Бұл жолғы қауіп - үлкен. Емі табылмай тұрған, әлем елдерін әбігерге салған індет түгел өркениетті қамтыды. Бұған дейін космостың өзін бағындырып, небір ғарыштық игіліктерді пайдалана бастаған әлемнің бір осал тұсы шықты.

Бұрын шекара асудың қиындығы болған, оны бүгін айтсаңыз, он жасар балаңыз күледі. Сенбейді. Түркия, Алмания, АҚШ секілді кезінде суретін ғана көрген небір елдерге сапарлап, саяхаттап барып келу – қазір көрші ауылға барып қайтқандай. «Е» дейсің де, қысқа қайырып қоясың. Шекара ашылып, жастар – «әлем азаматтары» атана бастады. Осы жолғы қауіп – осынысымен басқаша. Сырттан келді. Шекараның ар жағынан. Ұшақпен. Үлкен қаладан. Үлкен қалаларда қауіп те үлкен екенін карантин жариялап жатқандарға қарап көресің. Көресің де түршігесің. Әлем болып елдердің «ішек-қарны араласып»  кеткенінің бір салдары осы болып тұр.

Білетіндердің айтуынша, осы жолғы індеттен мейлінше аз зардап шегетін елдер – сыртпен алыс-берісі жоқ, шекарасы тарс бекітілген мемлекеттер. Дамуы төмен елдер болуы да мүмкін. Бірақ тағы, коронавирус сыртпен араласпайтындарды алты шақырым айналып өтеді деуге келер ме екен? Уақыт, кейінгі жағдай, мамандар талдауы көрсетер.

Бұл жолғы індет басқа екенінің бір белгісі – аузына байлар мен атақтылардың да ілінуі. Бұрын туберкулезді кедейлердің, материалдық жағдайы төмендердің, аш құрсақтылардың арасында белең алатын індет деп ұғатын едік. СПИД те соған тақау.  COVID-19 олай емес. Үлкен қаладан самолетпен келді, ақшасы барлар арасынан. Еуропадан. Қытайдан. Тағы еске түседі, Ухань қаласында осы бір вирус тарап жатыр дегенді әуелде естігенде, «ой қойшы, Уханьың қайда, Қазақстан қайда?» деп қол сілтеп едік. Енді қазір... Ауылдың да аман екенін айта алмайсың.  Әлеммен шектен тыс байланыстың, интеграцияның бір салдары осы.

Кризистің бір әкелетін өзгерісі медицина саласында көрінетін секілді. Қанша дамыған Қытай, Корея, Еуропа десеңіз де, тосқауыл қоя алмады, арпалысып, ауыздықтау оңай болмай жатыр. Адамзаттың қорқатын қауіптері көп екен. Технологияңыз жетілген сайын, вирустар да көнтерілі болып, түрлене береді екен. Көнтерілі демекші, қайбір жылдары 1000 градуста (100 градуста шәйнек қайнайды) жойылмайтын вирустар, бактериялар болатынын (коронавирус емес) естіп таң қалып едік. Термикалық өңдеуге де бой бермейтін көрінеді. Ендеше, пандемияның соңы бұл ма, жоқ па, кім білсін. Беті аулақ болсын, әрине. Айтайын дегеніміз, дамыған медицинамыз да қауқарсыз болып шыққаны. Қазір сынақтар жасалып жатыр, нәтижесінде осы жұқпалы ауруға қарсы бір екпелер әзірленер. Әмин дейік. Естуімізше, Қытайда аурудың әу баста анықталмауына ол елде жалпы тәжірибе дәрігері секілді ұғымның жоқтығы кері әсерін тигізген. Яғни, оларда әртүрлі аурулар бойынша салалық дәрігерлер (узкие специалисты) даярлау ғана дамыған. Рас болса, қытайлықтар енді жалпы медицинаны дамытуға күш салады. Президент Қ.Тоқаев та бұл туралы мәлімдеме жасағанын білесіздер.

Қорғаныштың түрі ең қарапайым болып шықты. Қол жуу, бетперде тағып жүру, кісі қаптаған орыннан тысқары қалу, жиын, көрме, базарларға бармау. Әуелде солай айтылып еді, бәріміз күлдік, күлмесек те, жеңіл қарадық. Осы жеңіл қарағаннан Италияда ауру айрықша қарқынмен таралып, өлім-жітім көрсеткішінен рекорд жасады. Қазір өздері мойындап, келер ұрпаққа есте сақтау үшін видеожазбалар таратып жатыр. Бірақ жеңіл қараудың салдары кеш болады екен, уақыт кешіккенді көтермейді, одан жеңетін – вирус. Қазір Италия - Еуропаның індет ошағы. Қытай болса, әуелдегі пандемия көзі еді. Олар өздерін сақтық тәртібін қатаң ұстанатын аса тәртіпті халық, дисциплинасы мықты, ел ретінде танытты. «Үйден шықпа» дегенде шықпады, тарс жауып алып, таратпады. Сөйтіп, таяуда Уханьға барған ҚХР Төрағасы Синь-Цзипинь бас болып, обаның бетін қайтарғанын мәлімдеді. Еуропаңыз болса, қарапайым қол жууға қырын қарап, ақыры жағдайын ушықтырып алды. Енді барлық елдер бірігіп, вирусқа қарсы күресте тізе қосып жатыр.  Медицинаның қарапайым қол жуудан басталатынын қайта ұқтық. Бізде «үйде отырайық», «қол жуып, тазалық сақтайық» дегендерге миығынан күліп қараушылар аз деп сенейік.

Бұл жолғы індеттің бір дәлелдегені – елдердің ештеңеге, экономикалық салдары зор катастрофалардан да қорықпай, тіпті мүлдем ойлап жатпай, шекараны тарс жауып, оқшауланудың қажеттігі. Алдымен рейсті азайтып, сосын тағы күшейтіп, біраздан соң тіптен бекітіп, созылып жүрудің өз салдары бар. Біреулердің айтуынша, шекараны әу бастан жабу керек еді. Біздің шенеуніктердің сөзінше, карантинді ерте жариялаудың да жөні жоқ, кеш те жариялауға болмайды. Бірақ біз төтенше жағдайды ертелеу жарияладық. Өйткені, ауру таралуына қарсы шұғыл қимылдар жасауға құқық беріледі. Не керек, бұдан былай, әлемде эпидемия туындаған жағдайда көп толғанбай, ерте шекара қымтаудың сабағын түсінсек игі.

Өзімшілдіктің де біраз мысалын аңғардық. Бізде жұрттан гөрі өзін ойлау бұрыннан дамыған қасиет бола-тұғын. Осы жолы вирус басталғанда дамыған туристік елдер бірден шарт буынып-түйінді, шектеді, тоқтатты. Біздің туристік операторлар болса жолдаманың құнын күрт арзандатып, оңды-солды сатты. Халқымыз да акцияны сүйеді, арзанды кім ұнатпасын. Жиғанын жұмсап, сатып алып, шетелге шығып кетті. Туристік саяхат ұйымдары оларды ескертті ме, әлде тек қарақан бас пайдаларын ойлады ма? Шетелге шығушылар қайтып келген соң бала-шағасын, көрші-қолаңын, жұмыстағы әріптестерін, ауылдастарын, жерлестерін вирус жұқтыру қаупіне тіккенін  ойлады ма? Қазірде қаншама қазақстандық әлемнің сан түрлі елдерінде жүр. Әрине, келгесін қаншама зерттеуден, изоляциядан өткізіледі. 8 күндік саяхаттың рахаты, бағасы, өтеуі қандай? Кімнен? Осы бір өзін ғана емес, елге де қауіп төндіру туралы сана-сезім, түйсікті бізге сіңірсе екен мына жағдай.

Жан-жақтан әртүрлі сақтық шаралары күшейтілген сайын, барлық салалар әдеттегі салтынан, дағдысынан, үйреншікті ағымынан айырылып жатыр. Ұшақ-пойыздар қозғалысы шектетіліп, тоқтатылып жатыр. Ірі сауда үйлері жұмысына шектеу жасады. Оқу мәселесі де өзгертілді.

Айтпақшы, оқу.  Еліміз алдымен қабыл-даған шараның бірі – балаларды оқудан каникулға мерзімінен бұрын әрі ұзаққа жіберуі. Бұл қазақтың қанына сіңген - қорғасақ алдымен баланы қорғайық деген ұғымымен сәйкес. Әуелде кинотеатрлар жабылғанда, демалыста қайда жібереміз деп ойланып едік, онымыз қазіргі жағдаймен салыстырғанда түк те уайым емес екен. Қазір студенттер секілді, мектепте де қашықтықтан оқытуға әзірлік қаралып жатқанын білеміз. Егер тәртібі анықталып, реттеліп жатса, сақтыққа келетін дүниенің тәжірибеге енгізілуіне кім қарсы? Ешкім емес.

Одан кейін – төтенше жағдай жарияланғалы жұмысшыларды қашықтықтан жұмыс істеткізу енгізілуде. Расында,  кейбір процестерді қашықтықтан басқарып, атқаруға болады. Қаптаған кеңселік жиналыстар үнемі пайда бермейді, біраз еркіндеу жағдайда қауашақ та жақсы жұмыс істейтін болар. Бірақ бұл тағы, тәртібі анықталып, реттелетін жағдай. Тағы азаматтық жеке санамызға байланысты. Үйде жұмыс істеуді «ұйықтау» деп ұқсақ, жеткен жеріміз сол. Дәл осы жерде жұмыскердің еңбек ету тиімділігін реттейтін шкала, әдіс-тәсіл әзірленіп шығуы ықтимал. Ұйықтауды емес,  ерте тұруды, тынымсыз еңбек, ізденісті  ынталатындыратын жүйе керек. Яғни, алдымен бұған өзіміз, жеке адамдар үйренуіміз керек. Екіншіден, қашықтықтан жұмыс істеу кейбір мамандықтарды, аяққа оралып босқа жүретін, артық жұмысшыларды анықтауы да ғажап емес.

Осы жерде қашықтықтан оқыту мен жұмыс істеудің нәтижесінде отбасылық құндылықтар мәселесі де қайта сараптала бастағандай. Яғни, үйде балалар мен ата-аналардың көбірек бірге болуы, араласуына бір мүмкіндік тууда.  Әдетте, таңертең баласын мектепке асығыс шығарып салып, кешкісін қарсы алып, жөнді сөйлесуден қалған жағдай да біраз тоңын жібіткендей.

Тағы бір жаңалық сауда саласында күтіледі. Үйге жеткізіп беру қызметі таңсық емес, бірақ бізде айтарлықтай дамымаған. Жеткізуге қосымша ақша сұрайды, тағысын тағы, әйтеуір бір ыңғайсыздық жасайды. Ендігі жерде ешкімнің қауіпке бас тігіп, көпшілік орынға барғысы жоқ. Ал аяқ киімді, жиһазды, дәріні сату керек. Тамақты да апарып берсеңіз, өткізесіз. Осындай мәжбүрлік аталмыш жүйені алға бастырады деп ойлаймыз. Бұл да - амалсыз заманауи әдіске ауысамыз деген сөз. Бәлкім, үлкен кісілерге интернет саудасы,  тағы басқа онлайн-қызметтер алу қиын болар. Бірақ негізінен осы жүйеге көшуіміз ықтимал. Ең бастысы, «сөредегі бары осы» деп қабағын керіп қойып отыратын саудагерлер нарықтан ысырылады. Қолжетімділік көбейеді.

Қазір біреулер «расында қажетті тауарлар іріктеледі, қажетсіздер қалады» дейді. Әлі айту ерте, себебі, халық әзірге бірінші кезекте қажеттілерді, яғни тамақты көбірек ойлауда, кейін киім секілді дүниелерсіз тағы болмайтынын ескерейік. Оған дейін саудасы тұрып қалған саудагерлер ойланып бір шешімге келсін. Әкеліп беріп ұсына ма - өздері таңдасын.

Сақтық шараларын сақтау дегенде біздің қоғамның ұғымына ауыр тиіп жатқан дүниелер бар. Мәселен, дұғалық ас беруде кісі саны көп болмасын дейді. Тойға да тыйым. «Ораза-намаз тоқтықта» дейді қазақ. Қазір сақтық жасамаса болмай тұр. Көнуге болар. Бір жағынан ойланып алайық. Біреу қайтыс болса қазір көп адам барады, көбейіп келеді әрі.  Қол беріп амандасу да – тазалыққа сай әрекет пе? Марқұм бір академик ағамыз «қазақ бұлай амандаспаған» деп айтатын, рас болуы мүмкін. Гигиена сақтау осыған тіреліп тұр қазір. Бәлкім, тозығы жеткен салт па осы. Кеуде басып, жалпақ жұртқа ортақ амандасса – әдебі де, мәдениеті сол ма бізге жағатын?

Осы жолы тағы бір түсінгеніміз – бір пәле болса қашатын басқа әлемнің, елдің жоқтығы. Қайта, қауіп сол жақтан келді емес пе? Жердің де жағдайын ойлау керек шығармыз. Мынау болашағымызға зор қауіп деп экономикалық зор шығынды ойламай ТЭЦ-терді қаладан алысқа көшіретін немесе зауыттардың жұмысын зиянсыз етіп өзгертетін ұрпақ өсер.

Айтпақшы, қазір саяхаттаушылар жоқ болған соң теңіздердің жағасы тегіс тыныш дейді. Судың да мөлдірлігі артыпты. Кейбір жерде бұрын жоғалып кеткен гүлдер өсіп шығыпты дейді. Кім білсін, табиғат та бір серпіліп жатыр ма? Апат болған Чернобыль АЭС-інің қалашығында орман өсті деп еді, табиғат өздігінен жаңғырып, тазарып жатыр дегенді меңзеп еді бір ағамыз. Мынау да соған ұқсай ма,  тегі. Сондай бір табиғаттың тәубеге түсіруі ме екен бұл сынақ? Діни ұғымға бармай-ақ қоялық, дегенмен сондай бір жарқын заманға жетерміз. Шүкір, бұдан да аман, бүтін, сау өтерміз!

Ғалымдар әрбір әлемдік індет өркениетті 20-30 жылға кейін шегереді деп болжайды екен. Бұл жолғы дағдарыс басқаша болсын. Біз 20-30 жылға алға дамып кетейік!

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz