Бұрнағы күні өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Сұңғат Есімханов төтенше жағдай енгізілген уақыттан бергі ахуалға тоқталып өтті. Соңғы деректер бойынша, Павлодарда 74 адам карантинге алынды. Оның 25-і - стационарлық бақылауда болса, 51 адам - үй жағдайындағы карантинде. Дәрігерлер, учаскелік полицейлер өзге өңірлерден, шет мемлекеттен облысымызға келген азаматтарды бақылауға алып, мониторинг жүргізуде. Бақылау шаралары күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр.

Брифинг барысында Сұңғат Есімханов павлодарлықтардың Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан оралуына аз ғана уақыт қалғанын еске салды. Себебі, 22 наурыздан бастап бұл қалаларға пойыздар бармайды және аталмыш шаһарлардан ешқайда бағыт алмайды. Павлодарлықтар қазірден-ақ сақтық шараларын жасап, билеттерді қайтарып, бас қалаға сапардан бас тартып жатқан көрінеді.

- Күні кеше Павлодар - Нұр-Сұлтан бағытына сатып алынған 57 билеттің 47-сі қайтарылды. Тек 10 адам елордаға баруға бел буды. Сонымен қатар, Павлодар қаласы арқылы өтетін Өскемен - Нұр-Сұлтан бағытындағы пойыздың 600 жолаушысы билеттерін кері қайтарды, - деді С.Есімханов.

Төтенше жағдай кезінде темір жол және әуе компания-лары қайтарылған билеттің толық көлемін беруі тиіс. Егер билетті кері тапсыруға қатысты түйткілдер туындап жатса, шұғыл түрде құзырлы мекемелерге хабарласу керек.

Жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындардың жұмысында осындай өзгерістер орын алып жатқан тұста өңірдегі өзге ірі өндіріс орындарының жұмысы тұрақты қалпын сақтап отыр. Төтенше жағдайдың енгізілуі өндіріс қуаттылығының төмендеуіне ешқандай әсер еткен жоқ.

- Қазіргі кезде ешбір кәсіпорында күрмеулі мәселе жоқ. Барлығы қалыпты түрде жұмыс істеп, өнімдерді шығаруда. Тіпті, Ақсу ферроқорытпа зауытының өнімдеріне деген тапсырыс көлемі арта түсті. Сондықтан зауыт, фабрика жұмысшыларының алаңдауына еш негіз жоқ, - деп түйіндеді Сұңғат Қуатұлы.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz