Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте   облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов айтты.

- Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты тұрғындарды уақытылы әрі жеткілікті көлемде азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсаты қойылған. Бүгінде жұртшылықтың қауіпсіздігі үшін ірі сауда орындары жабылды. Бұл жағдайға түсіністікпен қарасаңыздар дейміз. Супермаркеттер, орта деңгейдегі және шағын дүкендер жұмыс істеуде. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын негізсіз көтеруге жол бермеу мақсатында күнделікті деңгейде мониторинг жүргізудеміз. Әлеуметтік дүкендердің санын арттыру да көзделуде. Қазіргі кезде өндірушілердің қоймаларында 55,5 мың тоннадан астам азық-түлік бар. Барлық тауар өндіруші кәсіпорындар қалыпты жағдайда жұмыс істеуде. Қажетті көкөніс қоры да жеткілікті. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен тиісті келісімдер жасалды. Сондықтан әбігерге түсіп, азық-түлікті көп мөлшерде сатып алудың қажеті жоқ, - дейді А.Батанов.

Алмас Батанов 11 наурыздан бастап қант бағасының көтерілуі күтілгенін айтты. Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы қант келісінің орташа бағасы 200-210 теңгені құрады. Бұл бағаны одан әрі өсірмеу мақсатында әлеуметтік дүкендерге 20 тонна, «Small» супермаркет желісіне 40 тонна көлемінде қант жеткізілді. Қазір аталған сауда орындарында құмшекердің келісі 190 теңгеден саудалануда. Баға мониторингінен бөлек, қоймалар мен сауда орындарында азық-түліктің жеткілікті болуы да бақылауға алынған. Баға саясатына қатысты шағымдарды қабылдау мақсатында жедел  желі құрылды. Тұрғындар тарапынан қандай да бір сауда орны бағаны негізсіз  көтергені туралы ақпарат түссе, тиісті шара қолданылмақ.

Бұдан бөлек, Алмас Батанов көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысын сөз етті. Бұл ретте техникалардың дайындығы 96 пайызды құрайды. Арзандатылған дизель отыны да жеткізілген.

 

А.АСҚАРҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz