Бүгінде 44 мыңға жуық адам еңбек ететін өңірдің барлық 19 жүйе құраушы кәсіпорны штаттық режимде жұмыс істеуде. Облыс әкімдігі төтенше жағдайға байланысты кез келген мәселе бойынша әр компанияның басшылығымен тұрақты байланыста.

Адамдардың жаппай жиналуын қарастыратын сауда-ойын-сауық орындары мен объектілер үшін енгізілген шектеулер шағын және орта бизнестің жұмысына әсер етті.

– Турагенттіктер, үйлену тойы салондары, ивент-агенттіктер де қаржы шығынын бастан кешіруде, – деп мәлімдеді облыс әкімінің орынбасары Сәкен Шаяхметов. – Қалалар мен аудандарда осы санаттағы барлық кәсіпкерлерге мониторинг жүргізу қажет. Біз келесі аптаның соңына қарай оларды қолдаудың нақты тетіктері пысықталатын болады деп күтеміз.  Қазірдің өзінде біз ШОБ-ты онлайн-режимге көшіру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Дәмханалар тамақты, дәріханалар дәрі–дәрмектерді, дүкендер бірінші кезектегі қажетті тауарларды тұрғындарға жеткізетін болады.

Павлодар облысы толығымен азық-түлікпен қамтамасыз етілген. Өндірушілердің, сауда нысандарының мен тұрақтандыру қорының қоймаларында 74,6 мың тоннадан астам өнім бар.

– Біз күн сайын баға мониторингін жүргіземіз, – деді облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов. – Әлеуметтік дүкендердің санын 196-дан 300-ге дейін арттыру жоспарлануда. Тұрақтандыру қорында 1,4 мың тоннадан астам тауар бар. Қосымша 777,1 миллион теңгеге 4,8 мың тоннадан астам өнім сатып алу жоспарлануда.

Биылғы жылы бюджеттік шығындарды 1,5 миллиард теңгеге қысқарту жоспарланып отыр. Экономикалық тиімсіз жобалардан, имидждік іс-шараларды жүргізуден бас тарту көзделуде.

– Жағдай күте алатын жобаларды кейінге қалдыруды талап етеді, – деді Әбілқайыр Сқақов. – Біз жұмылдыратын барлық ресурстар өңірлік резервті толықтыруға, су тасқыны салдарынан болуы мүмкін төтенше жағдайларды шешуге, коронавирус бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталатын болады.

Жедел әрекет ету штабы шеңберінде Павлодар облысында 18 мониторингтік топ жұмыс істейді. Барлық мониторинг топтарына әкімнің орынбасарлары жетекшілік етеді. Ал топтарды облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары басқарады. Әбілқайыр Сқақовтың айтуынша, бүгінгі таңда шетелден, сондай-ақ карантин басталған Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан көші-қон ағындарына үлкен көңіл бөлу қажет. Сондай-ақ аймақ басшысы әлеуметтік жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік жәрдемді төлеу және білім беру жүйесінің жұмысы бойынша барлық мәселелерді қарастыруды тапсырды.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

saryarka-samaly.kz