Соңғы бірнеше жылдың ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген тарихи орындар ашылып, белгі қойылды. Әрбір ауданда сакралды орындардың картасы әзірленіп, тарихи нысандардың тізімі жасалды. Солардың қатарында Аққулы ауданына қарасты Шоқтал ауылдық округі аумағындағы «Сары бәйбіше» зираты да бар. Сол өңірдің жанашырлары аталған тарихи тұлғаның жатқан жерін туристік орынға айналдыру мақсатында кешенді жұмыстарды қолға алған. Рет-ретімен баяндар болсақ, алдымен марқұмның басына белгітас орнатылды. Одан кейін «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты республикалық мемлекеттік мекемесінің қолдау-ымен зират маңына тазалық жұмысы жүргізілді. Сонымен қатар, зиярат етіп келушілерге ыңғайлы болу үшін зират басына дейін жаяу жүргіншілер жолын салып, асфальт-тады. Бұдан соң келушілерге арналған орындықтар мен тапшандар орнатылған еді.

Осы жобаның басы-қасында жүргендердің бірі – Сары бәйбішенің тікелей ұрпағы Бауыржан Тәшімов. Оның сөзінше, былтырғы жылы жалпы үлкендігі 6-11 шаршы метрді құрайтын қонақ үй салынған. Ауласына құдық қазылып, арнайы дәрет алатын орын тұрғызылды. Алдағы уақытта Бәйімбет-Шоқтал ауылдары арасындағы электр желісі арқылы жарықпен қамтамасыз ету көзделуде. Қонақ үйдің ішіне асхана және тамақ пісіретін орындар қарастырылған. Болашақта қонақ үйдің ішіне шағын өлкетану музейін құрамыз деп отыр. Онда сол өңірде туып-өскен тарихи тұлғалар, ел басқарған беделді адамдар, соғыс ардагерлері және елге еңбегі сіңген білім-ғылым, өнер майталмандары туралы мәліметтер сақталады. Осы ретте Бауыржан аға тағы бір қызықты мәліметтің бетін ашты. Сары бәйбішенің осыдан үш ғасыр бұрын ұстаған жауырыны әлі сақтаулы екен. Ертеректе Шалдай маңындағы Шошқалы ауылында тұрған Есберді руынан тараған Балтабек, Көшер есімді ағайынды адамдардың қолында болған. Оларға да өздерінен бұрынғы ата-бабалары жеткізген секілді. Кейін ол ауыл Ақмола өңіріне қоныс аударыпты, бүгінде үлкендерінің барлығы өмірден өткен. Дегенмен, киелі жауырынды ешкім қараусыз қалдырмапты. Сол Ақмола облысында тұратын ұрпақтарының үйінде әлі сақтаулы екен. Қонақ үй кешенінің құрылысы аяқталып, музей ашылған кезде алып келеміз дегенді айтыпты.

- Сары бәйбіше-18-ші ғасырда өмір сүрген адам. Бір бойында ел таңғалар бірнеше қасиеті болған. Бақсы, көріпкел әрі емші. Елдің жайы мен болашағына қойдың жауырыны арқылы болжам жасап, дөп басып айтып отырған екен. Ондай адамды қазақ жауырыншы деп атаған. Сары бәйбішенің есімі ел аузында көріпкелдігімен ғана емес, дүйім жұртты аузына қарата білген шешендігімен және батырлығымен есте қалды. Ол өз заманындағы басқа әйелдер секілді отбасында отырған жоқ, ат үстінде жүріп, ел басқару ісіне араласқан кісі, - дейді Бауыржан Тәшімов.

Сары бәйбішенің басшылығымен жоңғар-қалмақ шапқыншылығы кезінде Уақ, Жансары рулары Көкшетау өңірін мекендеп тұрған жерінен Ерейментау асып, Баянауылға көшіп келген. Кейінірек Баянауылдан қайта жылжып, Ертістің оң жағалауындағы қалың орман ішіне қоныстанады. Бұл – қазіргі Бәйімбет алаңы. Содан бастап осы аумақта Құлатай, Тайбағар, Белгібай, Бәйімбет, Тәті, Кеңқуыс, Бақатерек, Аткескен, Барғана, Тасболат, Көктерек, Шақа, Тоғызқұдық, Қызылағаш сынды ауылдар пайда болыпты.

Ұрпақтары мен ауыл тұрғын- дарының ендігі мақсаты – марқұмның басына зәулім кесене орнату. Тарихи нысанның эскизі жасалып, жобалық-сметалық құжаттары да әзірленген. Жоба бойынша шамамен 5 млн. теңге қажет. Бірақ, аталмыш үлкен іске деген арман көп болғанымен дәрмен аздау секілді. Яғни, қаражат мәселесі қолбайлау болып отыр. Сондықтан Ертіс-Баян өңіріндегі қалтасы қалың және қолы ашық азаматтардан көмек сұрайды. Осы мақсатта Аққулы ауданы әкімдігінің қолдауымен «Туған жерім – Аққулы» атты қоғамдық қор құрылған. Қазір жауапты азаматтар аталған сауапты іске демеуші тарту жұмыстарымен айналысуда.

Жалпы, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша облыстың сакралды орындар тізіміне Аққулы ауданынан 9 нысан енген. Олар - сынықшы, емші Мерғалым ата бейіті, Сары бәйбіше бейіті, Базылғазы тасы ескерткіші, Әбубәкір хазірет бейіті, Ғибадолла Ғабдізәкірұлы бейіті, Тұзқала көлі, Малыбай көлі, Бөрлі көл және Аққулы ауылынан 5-6 шақырым жерде орналасқан Қамқалы көлі (кезінде аққулар мекендеген).

 

«Туған жерім – Аққулы» қоғамдық қорының реквизиті:

«Қазақстан Халық Банкі» АҚ

Жеке идентификациялық нөмірі: KZ736010241000055614

Тел: 87715593617.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz