Қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Рашитовтің айтуынша, күн сайын шамамен 30-дан аса үй дезинфекциялануда.

- Пәтер иелері кооперативі қызметінің өкілдерін бұл іске міндеттей алмаймыз. Дезинфекциялау жұмыстарының да өзіндік қаупі бар. Бұл ретте, белсенділік танытып жатқан ПИК қызметкерлерінің табандылығын атап өткен жөн. Тұрғындар да қол ұшын созуда. «Каустик» ЖШС-нен алынған натрий гипохлориді №1 автобус паркі базасында үлестірілуде. Әр литрін 100 теңгеден сатып алуға болады. 1 подъезді залалсыздандыруға шамамен 5 литр сұйықтық қажет, - дейді Н.Рашитов.

Пәтер иелері кооперативі қызметінің өкілдері дезинфекциялау жұмыстары кезінде киетін арнайы киім пен қажетті қондырғыларды өз қаражатына сатып алуда. Сұйықтық дәрі сатып алу үшін тұрғындардан ақша жиналып жатқан көрінеді. Қаражат жинауда қиындыққа тап болғандарға аз мөлшерде натрий гипохлориді үлестірілуде. ПИК қызметіне жүгінбейтін үй тұрғындары да барынша белсенділік танытуда.

«Вера» пәтер иелері кооперативінің басшысы Евгения Шквирдің айтуынша, дезинфекциялау жұмыстары таңғы сағат 6-дан бастап кешке дейін жүргізіледі.

- Кооператив құрамындағы 20-ға жуық қызметкер күн сайын залалсыздандыру шараларын атқаруда. Үй тұрғындары да барынша көмек көрсетуде. Айтпағым, сақтық жұмыстары өзіміз үшін қажет. Сондықтан да, бей-жай отырған тұрғындарды үйден шықпауға, санитарлық талаптарды сақтауға шақырамын, - дейді Е.Шквир.

Бүгінде облыс орталығында 1290 көпқабатты тұрғын үй бар. Сәуір айының ортасына дейін барлық үйлерді залалсыздандыру көзделген.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz