Ақсу қаласының тұрғыны Ангелина Харченко бала кезден аспаз болуды армандады. Алайда бұл ойы жүзеге аспай, Ақсу қаласындағы Жаяу Мұса атындағы колледжде техникалық мамандықты оқуына тура келді. Соған қарамастан, студент кезінен-ақ түрлі дәмханада жұмыс істеп, тәжірибе жинады. Ал былтыр «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында мемлекеттік грант алып, «Hot Pizza» жеке кәсіпкерлігін ашты.

- Өткен жылы колледждің соңғы курсында оқып жүрген тұста мамандар келіп, жастардың бизнес ашуына мемлекет тарапынан жасалатын жағдайларды егжей-тегжейлі түсіндірді. Сол кезде «неге өз ісімді бастамасқа?» деген ой келді. Сөйтіп, «Жас кәсіпкер» бағдарламасына қатысуға өтініш беріп, 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз қаржыға ие болдым. Бұл қаражатқа қамыр дайындауға қажет құралдар сатып алдым, - дейді Ангелина Харченко.

Кәсіпкердің айтуынша, қамыр дайындау бір қарағанда оңай іс болып көрінгенмен, қажырлы еңбек пен көп уақытты қажет етеді. Айталық, пиццаға қамыр дайындау үшін оны илеп, бірнеше сағатқа мұздатқышқа салып, одан соң қайта илеп, қайта салқындату қажет. Сол кезде ғана қамыр жұмсақ, дәмді болып шығады. Кейде тіпті бірнеше рет илеп, бір күннен аса уақыт мұздатқышта ұстау керек. Мұның барлығы ауқымды жұмыс болғандықтан, пицца пісіретін орындарға дайын қамырға тапсырыс берген әлдеқайда тиімді. Сол арқылы олар уақытты айтарлықтай үнемдейді. Сонымен қатар, шаһардағы ірі сауда желілерінде жергілікті жартылай дайын өнім сатылады. Кез келген тұрғын үйінде сол қамырдан қалауына қарай пицца пісіре алады. Ал Ангелина бұдан нәпақасын табады.

- Рецепттерді ғаламтордан қараймын. Қамыр жақсы, ерекше болып шығуы үшін жетілдіріп, толықтырамын. Бұл ретте тұтынушылардың қалауын да ескеремін. Осы уақытқа дейін өнімдерді кері қайтарғандар болған емес, - дейді А.Харченко.

Ақсулықтар тарапынан пицца, бургер және хот- догқа қажет қамырға сұраныс жоғары. Жұмыс күндері 10 келіден астам қамыр сатады. Одан 50-ге жуық пицца әзірлеуге болады. Ал демалыс күндері тапсырыс көлемі артып, 15 келіге жуық қамыр дайындайды.

Оған қоса, Ангелина шағын цехта «Hot Pizza» сауда белгісімен пиццалар пісіріп, сатуға кірісті. Біреуінің бағасы - 1100-2500 теңге аралығында. Тұтынушының мекенжайына жеткізу - 300 теңге. Енді кәсіпкер өз өнімдерін арнайы тапсырыс бойынша ғана сатумен шектелмей, жеке дәмхана ашпақ. Оған қажет ғимарат та сатып алды. Қазір мұнда жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

- Егер мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетілмесе, бала арманым жүзеге аспас па еді, кім білсін?! 505 мың теңге көлеміндегі грант өз кәсібімді ашуыма түрткі болды. Енді осы бағытта жұмысымды жалғастырып, ақсулықтар мен облыс тұрғындарына түрлі тағам ұсынсам деймін, - деп түйіндеді жас кәсіпкер.

 

Бетті әзірлеген - Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz