Халықаралық Олимпиада комитеті Жапония үкіметімен кездесуден кейін Токио Олимпиадасының уақытын өзгерту туралы шешім қабылдады. Шешім 24 наурызда Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ мен ХОК басшысы Томас Бахтың телефон арқылы сөйлесуінен кейін қабылданды.

Бұған дейін Германия, Норвегия, Испания, Жаңа Зеландия, АҚШ, Франция және басқа елдердің ұлттық олимпиадалық комитеттері Олимпиада ойындарын өткізуді кейінге шегеруге ұсыныс білдірген болатын. Тіпті, Канада Ұлттық Олимпиада комитеті байрақты бәсекеге өз спортшыларын жібермейтінін мәлімдеген еді.

Естеріңізге салсақ, Токио Олимпиадасы 24 шілде мен 9 тамыз аралығында өтеді деп жоспарланған-ды.

Еуропалық футбол қауымдастығы одағы (УЕФА) да 2020 жылғы Еуропа чемпионатын 2021 жылдың жазына ауыстыру туралы шешім қабылдады. Аталған одақтың ресми мәліметіне сүйенсек, турнир 11 маусым – 11 шілде аралығында өткізілмек.

«Еуропа чемпионатының тарихында тұңғыш рет құрлықтық біріншілік ауыстырылып отыр. Турнирдің 60 жыл толу құрметіне 2020 жылдың 12 маусымы мен 12 шілдесі аралығында Еуропаның бірнеше қаласында өтуі тиіс болатын», - делінген ресми парақшада.

 

О.АХМАДИЯ.

saryarka-samaly.kz