Қолөнер шебері Қанат Асановтың қолынан шыққан туындылары облыстық, республикалық көрмелерде көпшілікті сүйсіндіріп жүр. Әсіресе, ет салатын астау, қымыз пісетін күбі, ожау, тостаған сынды ұлттық ыдыстар көздің жауын алады. Шебер ұлттық аспап - домбыра жасауды да оқушыларға үйретіп келеді.

Қазіргі уақытта ол Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатында еңбекке баулу пәнінен сабақ береді. Ұстаздық жолда 35 жылға жуық  еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде ұлттық өнерге жақын талай шәкіртті тәрбиелеп шығарған. Жуырда қолөнер шеберімен кездесіп, әңгімелескен болатынбыз. Қанат Асанов  қызмет ететін білім ошағында шебердің қолынан шыққан туындыларға арнайы орын қарастырылғанын атап өткен жөн.

Қанат Асанов - жастайынан жетімдік тауқыметін тартқан тағдырлы адам. Ата-анасынан ерте айырылса да, бойына дарыған өнерді өзіне аманат етіп келеді.

- Сағадат есімді нағашым суретші адам болған екен. Ол кісі де өмірден ерте озды. Атам аңшылыққа жақын болыпты. Осы өнер менің бойыма дарыса керек. 1979 жылдан бастап аң аулауға арналған мылтық ұстаймын, аңшылықты жақсы көремін, - дейді шебер.

Қазіргі уақытта ағаштан жасалған туындыларға сұраныс жоғары. Дегенмен Қанат Асанов тұрғындар бұйымдардың бағасын қымбатсынатынын айтады. Оның өзіндік себебі бар екен.

- Ағаштан жасалған ыдыстарды көрші Қытай мемлекеті де жасап жүр. Бағасы – 20-25 мың теңге көлемінде сатылады. Өйткені, олар туындыны арнайы қондырғы-станокпен жасайды. Біздің ыдыстарымыз үйеңкі ағашынан жасалады. Шикізатты арнайы тапсырыспен сатып аламыз. Екі жылға жуық уақыт кептіреміз. Қазақтың оюымен өрнектейміз, тау арқарының мүсінін де саламыз. Туындыны ертең ұялмайтындай, сапалы етіп істеуді мақсат етемін. Балаларға да осыны үйретіп келемін. Таза ағаштан әрі қолмен жасалғандықтан ас табағының бағасы 120-130 мың теңгеден сатылады, - дейді шебер.

Қанат Асановтың қолынан шыққан туынылардың ішінде Адалбақан ерекше көзге түсті. Шебер оның тұтас ағаштан жасалғанын айтады. Сөзіне сүйенсек, қолы-нан шыққан туындылар осы Адалбақанның ішіне салынады екен.

Қазіргі уақытта шебер уақытының басым бөлігін шәкірттеріне арнайды. Оқушылары облыста өткен «Ұлы дала елі» фестивалі, республикалық «Алтын қазына» көрмесіне белсенді қатысқан. Ардақты ұстаз сынып сағаттары мен шеберлік сағаттарына да жиі шақырту алады. Бүгінде Азат Ақаш, Елжан Жұмаш, Ренат Әлкеев сынды шәкірттері қолөнер бәйгелерінде топ жарып жүр. Қанат Асановтың өзі де білім саласында талай жетістіктерге жетіп, жоғары марапатқа ие болған.

Ұлттық өнерді дәріптеп, ағаштан түйін түйген шебердің ісіне береке тілейміз.

saryarka-samaly.kz