«Каустик» АҚ өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Владимир Рагулиннің айтуынша, бұл дезинфекциялық өнім барлық сараптамадан өткен әрі вирусқа қарсы мықты «қару» екені дәлелденген.

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, сырқаттарды бақылау жөніндегі Еуропа орталығы хлорлы концентратты тиімді әрі қолжетімді дезинфектант ретінде ұсынды. Ол вирусты екі минутқа дейінгі экспозиция мен 0,1 пайыз концентрация кезінде жоюға қауқарлы. Өнімнің сертификаты, тиісті рұқсаттық құжаттары бар әрі тиімділігі мен қауіпсіздігі расталған, - дейді В.Рагулин.

Бірақ бұл препарат еркін саудада жоқ, яғни кез келген тұтынушыға сатылмайды. Тек ірі кәсіпорындар мен мекемелерге темір жол цистерналарымен көп көлемде жеткізіледі. Кейін бұл компаниялар аталмыш концентраттан дезинфекциялық құралдар дайындап, тұрғындардың пайдалануына ыңғайлы болуы үшін кішігірім ыдыстарға құйып, сатылымға шығарады. Сонымен қатар, натрий гипохлоритімен әкімдіктерді, ірі мекемелерді тікелей қамтамасыз етеді.

Бұл ретте атап өтерлігі, таяуда «Каустик» компаниясы Алматы қаласына 250 тонна хлорлы концентратты тегін жөнелтті. Ал Павлодар қаласын дезинфекциялау үшін 60 тонна препарат дайындалды.

- Бүгінде өндірістің жоғары қуаттылығы тәулігіне 52 тоннаға жетіп отыр. Одан бөлек, республиканың барлық сұранысын өтеу үшін бос тұрған қуаттылықты қоса аламыз. Яғни, жылына 3 мың тоннаға дейін препарат шығаратын қауқарымыз бар, - дейді бөлім басшысы.

Ғимараттарға, подъездерге дезинфекция жасау үшін хлорлы концентраттың 180 грамын 1 литр суға араластыру қажет. Не болмаса 10 литрлік ыдысқа 2 стақан препарат құйып, өңдеу жұмыстарын жүргізуге болады.

Айта кетелік, дезинфекциялық құралдың 0,1 пайыздық концентрациясы балалар, үй жануарлары мен құстарға қауіпті емес.

 

Өз тілшіміз.

saryarka-samaly.kz