Еліміздің бас дәрігерінің сөзіне сүйенсек, коронавирусқа қатысты болжам жасау өте қиын, себебі ол көптеген факторға байланысты. Ең бастысы – карантин шараларын қатаң сақтау керек. Коронавируспен ауырған адам оны тағы 3-4 адамға жұқтыруы мүмкін, сол себепті теориялық тұрғыда халықтың басым бөлігі ауру жұқтыруы ықтимал. Бірақ қабылдаған карантин шарасы бұл қауіпті 50 пайызға азайтқан. Жалпы алғанда наурыз, сәуір, мамыр айларында елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 3500-ден аспайды деген үмітте.

- Біз осы болжам негізінде шешім қабылдаймыз, яғни осыншама адамға арналған төсек-орын дайындалды. Қосымша тағы бар. Осы санға сәйкес дәрі-дәрмек дайын тұрады. Сәуір айында эпидемияның шарықтау шегінен өтеміз. Кейін инфекция тасымалдау-шылар санын азайту мақсатында карантин шараларын жалғастыра береміз, - деді Елжан Біртанов.

Еліміздің бас дәрігері карантин шараларын сақтау маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, инфекцияның таралуын тоқтату мақсатында облыстық және қалалық деңгейде карантин жариялануы мүмкін екенін айтты.

- Карантин жағдайында тек шетелдік азаматтар ғана сыртқа шыға алады және өзіміздің елдің азаматтары ғана елге кіре алады. Шетел азаматтары елге кіре алмайды. Әр өңірдің эпидемиологиялық жағдайына байланысты әкімдер шешім қабылдайды. Қазіргі заңнама бойынша, бұл шешімді облыстың не ауданның бас санитар дәрігері жария-лайды. Карантиндік шаралардың негізгі мақсаты – инфекцияның таралуын жою. Бұл инфекция ел арасында әлеуметтік қарым-қатынас негізінде тарайды. Біз туыстармен, басқа да адамдармен жұмыс бойынша, әртүрлі себептер бойынша араласамыз. Соны тезірек тоқтатсақ, инфекция да тоқтайды. Көбінесе бұл аурудан екі апта ішінде емделіп шығып жатыр. Осы жағдайда емделетін деңгейіміз ауыратын деңгейден озады. Сол себепті де облыстық деңгейде, қалалық деңгейде карантин болуы мүмкін. Қала ішінде тұрғын үй, аурухана, жатақханада карантин енгізуіміз мүмкін, өйткені инфекция табылып, көп адам ауырса, олар сол жерден шықпай, емделуі тиіс, - деді Е.Біртанов.

Елімізде ауру жұқтырудың ең жоғары көрсеткіші 28 наурызда тіркелген. Бір күнде 70 адам кеселді жұқтырды, 29 наурызда 56 адам коронавируске шалдықты. Соңғы бес күннің ішінде өсім көрсеткіші тәулігіне 30 пайызды құраған.

 

А.АСҚАРҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz