Бюджетке өзгерістер аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақовтың қатысуымен өткен облыстық мәслихат сессиясында бекітілді.

– Жоспарланған оңтайландыру көлемі 3,6 миллиард теңгені құрады, – деп мәлімдеді экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаев. – Бюджет комиссиясының шешімі бойынша босаған қаражат және қосымша қаржыландыру көздері бірнеше міндетті ұйымдастыруға жұмсалатын болады. Тұрақтандыру қорын толықтыру бойынша шараларға бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінеді.

Сондай-ақ бюджет есебінен әлеуметтік нысандарға жөндеу жүргізіліп, полиция органдарына қажетті жабдық сатып алынбақ.

Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов үнемделген бюджет қаражаты қазіргі сәтте өмірлік маңызға ие болып отырған міндеттерді шешуге жұмсалатынын айтты. Бұл - азық-түлік қорын қалыптастыру, эпидемияға қарсы шаралар және су тасқынына қарсы іс-шаралар. Сондай-ақ ол қала-аудан әкімдіктеріне өз бюджеттерін қайта қарау тапсырылғанын жеткізді.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

saryarka-samaly.kz