Жуырда ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова елдегі төтенше жағдайға байланысты мейрамханалар мен ойын-сауық орталықтары қалай жұмыс істейтіні жөнінде мәлімдеген болатын.

- Жедел әрекет ету штабында айтылған кеңестерді ескеріп, адамдар көп жиналатын шаралардан бас тарта тұрған жөн. Қандай жағдай болмасын санитарлық-дезинфекциялық шаралар атқарылып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек, - деген еді министр.

Осыған орай облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуеновке хабарласып, аймақтағы мәдени ошақтардың жай-күйін білген едік.

- Қазіргі таңда облыс бойынша барлық мәдениет ошақтары мен адамдар көп шоғырланатын жерлер өз жұмысын тоқтатты. Алдымызда келе жатқан Ұлыстың ұлы күні әз Наурыз мейрамына орай ұлттық салт-дәстүрлерімізді, аталмыш мейрамда аталып өтетін жоралғыларды әлеуметтік желілер арқылы насихаттайтын боламыз, - деді Е.Дәуенов.

Облыстық Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры 18-19 наурызда Ш.Айтматовтың «Жәмила» лирикалық драмасының премьерасына әзірлік үстінде екенін хабарлаған болатынбыз.

- Наурыз айына жоспарланған екі премьераның біреуін төтенше жағдай жарияланғанға дейін ел назарына ұсынып үлгердік. Ал 18-19 наурызға бекітілген жаңа қойылымның премьерасына билеттер толықтай сатылып кеткен болатын. Бұдан бөлек, осы айдың соңына қарай Баянауыл ауданына гастрольдік сапарымыз белгіленген еді. Ол жақта да билеттер түгелдей сатылған. Енді жұмысымыздың уақытша тоқтауына байланысты сатылған билеттердің ақшасын тұрақты көрермендерімізге түгелдей кері қайтарып береміз, - деді театр басшысы Арман Темірбекұлы.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz