Шынтуайтына келсек, бізді ең алдымен Павлодар өңірімен шектес облыстардың жағдайы қызықтырады. Себебі түсінікті. Алыс-беріс, қатынас жиі. Мысалға, вирустық жұқтыру оқиғасы Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстарында пайда болғаны хабарланды. Семей қаласында коронавирус дертінің алғашқы 2 жағдайы расталды. Оқиғаның мән-жайын Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов өзі тарқатып айтып берді. 

Отбасылық жұп 1959 жылы дүниеге келген. Олар 2020 жылдың 21 наурызында елімізге «Шарм-Эль-Шейх–Нұр-Сұлтан» рейсімен оралған. Египетте демалыста болған. Елордадан Семей қаласына өз көлігімен жеткен. Олармен бірге отбасы мүшелері, яғни, тағы 5 адам болған. «Айта кетейін, науқастардың жағдайы тұрақты ауырлығы орташа деңгейде. Қазіргі уақытта бұл адамдар тұратын орындарға дезинфекция жұмыстары жүргізілуде. Құрметті шығысқазақстандықтар, жағдай барлық жауапты қызметтердің бақылауында» делінген www.coronavirus2020.kz сайтындағы мәлімдемеде.

Айта кетейік, бұған дейін Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары 30 наурыз бен  5 сәуір аралығына карантинге жабылған. Бұл ретте, қандай талаптар енгізіліп жатқаны жергілікті тұрғындарға үнемі ескертілуде.

Сондай-ақ басқа да облыстар жұқпалы ауруға қарсы шараларды күшейтуде. Қазақстанның тағы алты қаласы - Атырау, Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Саран және Абай карантинге жабылды.  Ақтауда ерекше жағдай енгізілді. Осылайша, бірден 6  қаланың тұрғындарының үйден шығуына тыйым салынды, тек азық-түлік, дәріхана, банк қызметтері мен жұмысқа баруы үшін көшеге шыға алады. 

Атырау мен Қарағандының егде жастағы (65 жастан жоғары) адамдарына өзін-өзі оқшаулауға кеңес берілді. Сондай-ақ, 30 наурыздан бастап бұл қалаларда халық көп жиналатын орындар, мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар мен басқа да ұйымдар жабылды. Мейрамханалар мен дәмханалардың тек жеткізу қызметі арқылы жұмыс істеуіне рұқсат етіледі.

Айта кетейік, Қарағандыда коронавирустың 7 жағдайы тіркелген. Саран, Шахтинск, Абай және Теміртау карантинге жабылған. Себебі бұл қала тұрғындарының 20 пайызы Қарағандыға жұмысқа және басқа да істер бойынша келеді. «Бұл қалаларда карантин коронавирустың одан әрі таралуына жол бермеу үшін қабылданды», - деп мәлімдеді жергілікті билік.

Ал Ақтауда ерекше жағдай 30 наурыздан бастап енгізілді. Қала бойынша тұрғындардың қозғалысын сағат 19:00-08:00 аралығына шектеу, пәтерден шығуға және қоғамдық орындарда жүруге тыйым салынды.

Енді Қостанай облысындағы уақытша шектеулер мен шаралар туралы айтып өтсек. Әзірге Қостанай облысы коронавирус тіркелмеген облыс болып есептеледі. Өкінішке қарай, іргесіндегі Солтүстік Қазақстан (Петропавл) және Ақмола облыстарында  инфекция жағдайлары тіркелген. Ендігі жерде Қостанай сақтық шараларына кірісуде. 

Қостанай облысының мемлекеттік санитарлық бас дәрігері Владимир Нечитайлоның сөзінше, халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзетілуі күшейтіледі.

Ірі сауда объектілерінің, сауна, қоғамдық моншалардың жұмыс істеуіне шектеу қойылады. Сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және  адамдар көп жиналатын басқа да объектілердің қызметі уақытша тоқтатылады. Сондай-ақ еліміздегі ТЖ кезеңінде Қостанайдан шығатын республикалық және облыстық жолдарда 10 блок-бекет орнатылады.

Жергілікті полиция қызметінің бастығы Құрмет Мәжікеновтің айтуынша, блок-бекеттерде тәртіп сақшыларынан бөлек медицина қызметкерлері кезекшілік атқарады. Сонымен, облыста бүгіннен бастап Ақмола, СҚО, Қарағанды, Ақтөбе облыстарына шығатын жол бағыттарына уақытша шектеу қойылады. Алайда бұл аймақтарға емдеу шаралары үшін жол ашылады. Облыстың аудандары мен қалалары арасында автобус тасымалдау толығымен тоқтатылады. 31 наурызда сағат 22.00-ден бастап 10 өткізу бекетін қоя отырып, Қостанай облысының аумағына кіруге (шығуға) шектеу енгізіледі. Облыстан Ресей Федерациясына шығуға уақытша тыйым салынды. Шектеулер төтенше жағдай кезеңінің соңына дейін, яғни 15 сәуірге дейін ұзартылды.

Ақтөбе облысында да 31 наурыздан бастап жаңа шектеулер енгізіледі. Барлық автокөлік түрлерінің кіріп-шығуына тосқауыл қойылады. Балабақшалар жабылып, әуе рейстері мен пойыздар тоқтатылады. Облыстың бас санитар дәрігері Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, Ақтөбе қаласына және облысына кіріп шығуға барлық автокөлік түрлеріне рұқсат етілмейді. Тек транзитті жүк көліктері мен азық-түлік, дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдар тасымалдаушыларға  шектеу қойылмайды.  Сондай-ақ Ақтөбе облысы тұрғындарының өмір сүруін қамтамасыз ететін өндірістік, ауылшаруашылық кәсіпорындарына арналған өндірістік тауарлар мен материалдардың тасымалына рұқсат беріледі.

Блок-бекеттерде дезинфекция жүргізуге арналған мамандар қызмет көрсетеді.  Шектеу шараларын енгізу уақытында үкіметтік, транзиттік және облыс әкімімен келісілген рейстерден басқа барлық әуе қатынасы тоқтатылады. Барлық теміржол бағыттары тоқтатылады, тек транзиттік қатынас пен соңғы аялдамасы Ақтөбе қаласы немесе Ақтөбе облысы станциясы болып табылатын жүк, жолаушы пойыздары қатынасына рұқсат. Барлық автовокзалдар, мемлекеттік және жеке меншік балабақшалар, ірі сауда үйлері (азық-түлік дүкендері мен дәріханаларынан басқа), санаторийлер, моншалар, шаштараздар, ойын залдары, букмекерлік кеңселер мен балаларды дамыту орталықтары секілді көпшілік жиналатын орындардың қызметі, азық-түлік, мал, автокөлік, киім-кешек, құрылыс базарлары, азық-түлік сату жәрмеңкелері, той салондары, ұялы телефон сату дүкендері тоқтайды. Рұқсат етілген орындардың жұмыс уақыттары шектеліп,  ішінде дезинфекциялық тазалау жұмыстарын жүргізу бақылауға алынады.

Ақтөбе облысы және қаласы тұрғындарына үйлерінен мәжбүрліксіз шығуға шектеу жасалады. Тек ең қажетті азық-түлік және дәрі-дәрмек сатып алуға, медициналық қызмет алуға және жұмысқа баруға болады. Үш адамнан артық топталып жүруге тыйым салынады, тек отбасы мүшелеріне шектеу жоқ. Қоғамдық тамақтану орындарына тек азаматтарға тамақты тапсырыспен апарып беру арқылы жұмыс істеуге болады.

Кеше Ақмола облысы да сағат 19.00-ден бастап карантиндік режим енгізілгенін мәлімдеді.

Қорыта айтқанда, қауіпті індеттің таралуына тосқауыл жасау мақсатында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларымен қатар, облыстардың арнайы штабтары  шұғыл жиындар өткізіп, сақтық шараларын күшейтуде. Алдағы уақытта олардың қатары толыға түсуі де мүмкін.

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz