Жұма күні ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Қазақстандағы коронавируске қатысты жағдай бойынша онлайн брифинг өткізді. Оның айтуынша, елдегі жағдай тұрақты бақылауға алынған. Құқық қорғау органдарының қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп, көшедегі тәртіпті бақылауда. 26 наурызда коронавирус індетінен қайтыс болған адамның жерлеу рәсіміне қатысты еліміздің бас санитары қаулы шығаратын болады. Шекараның жабылуына байланысты 76 жерлесіміз Үндістанда қалып отыр. Олардың елге оралу жағдайы қарастырылуда. Дәурен Абаев Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында карантин режимі күшейтілген кезде көшеде жүру талаптарын түсіндірді.  Сонымен қатар, министр аталмыш індетті жұқтырудың алғашқы фактілері Атырау және Павлодар облыстарында тіркелгенін айтты.

Министр мәлімдемесінен кейін Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Біржан Досмайылов пен облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Зәмзәгүл Дощанова да «Хабар 24» арнасынан тікелей онлайн режимде брифинг өткізді. Біржан Серікбекұлы 27 наурызда 1988 жылғы өңір тұрғынында  коронавирус инфекциясы анықталғанын айтты.

Ер азамат бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус инфекция-сына шалдыққан адаммен байланысқа түскен. Бекітілген алгоритмге сәйкес, науқас инфекциялық госпитальге жатқызылды. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы қалыпты, дене қызуы тиісті деңгейде. Ол өзін жақсы сезінеді. Бүгінде ер адаммен байланысқа түскен адамдар анықталды. Эпидемияға қарсы шаралар қолданылуда, - деді Б.Досмайылов.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz