Несіпбек Баязитовтің өмір жолына қысқаша тоқталсақ, ол 1919 жылы Баянауыл ауданының Южный (қазіргі Жұмат Шанин) ауылында дүниеге келген. Аудан орталығындағы 7 жылдық «Үлгілі» мектебін бітіріп, сонда пионервожатый болып біраз жыл жұмыс істейді. Содан кейін 1935 жылы жазушы-драматург жерлесіміз Жұмат Шаниннің шақыртуымен Алматыға аттанып, әскерге кетерге дейінгі аз уақытта өнер саласында қызмет істеді.

1937 жылы Алматыдағы қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдап, сол жылдың тамыз айында Абай атындағы қазақ мемлекеттік опера және балет театрына әнші болып жұмысқа орналасады. Осы кезде батырдың табиғи дарыны – әншілік өнері мен актерлік шеберлігін бүкіл өнер майталмандары мойындады деуге болады. Осы өнер ордасының қабырғасында жүріп, қазақ өнерінің тарландары Күләш Байсейітова, Жүсіпбек Елебеков, Жамал Омарова сынды әншілермен бір сахнада өнер көрсеткен. Республикалық «Мәдениет және тұрмыс» журналына Баязитов жөнінде үлкен мақала жарияланып, суреті басылып шықты. Бірақ, өнер айдынындағы қанаты ерте қайырылды, 1940 жылы әскерге шақырылады.

1941 жылы соғыс басталғанда бірден майданға жіберіліпті. Бастапқы кезде майданнан жазылған хаттары және фотосуреттері келіп тұрған. Кейін хат-хабар үзіліп, 1943 жылы жерлесіміз Несіпбек Баязитовтің мүлдем хабар-ошарсыз кеткені жөнінде қағаз келеді. Кейін табылған мәліметтерге сүйенсек, ол 62-гвардиялық дивизияның және 127-атқыштар дивизиясының құрамында соғысып, Ресейдің Новая Калитва қаласын азат ету жолында ерлікпен қаза болған екен. Майданға кірген алғашқы жылдары взвод командирінің көмекшісі қызметін атқарса, кейін взвод командирі және рота командирі дәрежесіне дейін көтерілген. Майданда көрсеткен ерлігі үшін І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, жауынгерлік «Қызыл ту» орденімен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Қаһарман Несіпбек жөнінде майдандас досы, гвардия полковнигі Қапас Ошақбаев «Жорық жолдары» кітабында жазса, «Қазақстанның Халық жазушысы Қалмұқан Исабаев «Бақытты сәттер» кітабында ерекше мақтанышпен еске алады: «Біздің класта Баязитов Несіпбек деген вожатый болды. Өзі ылғи әскери форманы еске салатын киім киіп жүретін. Белін бекем буынған оның тік тұлғасына қызыға қарап, соған ұқсауға тырысатынбыз. Оның үстіне Несіпбек тартпайтын музыкалық аспап кемде-кем, сырнайын соза кеп ән шырқағанда бізге ол зор дауысымен клубты көтеріп тұрғандай болып елестеуші еді. Ал билегенде аяғымен салатын музыка үнімен үйлесімді тақ-тұғы кімді болсын таңдай қақтырмай қоймайтын. Менің алғашқы вожатыйым жөнінде айтатын тағы бір сөзім бар. Несіпбек 1939 жылы Алматы консерваториясына оқуға аттанды. Келесі жылы Қазақтың опера және балет театрына әнші болып орналасыпты дегенді естіп, төбеміз көкке жеткендей болып жүрдік», - деп жазған жазушы.

Батыр Баязитовке туған жерінен топырақ бұйырмады. Жерлесіміз Украинаның Харьков облысы Изюм қаласына қарасты Заводы ауылы маңында жерленіпті. Жатқан жері туралы бертінге дейін белгісіз еді. 1969 жылы сол ауылдың тұрғындары жер қазып жүріп, соғыс солдаттарының қабіріне тап болады. Зерттеушілер әлгі шағын моладан үш адамның атын анықтаған. Біреуі Несіпбек Баязитов болса, қалғандары Табадзе және Перадзе деген грузин азаматтары екен.

Майдангердің жақындарының бірі – Қылышбек Баязитов. Айтуынша, Ресей мен Украинадағы Несіпбек ерлік көрсеткен қалаларда батыр есімі ерекше құрметтеледі. Бүгінде Новая Калитваның бір көшесі Н.Баязитов есімімен аталса, Изюм аудандық кеңесі жерлесімізге «Изюм өңірінің Құрметті азаматы» атағын берген. Ал жерленген жері – Заводы ауылында 1972 жылы ескеркіш орнатылды. Өкінішке қарай, өзінің туған жерінде есімі ескерусіз қалып келеді.

- Осыдан он шақты жыл бұрын республикалық «Батырлар жолы» қоғамдық қорының президенті Жұмабек Кенжалин деген азамат ҚР Қорғаныс министлігіне хат жазып, Несіпбекке Халық Қаһарманы атағын беруді ұсынған болатын. Кейін бұл бастаманың соңы сиырқұйымшақ-танып кетті. Одан кейін «Мәдени мұра» бағдарламасының шеңберінде туған жеріне мүсінін орнату жөнінде тапсырма тағы берілген. Өкінішке қарай, мұның да нәтижесін көре алмадық. Ендеше, биыл Ұлы Жеңіске 75 жыл толғанын ескерсек, аяқсыз қалған істі қайта қолға алудың реті келіп тұрған сыңайлы. Сонымен қатар, батыр атына облыс және аудан орталықтарынан көше берілсе деген тілегіміз бар. Негізі, Баянауыл ауылының бір көшесі Баязитов есімімен аталады. Бірақ, оны көше деп атауға аузыңыз бармайды. Үш-төрт үй ғана орналасқан алаңқай жер. Сондықтан, майдангерге батырға лайық құрмет көрсе-тілсе, - дейді батырдың ағасы Игеннің ұлы Қылышбек Баязитов.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқарма-сының басшысы Ернұр Дәуеновпен хабарласқанымызда майдангердің жақындарының өтінішін ескере отырып, Баянауылға Баязитовтің бюстін орнату туралы ұсыныс жібергенін айтты.


Облыстық «Saryarqa samaly» газетінде Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер жерлесіміз Несіпбек Баязитовтің ерлігіне лайықты құрмет көрсету мәселесі бұған дейін де бірнеше мәрте көтерілген. Дегенмен, жақындары мен жерлестері үшін мақтанып айтар іс әлі атқарылмай келеді. Сондықтан, биылғы Жеңістің 75 жылдық мерейтойы қарсаңында қаһарман тұлға- ның есімі әспеттеліп, жоғары деңгейде құрмет көрсе-тілер деген ойдамыз.

 

Тілеуберді САХАБА.

saryarka-samaly.kz