- Еркінбек  Мұқатайұлы, осы оқу жылында ҰБТ неше рет өтеді деп жоспарлануда?

- Әдеттегідей, ұлттық бірыңғай тестілеу науқаны биыл да 4 рет өткізіледі деп жоспарланған. Осы жылдың қаңтар айында алғашқы тестілеу шарасы ойдағыдай өтті. Оған облыс бойынша 2 494 талапкер қатысты. Бұл жолғы тестілеуге қатысушылар жоғары оқу орындарында ақылы түрде оқуы үшін ғана білімдерін сынап көрді. Оларға мемлекеттік білім гранты тағайындалмайды. Енді санаулы күннен кейін, яғни, наурыз айының соңында елімізде тестілеудің екінші кезеңі өткізілуі тиіс еді. Алайда, күллі әлемді алаңдатқан коронавирус инфекциясына қарсы сақтық шараларын күшейтуге байланысты елімізде бұл жолы өткізілетін ҰБТ мен сәуір айына жоспарланған 9-сынып оқушыларына арналған оқу жетістігін сырттай бағалау (ОЖСБ/ВОУД) емтиханының мерзімі өзгеруі ықтимал. Егер қандайда бір өзгерістер болатын болса, алдын ала тұрғындарға хабарланады. Сонымен қатар, ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының ресми сайтында жарияланатын болады. Сондықтан ата-аналар мен түлектердің орынсыз алаңдамағаны жөн. Ал тестілеудің үшінші кезеңі маусым-шілде айында өткізіледі. Осы сынаққа мемлекеттік білім грантына үміткер талапкерлер ғана қатысады. Жоғары ұпай жинаған түлектер конкурс негізінде өз білімдерімен отандық жоғары оқу орындарында тегін оқуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, тамыз айында ақылы түрде тестілеудің төртінші кезеңі өтеді.

- Тестілеу жүйесінде қандай жаңалықтар, өзгерістер бар?

- ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасына сәйкес биыл тест сұрақтарының 40 пайызы жаңартылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, тестілеу барысында тәртіп бұзған азаматтарға деген талап күшейтіледі. Яғни, бұған дейін де сан мәрте ескерткеніміздей, тестілеуге тыйым салынған заттарды әкелуге мүлдем болмайды. Кімде-кім бұл тәртіпке бағынбаса, тестілеуге қатыспайды. Мәселен, былтыр тамыз айында магистратураға түсушілерге қатаң талап қойылып, емтиханға тыйым салынған заттарды әкелген азаматтар тестілеуге қатыса алмай қалған болатын. Биыл қаңтар айында да ақылы түрде тест тапсырған талапкерлердің ішіндегі тәртіп бұзғандары сыннан шеттетілді. Сондықтан алдымызда тестілеудің ең үлкен кезеңі келе жатыр. Осы сынаққа қатысушылар өз білімдеріне ғана сеніп, тестілеудің әділ өтуіне қолдау көрсетулері керек. Сол арқылы жастар да сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға үлестерін қоса алады.

Өкінішке қарай, бұрын неше түрлі жайсыз оқиғалар орын алды. Соның кесірінен оқу үлгерімі нашар балалар кездейсоқ білім грантын ұтып алып, әзер дегенде жоғары оқу орнын бітіріп шықты. Бірақ кейін ондайлардан мықты маман шыққанына күмәніміз бар. Ал керісінше нағыз тәрбиелі, әділдікті жақтайтын балалар тасада қалып қойды. Осындай жаман әдеттерді болдырмау үшін алдымен ата-аналар мен мұғалімдер түсіністік танытып, ұл-қыздарына тура жолды көрсетулері керек.

Айта кетерлігі, ұлттық бірыңғай тестілеу науқанына қатысты әзірге қандайда бір өзгерістердің болатыны жайлы ақпарат келіп түскен жоқ. Маусым-шілде айына жоспарланған тестілеу шарасы біздің облысымызда бұрынғыдай 10 пунктте өткізіледі.

- Биылғы талапкерлер ҰБТ-ны элекронды түрде тапсыруы мүмкін бе?

- Әзірге ұлттық бірыңғай тестілеуді электронды түрде тапсыру жүйесіне көшкен жоқпыз. Бірақ, болашақта осы тәсіл енуі мүмкін. Егер қазіргі жағдайға байланысты аяқ астынан мұндай өзгерістер орын алатын болса, міндетті түрде алдын ала көпшілікке хабарланады. Түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сол себепті талапкерлеріміз ештеңеге де алаңдамай, ескі тәртіп бойынша тапсыруға дайындала бергені жөн. Десе де, болашақта тестілеу шарасын электронды түрде өткізу жоспарда бар. Негізінен, компьютерлік тестілеуге тәжірибе жасап көргенбіз. Яғни, қаладағы техникалық базасы талапқа сай мектептерде оқу жетістігін сырттай бағалау (ОЖСБ/ВОУД) емтиханын электронды түрде өткізіп жүрміз.

- Ақылы түрде тест тапсырушыларға қандай талап қойылады?

- ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасына сәйкес жоғары білімді ақылы түрде алғысы келетіндер де алдымен өз білімдерін дәлелдеуі керек. Егер олар тестілеуден шекті балл ала алмаса, оқуға қабылданбайды. Сондай-ақ, тестілеуді ақылы тапсырушылар мемлекеттік білім грантына үміткер бола алмайды. Олар бірінші сынақтан төмен балл алса, кейін тағы да ақылы тапсыра берулеріне құқығы бар. 

- Соңғы жылдары көптеген қазақстандық түлек шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарына түсуде. Сіздіңше, бұл жағдайдың ҰБТ-ға қатысы бар ма?

- Әрине, жастарымыздың өз еліміздегі жоғары оқу орындарында білім алғаны жөн деп ойлаймын. Себебі, қазір қазақстандық оқу орындарының шетелдік университеттерден еш кемшілігі жоқ. Алайда ұлттық бірыңғай тестілеу заңдылығы тек отандық жоғары оқу орындарына ғана қатысты. Сол себепті жеңіл жол іздеп, шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарына түсіп жатқандар баршылық. Бірақ, соңғы уақытта елімізде шетелдік университеттердің саны бар, сапасы жоқ филиалдары көбейіп кетті. Бұл мәселемен ҚР Білім және ғылым министрлігінің жанынан құрылған арнайы комитет айналысуда. Менің пікірімше, қыз-жігіттеріміз сапалы білім алып, жақсы маман иесі атанып, өз елінің париоты болғысы келсе, отандық жоғары оқу орындарын таңдағаны дұрыс. 

- Әңгімеңізге рақмет!

Қандай құжаттар қажет? 

Мектеп бітірушілер тестілеуге қатысу үшін ҰБТ өткізу пунктіне мынандай құжаттарды тапсыруы тиіс:

• Өтініш;

• 3x4 см көлеміндегі екі фотосурет;

• жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (16 жасқа толмаған болса, туу туралы куәлігінің көшірмесі қажет);

• туу туралы куәлігімен тіркелетін жастар үшін өзі білім алатын орта білім беру ұйымының анықтамасы (2 дана);

• Өтініштерді қағаз түрінде де, электронды форматта да беруге болады. Бірақ бұл құжат ҰБТ өтетін пункттер арқылы өтуі тиіс.

Тест кезінде тыйым салынатын заттар:

• ұялы телефон;

• калькулятор;

• фотоаппарат;

• планшет;

• ноутбук;

• ақпарат беретін материалдар мен анықтамалар,

• шпаргалка;

• шимай дәптер.

Тест кезінде не істеуге болмайды?

• сөйлесуге;

• орнынан тұрып кетуге;

• жүруге;

• аудиториядан рұқсатсыз шығуға;

• орын ауыстыруға;

• кез келген материалмен алмасуға;

• кітапшаны ауыстыруға;

• көшіруге;

• алдын ала берілген тест жауаптарын пайдалануға болмайды.

 

Н.АҚЫТЕГІ.

saryarka-samaly.kz