Кеше облыс әкімінің орынбасары Асайын Байханов онлайн брифинг өткізді. Оның айтуынша, бүгінде негізгі азық-түлік тауарларының 19 түрі бойынша күнделікті мониторинг жасалуда. Бір-екі дүкенде макарон өнімдері шектен тыс жоғары бағамен сатылғаны туралы жайттар кездескенімен, жалпы баға мәселесінде жағдай тұрақты.

- Азық-түліктің 16 түрі өзімізде өндіріледі. Қант Алматы және Жамбыл облыстарынан жеткізіледі. Сондай-ақ, күріш пен тұз да сырттан әкелінеді. Күнбағыс майы еліміз бойынша Шығыс Қазақстан облысында ғана өндірілетінін ескерсек, қазір онда кезек қалың. Қордағы өнімдер сұранысқа сай, облыс аумағындағы әлеуметтік дүкендерге жөнелтіледі. Бүгінде аудандардан көбіне қантқа сұраныс көп. Осыдан екі жыл бұрын аймағымызда 100-ден аса әлеуметтік дүкен тіркелсе, қазір олардың саны 196-ға жетті. Жыл соңына дейін 300-ге дейін көбейту көзделуде. Қорға сатып алынған өнім сол бағамен дүкендерге жеткізіледі. Келісімшартқа сәйкес, дүкен иелері үстемені 10 пайыздан асырмауы тиіс, - дейді А.Байханов.

Төтенше жағдай кезінде кейбір тауарлардың бағасы аспандап кеткені рас. Асайын Байхановтың сөзінше, осы уақытқа дейін бағаның өсуі бойынша тұрғындардан 1800 шағым түскен. Оның әрқайсысы қаралып, тиісті шаралар қолданылды. Десе де, әкімдік негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасын ғана реттей алады. Керісінше, кейбір өнім бағасының арзандағаны байқалады. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда сиыр еті төмен бағамен саудалануда.

Бүгінде әкімдік тарапынан кәсіпкерлердің өнімі делдалсыз, тікелей әлеуметтік дүкендерге жеткізілуі бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып жатқан көрінеді. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне уақытша шектеу қойылса да, өнімдерді әлеуметтік дүкендерде сату мәселесі жүйелі қолға алынған.

- Картоп пен сәбіз бағасының өсуі заңдылық. Ауа райына байланысты шаруалар оны қорда ұзақ уақыт сақтай алмайды. Облыста 20 мың тонна картоп болған еді. Оның 15 мың тоннасы Нұр-Сұлтан, Алматы және басқа да өңірлерге жөнелтілді. Өзімізге де жеткілікті, - дейді А.Байханов.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz