Облыстық ауыл шаруашылығы басқар-масының бас маманы Байболат Рахымжановтың мәліметінше, биыл 750,4 мың гектарға дәнді дақылдар, 240,8 мың гектарға майлы дақылдар, 19,3 мың гектарға картоп, 7,2 мың гектарға көкөніс, 2,5 мың гектарға бақша дақылдары себіледі. Сондай-ақ, 15,4 мың гектарға зығыр, 5,6 мың гектарға рапс, 7,7 мың гектарға жасымық тұқымы себілмек. 460 мың гектардан (былтырғы көрсеткіш – 320,4 мың га) мал азығы әзірленеді деп жоспарлануда.

- 2016-2021 жылдарға арналған егіс алқаптарын әртараптандыру бойынша жасалған меморандум шеңберінде биыл дәнді дақылдар алқабы 33,6 мың гектарға қысқарды. Есесіне, жарма дақылдарының алқабы 10,6 мың гектарға ұлғайтылады. Сәуір айының 10-нан кейін шаруалар ылғал жабу, жер жырту жұмыстарына кіріседі деп күтілуде. Әрине, барлығы ауа райына байланысты. Ең әуелі көпжылдық шөптер егіледі. Дәнді дақылдарды егу жұмыстары мамырдың 15-нен кейін қолға алынады, - дейді Байболат Рахымжанов.

Тұқым мәселесіне бас ауыртып отырғандар жоқ. Бүгінде диқандардың иелігінде 134,4 мың тонна жаздық егіс тұқымдары сақтаулы. Атап айтсақ, дәнді дақылдар - 89,5 мың тонна, майлы дақылдар - 1,66 мың тонна, картоп - 43,3 мың тонна. Облыстағы элиталық тұқым шаруашылықтары сату мақсатында 18,2 мың тонна жоғары репродукциялы тұқым дайындап үлгерген. Әзірге диқандардан 5,7 мың тонна көлемінде тұқым сатып алуға өтініштер түскен.

Аймақтағы техника паркінің дайындығы 96 пайызды құрап отыр. Жоспар бойынша көктемгі егістікке 182 егіс кешені, тракторлар, тұқым сепкіштер және басқа да ауыл шаруашылығы құралдары жұмылдырылмақ.

Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін павлодарлық диқандарға биыл 19,1 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінген. Әр тоннасы 184 мың теңгеге бағалануда. Бұған сұйық отынды жеткізуші оператордың қызмет бағасын қосыңыз (6 мың теңге). Жанар-жағармайдың 1 литрі шамамен 159 теңгеге тең. Былтыр баға 169 теңгені құраған еді. Шаруа-лар наурыз айында 5 мың тонна, сәуірде 7,5 мың тонна, мамырда 5,5 мың тонна жанар-жағармайды өз базаларына жеткізуі тиіс.

Биыл облыс бойынша өсімдік шаруашылығын қолдауға 3,1 млрд. теңге субсидия бөлінген. Бұл – былтырғы жылмен салыстырғанда 10,7 пайызға артық. Тарқата айтсақ, минералдық тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға 855,5 млн. теңге, зияндылықтың экономикалық шегінен және карантиндік объектілерден жоғары зиянды және аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы өңдеу жүргізуге арналған пестицидтердің, биоагенттердің (энтомофагтардың) құнын субсидиялауға 1438,9 млн. теңге, тұқым шаруашылығын дамытуды қолдауға 828,5 млн. теңге қаражат бағытталған.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы «Агробизнес» және «Кең дала» бағдарламалары шеңберінде көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін 3 млрд. теңгеге 100-ден аса жеңілдетілген несие беру жоспарланған. Әзірге шаруалар тарапынан 79 өтініш түсіп, 1,9 млрд. теңгеге 61 несие үлестіріліпті.

Қазгидрометтің мәліметіне сүйенсек, 2019 жылдың 1 қарашасынан 2020 жылдың 20 наурызына дейін 96 мм жауын-шашын түскен. Былтырғы көрсеткіш – 57 мм. Бұл ретте, Байболат Рахымжанов табиғат-ана тосын мінезін танытпаса, көктемгі егіс жұмыстары жоспарға сай жүргізіледі деп болжап отыр.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz