Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасын сауда саясаты бөлімінің басшысы Талғат Дұғаловтың сөзінше, облыс орталығындағы «Small» супермаркеттеріне тұрақтандыру қорында сақталып тұрған 40 тонна қант жеткізілді. Аталмыш сауда желілері оны үстемесіз сататын болады. Себебі, қант әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қатарында болғандықтан тұтынушылардың қалтасына салмақ салмау мәселесі бірінші орында болуы тиіс. Ал әлеуметтік дүкендерге 20 тонна қант жеткізілді. Бұл сауда орындарына белгілеп берген ең шекті баға – 190 теңге.

- Әлеуметтік дүкендер бізден қанттың бір келісін 175 теңгеден сатып алып, тұтынушылар үшін 190 теңгеден босатуда. Баға бақылауда болады. Күн сайын мониторинг жүргізілуде. Қазір облыстың тұрақтандыру қорында 190 тонна қант бар. Оны басқа сауда желілеріне де таратуды жоспарлап отырмыз. Еліміздегі қант шығаратын зауыттар жергілікті нарықты шекермен қамтамасыз ете алмауда. Өнім көбіне Ресей мен Беларусь елінен әкелінуде. Бағаның құбылуы сондықтан, - дейді Т.Дұғалов.

«Скиф трейд» ЖШС облыстық филиалының директоры Азамат Әбілмановтың айтуынша, соңғы уақытта тұтынушылардың қант, жарма, күнбағыс майы, ұн сияқты өнімдерді сатып алу деңгейі өскен.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz