Өзіміздікі өнімді

Бүгінде аймақтағы егіс алқабының 50 пайызына көрші елдің тұқымы себіледі екен. Атап айтсақ, бидайдың «Саратовская – 29» және «Омская – 18» секілді сорттары 50 жыл бойы қолданыста. Павлодар ауданы Кемеңгер ауылында орналасқан «Павлодар ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасы» ЖШС директоры орынбасарының міндетін атқарушы Ардагер Сарбасовтың айтуынша, отандық тұқымдардың сапасы ешкімнен кем емес. Тек шаруалардың ойында сол баяғы «советский», «ресейлік» өнімдер жақсы» деген пікірлер қалыптасып қалған.

- Салыстырмалы түрде мысалға алсақ, павлодарлық бидайдың әр гектарынан 30-35 центнер өнім алынса, ресейлік тұқым 10-15 центнер өнім береді. Шаруалар тұқымды көбіне Омбы өңірінен әкеледі. Тұқыммен бірге өсімдік аурулары да келуі мүмкін. Жалпы, Павлодар облысының әр ауданындағы топырақтың құнарлығы бір-біріне ұқсамайды. Бұл ретте, агрохимиялық зерттеулер жүргізіліп, шаруаларға қандай тұқым егу керектігі жөнінде ұсыныс береміз. Көмегімізге көбіне шағын шаруашылықтар жүгінеді. Ірі шаруа қожалықтарында тәжірибелі агрономдар бар. Десе де, олармен де қоян-қолтық жұмыс істеп жатырмыз. Атап айтсақ, «Победа», «Галицкое» сияқты серіктестіктер сенімді серігімізге айналып отыр, - дейді Ардагер Сарбасов.

Ел нарығында павлодарлық картопқа сұраныс жоғары. Бұл ретте, тәжірибелік стансаның зертханасында картоптың бірнеше түрі сынамадан өтуде. Атап айтсақ, «Гулливер», «Любава», «Беллароза», «Даренка», «Биргит» тұқымдары көктемде егіс алаңына егілмек.

Ардагер Сарбасовтың айтуынша, қолдағы қондырғылар әбден ескірген. Ауыл шаруашылығы цифрландыруға аяқ басқандықтан, көштен қалмай, заманауи құрылғыларды қолданған абзал. Әйтпесе, шаруалармен жұмыс істеу қиынға соғатыны сөзсіз. Бұл ретте, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қондырғыларды жаңарту көзделіп отыр.

Кадр мәселесі де шешімін табуда. Бүгінде мұнда Кемеңгер ауылындағы аграрлық-техникалық коледждің түлектері еңбек етіп жатыр. Солардың бірі – Айдана Тайшықова.

- «Серпін» бағдарламасы шеңберінде Қызылорда қаласынан келдім. Биыл агроном мамандығы бойынша оқуымды тәмамдап, іле жұмысқа орналастым. Себебі, бұған дейін тәжірибелік стансада практикадан өтіп, жұмыстың қыр-сырына қаныққан едім. Павлодар мен Қызылорда өңірлерінің өсімдік шаруашылығында айырмашылық көп екен. Аз уақыттың ішінде тұқымның көптеген түрін біліп, ерекшеліктерімен таныстым. Білімімді арттыру мақсатында Toraighyrov University-ге оқуға түскім келеді, - дейді Айдана.

Жаңаның аты - жаңа

Тәжірибелік стансаның селекционері Наталья Кузнецованың мәліметінше, 1 сортты қолданысқа енгізудің өзіне 15 жылдай уақыт қажет екен.

- Биыл жазғы жұмсақ бидайдың «Анель-16» сортын, сұлының «Ертіс самалы» сортын қолданысқа енгіздік. «Победа» ЖШС-мен бірге арпаның «Орловская», «Галицкое» ЖШС-мен бірге бидайдың «Галичанка» сияқты жаңа сорттарын шығарып, тұқымды пайдалануға рұқсат қағазын күтіп отырмыз. Шаруашылықтар астық дақылдарынан көбіне «Северянка», «Кондитерская яровая», «Юбилейная» сияқты сорттарды қолданады. Себебі, олар аймағымыздың ауа райына төзімді болып келеді. Бұрындары «Секе» тұқымы көп егілетін. Қазір ол сорт қарағандылықтардың тарапынан мол сұранысқа ие, - дейді Н.Кузнецова.

Соңғы жылдары шаруалардың егіс алқабында селекциядан өткен тұқымдар егіліп, тәжірибе жүргізілуде. Егер астықтың өнімділігі шаруалардың көңілінен шығып жатса, тәжірибелік стансадан тұқым сатып ала алады. Айтпақшы, аталған серіктестік - облыста суперэлиталы тұқым шығаратын жалғыз мекеме. Кейін «Галицкое», «Абай» сияқты элиталы тұқым шаруашылықтары әрі қарай көбейтіп, өзгелерге ұсынады.

Осы орайда ҚР Ауыл шаруа-шылығы министрлігі айналымда 10 жылдан аса жүрген тұқымды субсидиялаудан бас тартқанын атап өткен жөн. Белгілі болғандай, елімізде айналу мерзімі 10 жылдан асып кеткен тұқымдардың үлесі 50 пайызды құрап отыр. Отандық ғалымдар «кәрі тұқымның» энергетикалық әлеуеті төмендеп, шығымдылығы аз болатынын дәлелдеген.

Арзанға қызықпа!

Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Мойылжан Қанаев кейбір шаруалардың тұқымның сапасына мән бермей, арзан өнімге құмар екенін айтады.

- Мол әрі сапалы өнім алу үшін сапалы тұқым керек. Тұқымның таза сортын бастапқы қалпында сақтап қана қоймай, шаруашылықтарға таратып, барынша көбейту қажет. Әрине, елімізде түпнұсқа тұқым өндіріп отырған мекемелер аз да болса бар. Бірақ сол сапалы тұқымды көбейту жағы кемшін болып тұр. Қазір көбі қай жерде арзан баға бар, соған қарай жүгіреді. Сапасының төмендігіне қарап жатқан ешкім жоқ.

Тұқымды селекциялық мекемелерден сатып алу керек. Бұрын тұқым шаруашылығымен айналыса-тын арнайы мекемелер түпнұсқа тұқымды көбейтетін. Шаруашылықтар содан ғана тұқым алып егетін. Қазір мұндай жүйе жоқ, - дейді М.Қанаев.

Тұқым жеткілікті

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Темірболат Жақыповтың айтуынша, бүгінде облыс бойынша 134,4 мың тонна тұқым дайын тұр. Шаруалардың иелігіндегі қоймалар заманауи құрылғылармен жабдықталған.

- Биыл қар мөлшері көп. Енді ылғал бабымен жерге сіңіп, көктемде жауын-шашын молынан жауса, астықтың өнімділігі жақсы болмақ. Жоспарға сәйкес, мамыр айында ең әуелі күнбағыс, көпжылдық шөптердің тұқымы егіледі. Кейінгі кезекте - бидай, сұлы, арпа өнімдері. Сосын жарма өнімдері себіледі. Біздің аймақта ең соңғысы қарақұмық тұқымы егіледі. Оны маусым айының 5-іне дейін толық аяқтаған абзал. Әйтпесе, күзде жетілуі қиынға соғады. Қазір тұқым шаруашылығын субсидиялаудың жаңа ережесін күтіп отырмыз. Былтыр 1000 гектарға 10 келі бидай ексеңіз, оның 10 пайызы субсидияланатын, - дейді Темірболат Жақыпов.

Кеңесі керек

Шарбақты ауданындағы «Победа» ЖШС-нің басшысы Александр Поляков көп жылдар бойы Павлодар ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен байланыс орнатып, ғалымдармен қоян-қолтық жұмыс істеп жатқанын айтады.

- Ғылымсыз алысқа бара алмайтынымыз белгілі. Бұл ретте, көктемгі егіс жұмыстары басталмай жатып Павлодар ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандарымен ақылдасамыз. Элиталы тұқымды аталған институттан сатып аламыз. Кейін бізден шағын шаруашылықтар алып жатады. Биыл егіс алқабы 36 мың гектарды құрап отыр. Оның 60 пайызы – бидай, қалғаны - бұршақты және жарма дақылдары. Соңғы жылдары қыша себілетін егіс алаңы артуда. Жасыратыны жоқ, нарықта қандай дақылға сұраныс бар, соны егуге тырысамыз. Қышаны Еуропа елдеріне, жасымықты Түркия мен Иранға жөнелтуге мүмкіндік бар, - дейді А.Поляков.

Қорыта айтсақ, мол өнімге қол жеткізу үшін сапалы тұқымды қолданған абзал. Диқандар өзгенің қаңсығына қызықпай, жергілікті ғалымдардың шығарған тұқымын пайдаланса екен дейміз.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz