Облыс әкімінің бірінші орынбасары Сұңғат Есімханов онлайн-брифинг барысында 1 сәуірден бастап енгізілген қатаң күшейту шараларының жүргізілу барысымен, алдағы уақытта қолға алынатын істермен бөлісті.

Қазіргі уақытта облыстың төрт бағытында арнайы блок бекеттер қойылып, жүріп-тұру шектелгені белгілі. Сұңғат Есімхановтың айтуынша, блок посттар қойылған соң облысқа 327 жүк және жеңіл көлік кіріп, 215-і шыққан.

- 1 сәуір күні біздің аймақтың аумағына 514 адам кіріп, 306 азамат шықты. Облысқа келген азаматтардың барлығын медицина мамандары сол жерде тексереді. Ал келушілер сауалнама толтырады. Бір көлікке қызмет көрсетуге шамамен 10 минут жұмсалады. Осы уақытқа дейін бекеттен өткен вирус белгілері бар азаматтар болған жоқ, - деді С.Есімханов.

Ал полиция қызметкерлері рейдтік шаралар жүргізуде. Соның нәтижесінде бір күнде таңғы сағат 6.00-8.00 аралығында Орталық жағалауда 16 адамның, түс уақытында Орталық жағалауда 70, Усолка ауданында 30 тұрғынның, кешке жағажай маңында 80, ал Усолкада 59 павлодарлықтың серуендеп жүргені анықталды. Құқық қорғау өкілдері оларға үйден шықпауға кеңес берді. Ал 22.00-ден кейін Ертіс өзенінің жағалауында демалушылар болған жоқ. Сұңғат Қуатұлы бұл адамдардың саналылығын, жағдайды түсінгенін көрсетеді деп пайымдайды.

Бұл ретте Сұңғат Есімханов тұрғындардың қауіпсіздігі үшін облыстағы көпқабатты үйлердің подъездерін дезинфекциялау шаралары жүргізіліп жатқанын айтты. Бүгінде Екібастұзда баспаналардың 55 пайызы, Ақсу қаласында 65 пайызы және Павлодарда 40 пайызы өңделді. Мұндай шаралардың барлығы пәтер иелері кооперативтерінің есебінен жүргізіледі. Бұл мақсатқа мемлекеттік қазынадан қосымша қаржы бөлінбейді.

- Өкінішке қарай, кейбір пәтер иелері кооперативтерінің басшылығы тек бірінші қабатты дезинфекциялаған көрінеді. Бұл – дұрыс емес. ПИК қызметкерлері әр қабатты өңдеуі тиіс. Егер кооператив өкілдерінің бұл талапқа немқұрайлы қарағандарын байқасаңыздар, 109 бірыңғай байланыс орталығына хабарласуларыңызды сұраймыз, - деді тұрғындарға С.Есімханов.

Ал қала көшелерінде дезинфекциялық жұмыстарды жүргізуге Семей қаласындағы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының сарбаздары көмектеспек. 220 адам мен арнайы техникалар облыс орталығындағы алты секторды өңдеуге қатысады. Бұған дейін осы қызметті атқарған қалалық коммуналдық кәсіпорын мамандары тұрғын үйлерді дезинфекциялауға көшеді. Айта кетелік, көпқабатты баспаналарды өңдеу – бірреттік шара емес. Ол цикл ретінде қайталанып отырады. Ал спорттық, балалар ойыны алаңы күніне 1 рет тазаланады. Сұңғат Есімханов өңдеу жұмыстары кезінде және ол аяқталған соң тұрғындарға үйден шықпай, күту керек екенін еске салды.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz