Бақыт СҰЛТАНОВ, ҚР Сауда және интеграция министрі (пікір интернеттен алынды):

- Бұрын қолданылған тауарлар саудасында крими- налдық негіз болатыны белгілі. Сондықтан тауарларды қабылдау бойынша қажетті талаптар заңда көрсетіледі. Пайдаланылған заттар тек стационарлық немесе жергілікті әкімдіктер белгілеген орындарда ғана сатылады.

Бақылауды ішкі істер органдары жүргізеді. Жоспарлы тексерістерден бөлек, рейдтік шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, тауарды қабылдау кезінде тапсырушы азаматтың мәліметтері арнайы журналға енгізіледі. Мұның бәрі тауарлардың екінші, үшінші айналымын реттеуге септігін тигізеді.


Вячеслав КНУТАС, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты:

- Менің ойымша, бұл заң жобасында қарастырылып жатқан норма уақыт өте өз пайдасын әкеледі. Себебі, қолды болған заттарды сатумен айналысатын адамдардың жолы кесіледі. Сәйкесінше, ұрлықтың да азаюына оң әсерін тигізеді. Кезінде комиссиондық дүкендер болғанын білесіздер. Оларға затын тапсыруға келген азаматтан міндетті түрде құжаты талап етілетін. Жеке басына қатысты мәліметтер жазылып алынады. Ертеңгі күні мұндағы заттардың бірі қылмыстық іс шеңберінде ұрланған тауар болып шықса, оның қайдан келгенін, кім әкелгенін табу қиынға соқпайды.

Әсіресе, ұялы телефондар жиі ұрланатыны рас. Мұның алдын алу үшін телефондарды тіркеу жұмысы бірнеше жыл бұрын іске асырылып, оң нәтижесін көріп отырмыз. Сондықтан, қоғамдағы келеңсіз жағдайларды реттеуге қатысты қабылданатын әрбір қадамнан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.


Әсел БИКЕНОВА, қала тұрғыны:

- Кей адамдар жағдайына немесе бұрын қолданыста болған кейбір заттарға деген қызығушылығына байланысты сатып алып жатады. Міне, сондай кезде ол тауардың адал жолмен келгеніне сенімді болуы үшін заң талабы өте орынды. Яғни, заттың ұрланбағанына еш күмәні болмайды. Қорқынышсыз, келешекте келеңсіздікке тап боламын деп ойламайды. Демек, тұтынушы ретінде құқығы қорғалады.

Ол заттарды белгіленген жерде ғана сатқызатын болса, тұрғындар да сол орынға сеніммен қарайды. Тауарды қабылдап, сатуға қойған азаматтың да ары таза болады. Оның да құқық қорғау органдарымен жолы түйіспейді. Қабылдап алған затын күмәнсіз саудалай береді. Ал егер қандай да бір мәселе туындаса, қолда бар ақпаратымен қорғана алады. Бұл талап - тұтынушылардың құқығын қорғаудың бір айқын қадамы деп білемін.

 

«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

saryarka-samaly.kz