- Дінислам Болатханұлы, облыс оқушылары қашықтан оқытуға қаншалықты дайын және үйінде интернеті жоқ шәкірттер мен интернет байланысы нашар шалғайдағы ауыл балаларының мәселесі қалай шешіледі?

- Облыс оқушыларының қашықтан оқытуға дайындығын егжей-тегжейлі зерттеу мақсатында өңірдегі барлық білім беру мекемесінде арнайы жұмыстар жүргізілді. Яғни, әр оқу-шының интернетке қолжетімділігі мен мүмкіндіктерін анықтадық. Нәтижесінде, интернеті жоқ отбасылардың да бар екені белгілі болды. Қазіргі уақытта осындай шаңырақтардағы балалардың мәселесін шешу үшін жергілікті атқарушы органдармен жұмыс жүргізудеміз. Ал шалғайдағы интернет байланысы мүлдем нашар ауылда тұратын оқушылар «Балапан» және «Еларна» телеканалдарынан көрсетілетін онлайн сабақтар арқылы білім алады. Сонымен қатар, біздің тарапымыздан ҚР Білім және ғылым министрлігіне шалғай елді мекендерде орналасқан 5-тен 80-ге дейін ғана оқушысы бар шағын жинақты мектептерде дәстүрлі оқу жүйесін жалғастыра беру туралы ұсыныс жасалды. Себебі, бала саны аз ауыл мектептерінің әр сыныбында ары кетсе 5-6 оқушы ғана оқитындықтан, санитарлық талаптар қатаң сақталады. Сол үшін балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік жасағанымыз жөн. Біздің облысымызда осындай елді мекендер бар екені анықталды. Осы ауылдардың оқушылары үшін дәстүрлі оқу үрдісі жалғасады деп жоспарлануда. Қандай жағдай болса да, облыстағы бірде-бір бала оқудан қол үзбейді. Барлығының ел қатарлы білім алуы үшін қолдан келгенше жағдай жасаймыз.

- Қашықтан оқыту кезінде сабақтар қалай жүргізіледі және шәкірттердің білімін бағалау ісі қалай жүзеге асады?

- Онлайн оқу уақыты әр пән бойынша шамамен 15-30 минутқа дейін созылады деп жоспарлануда. ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен алдағы уақытта нұсқаулық жіберіледі. Сондай-ақ, облыстық білім беру басқармасының Ақпараттық технологиялар орталығы базасында қашықтан оқытуды ұйымдастыру бойынша колл-орталықтың бірыңғай нөмірі (тел. 8 7182 - 650060) жұмыс істейді және басқарма жанынан қашықтан оқыту бойынша жобалық офис құрамы құрылып, бекітілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Айта кетерлігі, қашықтықтан оқыту уақытында оқушылар бұрынғыдай бөлімдік жиынтық бағалау (БЖБ) жұмысын жазбайды. Тек оқу жылының аяғында тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) үшін ғана бақылау жұмысын жазады. Оны онлайн режимінде тапсыратын болады.

- Жаңа оқу жүйесі ұстаздар қауымына қиындық туғызып жатқан жоқ па? Қандай мәселелер бар?

- Ұстаздардың дайындығы жаман емес. Жалпы, өңірдің білім беру саласында цифрландыруға қатысты көп жұмыс атқарылды. Сондықтан павлодарлық мұғалімдерге заманауи технологиялар жақсы таныс. Десе де, орта білім беру жүйесіне қашықтан оқыту технологиясы алғаш рет енгізіліп жатқанына байланысты барлық педагог қашықтықтан оқыту үшін қажетті сандық құралдарды меңгеруде. Осыған орай, педагогтарға әдістемелік тұрғыда көмек көрсетіліп, қосымша нұсқаулықтар, онлайн оқыту кезіндегі жұмыс алгоритмдері, платформаларды пайдалану бойынша оқыту бейнероликтері берілуде.

- Баланың үйінде отырып білім алуы үшін үлкендердің де қолдауы ауадай қажет. Бұл ретте, павлодарлық ата-аналарға айтарыңыз бар ма?

- Әрине, осы жағдайға ата-аналарымыз түсіністік танытып, баласының қауіпсіздігін сақтауға және сапалы білім алуына көмек көрсетуі тиіс. Бұл – әр ата-ананың міндеті. Осы жөнінде ҚР–ның «Неке және отбасы» туралы заңында да айқын жазылған.

Ең дұрысы,  «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, осындай сәтте ұстаздар да, ата-аналар да жұдырықтай жұмылып, балалардың сапалы білім алуы үшін қолдан келгенше қолдау көрсетуден аянбайық! Бұл – болашақ үшін жасап жатқан игі іс екенін ұмытпауымыз керек.

- Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.

saryarka-samaly.kz