ҚМДБ өкілдерінің айтуынша, ислам діні кейбір ғибадаттарды қауіпті жағдайларда уақытша тоқтатуға рұқсат береді. Мысалы, адамның өміріне, денсаулығына, мал-мүлкіне, бала-шағасы мен отбасы мүшелеріне әлдебір залал тиетін болса, шариғатымыз оның мешітке келіп, бес уақыт намазды жамағатпен оқуын, тіпті жұма намазға қатысуын міндеттемейді. Діни басқарманың ғұламалар кеңесі төмендегі төрт мәселе бойынша нақты шешім шығарды.

• Біріншіден, мемлекет тарапынан елде төтенше жағдай жариялануына және індеттің таралу қаупі жоғары болуына байланысты мешіттерде жұма намазы уақытша оқылмайды. Әркім өз үйінде жұма намаздың орнына бесін намазын өтейді.

• Екіншіден, мешіттер жабылмайды, бес уақыт намазға азан шақырылады. Алайда бес уақыт намаз мешітте жамағатпен оқылмайды.

• Үшіншіден, мешіт жанындағы асханаларда өтетін құдайы ас, садақалар (жетісі, қырқы, жылы т.б. дәстүрлі кәделер) уақытша тоқтатылады.

• Төртіншіден, жаназа намазын тек жақын туыстарымен, яғни аз топпен өткізгені дұрыс.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz