкерлері осы айдан бастап компьютерлік сауаттылық, шешендік өнер, тігу, «Workout» гимнастикасы, тырнақ сәндеу курстарын өткізеді. Сол арқылы жастардың қоғамнан өз орнын табуына, бойындағы қабілетті дамытуға ден қоймақ. Кейін тиісті сертификат береді.

Бұл ретте ауыл жастарының да назардан тыс қалмағанын атап өту керек. Мәселен, мектеп оқушылары арасында Жайдарман ұйымдастырылып, көңілді әрі тапқыр жастар анықталды. Күні кеше онлайн-акция - қақпақтар жинау басталды. 201 дана қақпақ жинап, оны Жастар бастамаларын дамыту орталығына тапсырғандар сыйлық ретінде тасымалданатын музыкалық аппарат ала алады. Ал ұлттық ойынымызды жаңғыртып, оны мектеп оқушылары арасында кеңінен насихаттау үшін асық жинау акциясы қолға алынбақ.

- Соңғы уақытта оқушылар арасында асық ойынына деген қызығушылықтың артып келе жатқаны байқалады. Осыны ескеріп, жастардан асық жинап, оларды мектептерге бөліп беру туралы ой бар. Кейін шәкірттер сабақтар арасындағы үзіліс барысында асық ойнап, бір сергіп қалады, - дейді Ә.Қалиева.

Осы орайда Жастар үйіндегі волонтерлік штабтың жұмысын айрықша атап өту керек. Үш бірдей еріктілер ұйымы жоғалған азаматтарды іздеп, қайырымдылық шараларының басы-қасында жүреді. Осы бағыттағы жұмыстың нәтижелі екенінің бір көрінісі - өткен жылы Ақсу қаласының мейірімділер клубы облыстық сында «Жыл волонтері» атағына ие болуы. Еріктілер жиналатын арнайы ғимарат берілген соң көмек қолын созуға асық мейірімді жандар мен волонтер болуды қалайтындардың қатары күрт артқаны байқалады. Сондықтан ақсулық волонтерлік штаб бұрынғыдан да жүйелі жұмыс істеуге кіріспек.

Жастар үйі қоғам жағдайына бей-жай қарамайтын белсенді жастардың шоғырлануына, олардың өңірдің дамуына үлес қосуына осылайша тың серпін берді. Мұнда түрлі идея туындап, сәтті жүзеге асуда. Ақсулық жастар осы қалыптан таймай, алдағы уақытта кең ауқымды жобаларды қолға алуды жоспарлап отыр. Ол үшін шағын шаһарда барлық жағдай жасалған.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz