Осы сенбіде өткізілген жәрмеңкеде тұтынушылардың қатары қалың екенін ескерген қала билігі сақтық шараларын қамтамасыз ету мақсатында осындай қадамға барып отыр.

Павлодар қаласы әкімінің ресми сайтында: «Құрметті павлодарлықтар! Көпшілігіңіз қазіргідей эмидемиологиялық жағдайда жәрмеңке өткізудің қаншалықты қауіпті екенін біліп отырсыздар. Өңірде санитарлық шаралар күшейтіліп, қатаң эпидемиологиялық талаптар қойылып отыр, сатушыларға медициналық маскалар таратылуда, жәрмеңкенің жұмыс уақыты да қысқартылған еді. Енді біз жәрмеңкенің жұмысын мүлдем тоқтаттық. Қазір өнім өндірушілерден әлеуметтік дүкендерге тікелей азық жеткізу жөнінде шешім қабылданды. Жеткізілетін уақыты туралы қосымша тағы хабарлайтын боламыз», - деген хабарлама пайда болды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Татьяна Нагуланың мәліметінше, өткен сенбідегі жәрмеңкеде Павлодар, Ақсу қалаларымен қатар, Баянауыл, Шарбақты, Тереңкөл, Успен және Павлодар аудандарының кәсіпкерлері төбе көрсеткен.

- Баянауылдықтар әдеттегідей сиыр және жылқы етін молынан әкелсе, Шарбақты ауданынан 20 мың дана жұмыртқа жеткізілді. Тереңкөл және Успен аудандарынан сүт, Павлодар ауданынан картоп пен көкөніс әкелінді. Төтенше жағдайға байланысты сатушылар медициналық бетперде мен қолғаппен «қаруланды». Азық-түлік өнімдері нарықтағы бағадан 20-30 пайызға арзан бағаға сатылды, - дейді Т.Нагула.

Тұрғындар бұдан былай қажетті азық-түлік тауарларын әлеуметтік дүкендерден қолжетімді бағаға сатып ала алады.

saryarka-samaly.kz