Қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабында: «...Ертексіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызға әжелері, не шешелері ертек айта бермейді. Содан қорқам. Менің қазіргі келіндерім немерелеріме бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең болып қалмаса деп қорқамын. Ал менің кәрі апам Қызтумас маған ертекті көп айтатын, әлди әнді көп айтатын. Арада неше заман өтті! Қызтумас апамның сүйегі әлдеқашан қурап кетті, ал әлди ән айтқан үні әлі тұр құлағымда», – деп жазылған.

Бүгінде кез келген ана баласына айта бермейтін бесік жырын қайта жаңғырту жұмыстары көптеп ұйымдастырылуда. Мәселен, былтыр «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен алғаш рет өңірімізде «Бесік жыры» облыстық фестивалі өткен болатын. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Қазақтану» жобасы аясында қолға алынған игі бастамаға еліміздегі өзге аймақтар да қызығушылық танытып отыр.

Баласына бесік жырын айтатын және бесікке бөлейтін аналардың қатары сиреген уақытта ұлттық құндылығымызды қайта жаңғыртып, оның мәнін ұғындыруды қолға алған «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова фестивальдің басты мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеп, жас отбасыларға сан ғасырлық салт-дәстүрлерді аялауға баулу және бесік жырының бала тәрбиесіндегі маңыздылығын көрсету, дейді.

- Қазіргі таңда баласын бесікке бөлеп, «Бесік жырын» айтып отырған аналар мен әжелерді сирек көреміз. Біздің қазақ - балаға жөргегінде жатқаннан-ақ тәлім-тәрбие беріп, ананың әлдиімен салт-дәстүрімізді сіңіре білген көреген ел. Біз осы қасиетімізден айрылып қалмауымыз керек. Ол үшін осындай шараларды кең көлемде ұйымдастырып, өшкенімізді қайта жаңғыртуымыз шарт. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген халықтың ұрпағымыз. Сондықтан жас аналарға бесік жырларын үйрету мақсатында алдағы уақытта перзентханаларға баруды жоспарлап отырмыз. Өткен жылы алғаш рет пилоттық жоба ретінде ұйымдастырған шарамызға облыстың барлық аудандары мен қалаларынан келген енелер мен келіндер және өңірдегі 24 этномәдени бірлестіктің өкілдері бас қосқан шарада бесіктің қасиеті сөз болып, әр тілде шырқалған бесік жырының құдіреті дәріптелген болатын. Сұраныс пен қолдауға ие болған шара биыл да жалғасын табады, - дейді Б.Максилова.

«Әлди-әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат, бөпем!

Жылама, бөпем, жылама,

Жілік шағып берейін,

Байқұтанның құйрығын

Жіпке тағып берейін...», - деп келетін бесік жырын әр ана білуі шарт. Себебі тал бесіктен берілген тәрбие адамға жер бесікке дейін азық болады дейді үлкендер.

Айта кетелік, «Бесік жыры» фестивалінің ережесі мен өтетін уақытын алдағы уақытта қосымша хабарлаймыз.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

Сурет газет мұрағатынан алынды.

saryarka-samaly.kz